Жаңалықтар

Сары нөмірді беру мерзімі ұзарды

Үкімет Армениядан келген көліктерді тіркеу мерзімін ұзарту жөнінде қаулы шығарды. ҚР ІІМ хабарлағандай, тіркеу мерзімі тағы бір жылға ұзарды. Яғни, 2022 жылдың 1 наурызына дейін сары нөмір беріледі. Бұл шешім көлік иелері екі елге салық төлеп, шығындалмас үшін жасалып отыр. Алдағы уақытта Үкімет аталған мәселе аясында тиісті шаралар қабылдайтын болады.

– Қазір тіркеу талабына сай келетін 20 мыңнан астам көлік уақытша есепке қойылды. Ал, мыңнан астам көлік иесіне темір тұлпарын тіркеуге, не елден шығаруға кедергі болған бірнеше себеп бар. Нақтырақ айтсақ, індеттің өршуіне байланысты шекараның жабылуы мен карантин шараларының ұзаққа созылуы көліктерді Арменияға қайта жеткізуге мүмкіндік бермеді, – дейді ІІМ баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, кейбір көлік иелері аккредиттелген зертханалардың барлық өңірде болмауына байланысты қайта жабдықталған автокөліктерді уақытылы сынақтан өткізе алмаған.

ІІМ өкілдері атап өткендей, басқа көлік иелері «қаржы пирамидасына» қатысты қылмыстық іс жүріп жатқандықтан (автокөлік ломбард пен шағын несие ұйымдарында кепілде тұр) темір тұлпарын пайдалана алмай жүр.

Тағы бір дау тудырып тұрған мәселе – Армения көлігін тізгіндегендер екі елге салық төлеудің сәл алдында тұр. Осы мәселеге қатысты қазақстандық жүргізушілер оң шешім шығатынын күткенмен, әлі бұған ресми жауап жоқ. ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті мамандарының айтуынша, Армения тарапына екі рет жүгінген. Бірақ, олардан хабар келмепті.

Бастапқыда келіссөз кезінде Армения премьер-министрі осы мәселені реттеуге ауызша сөз беріпті. Бірақ, Әзірбайжанмен болған жанжал салдарынан іс ұзаққа созылып кеткені бар. Сары нөмір беру мерзімінің ұзаруынан осы мәселенің оң шешімін табатынынан үміт күтуге болады.

Ал, ресейлік нөмірдегі көліктердің жаппай сатылымға шығуы олар да армениялық темір тұлпарлардың күйін кешеді деген сыбысқа желеу болып отыр. Бұл жайлы ресми мәлімдеме жасалған жоқ. 2020 жылы желтоқсанда Kolesa.kz редакциясының сауалына жауап берген ІІМ Ресейде есепте тұрған көлікті Қазақстанда тіркеу жоспарда жоқ екенін жеткізіпті.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button