«Сары бел, сағым ұшқан сайран далам…»
Ғалым Жайлыбай – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Өз буынында көш бастап жүрген кең тынысты, сыршыл ақын. Ғалым ақынның өлеңдері мен поэмалары топтастырылған «Ай таңбалы Арғымақ» кітабына 2022 жылы Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Академик Серік Қирабаев ақын шығармашылығына: «…Ғалымның ақындық өнердегі жаңашылдығы – тілінде, оның бейнелік сипатында, суреткерлігінде» деп баға береді. Шайырдың өзі жырлағандай «Көктемнің жазға қарай қашқан» тұсында аталған кітаптан өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Мархабат, ардақты оқырман!
РЕДАКЦИЯДАН.

Жылқышының баласы…
Байтал-бұлттың құлын-қыр төсін еміп,
Керуеннің Арқаға көші келіп;
Пұшпағында Бетпақтың біздің ауыл
Жататұғын кез еді өсіп-өніп.
Қай жыл еді, есте жоқ, қай күн еді?
Жұлдыз жанып, аспаннан Ай күледі.
Түн түндігін тілгілеп қамшысымен,
Жылқышының баласы тай мінеді.
Сол ауылдың жаны – жаз, күлкісі – күн,
Қайтар кезі жақындап жыл құсының.
Айкүреңі атағын әйгілеген,
Тай мінеді баласы жылқышының.
Көз алдымда көлбесе жусанды қыр,
Буырқанып көңілім, бусанды іңір.
Жылқышының баласы тай мінгенде,
Жеткізбейтін сағымдай қусаң ғұмыр.
Жастығымның жазира жайлауы құт,
Айдан асып асқақтап айман үміт.
Топқа түсіп кеткенмін тоғызымда,
Тобылғы сап қамшы ұстап тайға мініп.
Ерте келген көктемнің елесі боп,
Зулайды күн ойы мен белесі көп.
Асау тайдың жалында…
тізгін қағып…
Көз алдымда көлбейді көне сурет.
Байтағымның бақыты – толғағаным,
Қыран болып көгіңнен сорғаладым.
Белі шықпай бесіктен бәйге көрген –
Жыр жазбауға хақы жоқ сол баланың.
Жаздар қалды соңымда, күздер қалды,
Тай тұяғы жаншыған іздер қалды.
Жылқышының баласы – жылқы мінез –
Тұнықтың да тұнығын іздер мәңгі…
***
Сеземін нұр-шырай барын,
Бағыма балаған ғұмыр!
Тыпыршып тыншымай жаным
Аңсайды аламан-дүбір.
Өмірден сый күттім керім,
Жаһанның мұрагеріндей.
Жүйткиді жүйрік күндерім –
Ақанның Құлагеріндей.
Жігерін жанымайды ерім,
Көрерін көргеннен бері.
Тұлпарды танымайды Елім –
Толыбай өлгеннен бері…
Қайтейін…
ұзарды күнім,
Өкпемді өмір қысады.
Ұяттан қызарды бүгін –
Қамшымның тобылғы сабы.
Жөн еді…
сезбесем мүлде,
Естімей даладан дүбір.
Өзіңмен кездесем күнде –
Бағыма балаған ғұмыр!
Ай таңбалы арғымақ
Жарқ-жұрқ еткен жарығым жанар арбап,
Бір жыр жазып қояйын саған арнап.
Ай таңбалы арғымақ Ай астында –
Айдай жүзіп барады ағараңдап…
Жылап аққан жылтырап жылға басы,
Айыл жиып, айкезбе түнде адасып…
Ай таңбалы арғымақ, айналайын,
Далаға ынтық, екеуміз қырға ғашық.
Тағдырынан сый күткен бір шамалы,
Ақбозымды қай түнек тұмшалады?
Ай таңбалы арғымақ
Ай астында –
Құйрық-жалын тараған түн самалы.
