Сары күздің соңындағы салтанат
Жыл сайын елімізде күз мезгілінің үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылық қызметкерлер күні аталып өтіледі. Бұл мерекенің сары күздің соңғы күніне қойылуы да тектен-тек емес. Өйткені жыл бойына еңбекпен табылған жемістің қорытындысы көрсетіліп, еңбек адамдарының да жұмыстары бағаланады. Олардың мерейлері тасып, еңбекке деген ынтасы артып, құлшыныс көбейеді, әрі өзгелерге үлгі болады.
Осы орайда Қарақұдық ауылдық клубында мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» атты кездесу кеш өтті. Алғашқы құттықтау сөз ауыл әкімі Б.Жұмағұловқа беріліп, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының дамуына, ауданның экономикалық және әлеуметтік саласының өркендеуіне үлес қосқан бір топ азаматтарға атаулы күнге орай Алғыс хаттар табыс етті.
Сонымен қатар, жиналған енбеккерлер мен жоғарғы сынып оқушылары арасында «Білгенге маржан» ойыны ойнатылды. Барлық қатысушыларға мәдениет қызметкерлерінің атынан сыйлықтар табысталды.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы.
Ortalyq.kz