Ай таңбалы…
арманын айта алмады,
Кұс әніндей құйқылжып қайтардағы.
Таңбаң айдай, сен неткен бақыттысың –
Мендегі ешкім көрмейді Ай таңбаны.
Серік болар пырағым саналы ұлға,
Қандай жазу бар екен таланыңда?
Өрге белден бебеулеп қосыласың,
Дөңгеленген дүние – жанарыңда.
Арғымағым,
арман не – Ай таңбаң бар,
Анық ақын – айтарын айта алғандар.
… Ай таңбалы арман да – Ай астында,
Айналайын, меселін қайтармаңдар!
Байғыз бұлбұл болмайды сайрағаннан,
Кешемін деп жүрсің бе қайыра жалған?..
Ақиқатың өлмесе қайда қалған –
Ай таңбалы арғымақ –
Айдай Арман…
Сана кұйған саңлағым санаңа аруақ,
Бір жыр жазып кетейін саған арнап.
Ай таңбалы арғымақ
Ай астында –
Айдай жүзіп барады ағараңдап…
***
Өмір кештім, мен де бір өмір кештім,
Көрпесіндей сусыған көңілдестің…
Көздерінен күндердің шуақ еріп
Көкорайлы көктемді қуады елік…
Арлы армандар арнаға толтырғаным
Жартастарды сүйеді толқындарым,
Ақ қар еді туғанда…
ақпан еді,
Әппақ әлем бөледі баққа мені.
Ақындардың ат қосып санатына,
Аққулардың жыр жаздым қанатына.
Тынышымды алған тылсымдар тілдескенім
Тұлпарына ешкімнің мінгеспедім.
Көңілімнің көмбесін жиі ақтарып,
Сазға біткен сары ағаш сияқтанып –
Солқылдадым, несіне жасырамын?
Сонан кейін сізге аян тасығаным…
Өлең болып өріліп өскен өңір,
Көлбең-көлбең етеді кешкен өмір.
Сәуле ойнатып сұлудың сырғасына –
Күнім шықты өрмелеп қыр басына.
Төңірекке төбел нұр төккен арай,
Көкжиегім кеңіді көкке қарай.
Басын иіп тұрған соң еңіс біткен,
Мен өзімді іздедім кеңістіктен.
Он бесінде туған ай толысарын,
Жол біткеннің бір жерде тоғысарын
Ұғып бүгін «ай-хой» деп дауыстадым,
Қарғам, сенің қай кітап тауысқаның?
Өмір кештім, мен де бір өмір кештім…
Сексеуіл
Тамшы су тілеп ырымға
Ақ жаңбырларға алаңдар.
Бетпақтың бетбақ құмында
Сексеуіл өскен алаң бар.
Тағдырдың талма толғағын
Көтергендерді күндеме!
Шегір құмдардың шерлі әнін
Шертеді шебер шілдеде.
Сексеуіл мұңды пішінде
Көктен нұр тілеп көңілі.
Қаңсыған құмның ішінде
Кезеріп кеткен өмірі.
Алақан жаю аспанға
Қасірет…
қайтіп жан шыдар.
Мерейің тасып мастанба
Ілінген бұлтқа, тамшылар!
Көрдім де сұрын мұңдандым,
Сексеуіл соры – бес елі.
Жолдарын көшкін құмдардың
Қайыспай түзде кеседі.
Тектілік тегі, мұқалса,
Құм боран әнін салады.
Сексеуіл біткен тұтанса
Шоқтары жайнап жанады.
Жаным-ай, жасып жанарым,
Құм кешіп кейде жүдедім.
…Сексеуіл өскен даланың
Ақ жауын күткен ұлы едім…
Бетпақдала этюді
Шаңқай түс, шағырмақ күн,
Жел тұрса басын бүлік.
Кешеді шағылда ақ құм,
Шалғынның шашын жұлып.
Түн қызын таңға ұзатты,
Тие ме бізге себі?..
Жапанда жалғыз атты,
Жолаушы із кеседі.
Жалғанған тағы көші,
Бабамның жолына осы.
… Бетпақтың бағы да – осы,
Бетпақтың соры да – осы.
Мәпелер құстарын да,
Көктемнің кешіне еріп.
Күзеуі,
Қыстауында
Жататын өсіп-өніп.
Сүйгенмін сол өлкені,
Көргенім көз ашқалы.
Білмейтін көлеңкені,
Өзгеше өз аспаны.
Соры мен бақ мекеннің
Сезгенбіз таласын да.
…Бөрі мен ақбөкеннің
Өскенбіз арасында.
Сіздей асыл табылмас
(Аяулы анам Ақторсыққа)
Анам келді ауылдан…
асыл анам,
Аспаған да таспаған, тасымаған.
Ғашық адам ол өзі ақ дүниеге –
Ақ сүт беріп біздерді асыраған.
Анам келді ауылдан…
қайран анам,
Шолпан анам ол менің, айман анам,
Жайған адам жүрегін жарық күнге
Ай нұры боп ұл-қызын аймалаған.
Жылу жетті жаныма жеміс егер,
Өлеңі өмір өренмін, өрісі өнер.
Анам келді ауылдан, Алатауым,
Қуанышын ақынның бөлісе гөр!
Анам келді ауылдан арна кеуде,
Тамылжып кеп табыстым таңғы әуенге.
Көгал қуып келмегем Көктөбеге
Алматыға келмегем алма жеуге.
Шаңыраққа шырай боп, ісіме құт.
Көңілінің көгілдір құсына еріп,
Анам келді ауылдан бір көруге
Жиі-жиі жүрген соң түсіне еніп.
Анам келді ауылдан, нұр аймала:
«Пана болсын жарығым, Құдай ғана».
Мамырың боп күтеді тамырың боп –
Азамат пен Саламат,
Гүл – Айдана.
…Алатауға Арқадан Ана келді,
Бір тойлайын жиып ап тамам елді.
Мендей ақын табылар іздегенге
Сіздей асыл табылмас маған енді…
***
Шашқанда алтын арай дала таңы,
Шапағын дүниеге таратады.
Сен менің бақытымсың, Қазақстан,
Анамның аялаған алақаны.
Ізет пен ізгіліктен іркілмеген,
Тұлпардың өз елімнен тұрқын көрем.
Сен менің тағдырымсың, Қазақстан
Үкісі үмітінің үлпілдеген.
Жанынан жыр төгілген, нұр төгілген,
Қайғының аулақ болсын бұлты елімнен.
«Ырыс-құт – тату елге нәсіп» деген
Аманат қалған бізге Күлтегіннен.
Мезгілсіз бұзылмасын ұйқың, балам,
Ел едік дүбір шықса қиқулаған.
Аққудың қанатынан ән естіген,
Тұлпардың тұяғынан күй тыңдаған.
Шырағы мәңгіліктің жағылғасын,
Айбозым аламанда арындасын.
Көзімнің қарашығы – Қазақстан,
Сен менің қанымдасың, жанымдасың.
Атынан сөз алғанда қатарластың,
Қыр кездім, белге шықтым, жотаңды астым.
Бірліктің бесігі сен – Қазақстан,
Арманын әлдилеген Отандастың!
Тағдырдың өзі қосқан, тамыры бай,
Жанарың жарық болсын, жарығым-ай.
Сен менің жалғызымсың, Қазақстан –
Жалғанда жалғыздардың жары Құдай!..
Жалғыз
«Бұл жерде ұбық тілінде сөйлеген ең соңғы адам жатыр…»
1992 ж. Тевфик қарияның құлыптасындағы жазу
Азынаған желдің арты ақпан,
Замана талай бұрқады.
Ұбап та шұбап жол тартқан –
Ұбықтың соңғы ұрпағы.
Жарылыс болды миымда,
талқандап ойдың тар шебін.
…Ұбық боп кету қиын ба
ұлардай шулап қалса елің?!
Ұбықша сөйле,
жартастар,
елдің де өлді намысы.
…Қап тауындағы алты асқар –
Хоста өзенінің ағысы.
Ежелден бұл ел жаралы,
Батыры өткен жер тіреп…
Бір халық өліп барады
Тевфикпен бірге тентіреп.
Қолында еді Құраны,
Жүрекке тұнған иманы.
Мойнында сенім тұмары
Ұбықты неге қинады?..
Саясат бұлты көшіп жүр
Сайтандай еріп соңыңа.
… Ноғайым не күй кешіп жүр –
бірге ауған Анадолыға.
Сүйеніп тұрдым шыбыққа,
Дұға оқу міндет – тіріге:
–Тевфикке емес
ұбыққа –
Ұбықтың ана тіліне…
Қойныңа алып Ана-жер,
Сан асылыңды ұмыттың.
…Бақиға көшіп барады ел –
Қайран да тілі ұбықтың!
Жанымды кетпес жаншымай,
Қайғыдан,
Шерден,
Мұңнанбыз.
…Тұнықтан тамған тамшыдай –
Ұбықтан қалған бір жалғыз!
Қазанбайдың қаздары
Бабын тауып кім көрген құсты күнім,
Құстай ұшып жатса да құс – ғұмырың.
…Кертіп жейтін қазыны Қазанбай дос
Қаз өсіріп тауыпты істің ығын.
– Жаратқанның болған да жарлығы осы,
– Жарық күнде, Құдай-ау,
танды ма есі.
Қаз қуып жүр Қазанбай зәузәтымен
Осы боп тұр ауылдың әңгімесі.
Алпыс асқан кезінде ажалға алаң,
Бақ сынатып қойғаны-ай,
базар заман.
…Қазанбайдың қаздары қаңқылдаса
Бүкіл ауыл болады азан-қазан.
Ертоқымы,
атаның ақ таяғы,
Арқадағы қазаққа бақтай әлі.
…Қаз өсіріп кім көрген бұл ауылда
«Естімеген елде көп» деп қояды.
Бүлдіріп те жатқан жоқ ештеңені,
Құс артынан әйтеуір құс келеді.
Мың сан қазын Қазекем суға айдаса –
Жердің жүзі ақ ұлпа түске енеді.
Нәсіп тапқан кәсіптің әр түрінен,
Беу Қазанбай,
жампозым,
жарқыным ең.
Оянатын боп алған жаздан бері
Біздің ауыл қаздардың қаңқылымен.
Қаз әнімен қарсы алып ала таңды,
Ысқылап та қояды алақанды.
– Қазан туса, қаздармен қоштасармыз –
– «Күзде сана» демей ме балапанды.
Жапырағын ол-дағы жайған ғажап,
Жүретұғын кезі өткен сайранға сап.
…Біздің елге оғаштау көрінеді
Қазанбайдай қаз баққан қайран қазақ.
Өмірінің өзені бүтін ағып,
Қанаттылар қосады құтына құт.
Қаздар жайлы бір әнге салады екен –
Оқта-текте Қазекең жұтып алып:
«Қаздар қайтып барады мекеніне,
Өмір, шіркін, осылай өтеді ме…»
Айтатұғын сыр еді жетеліге
Берекесі шалқып тұр бекері не?!
Жаз күніндей жандары жарқылдаған,
Қайран ауыл,
Ұнайды қалпың маған.
Азанда айдын бетіне құс қондырып,
Қазанбайдың қаздары қаңқылдаған.
Отырады ел бәріне қайран қалып,
Ақиқаты бұл істің айдан да анық.
Қазанбайдың қазы боп айналып жүр –
Қайран қазақ ауылын қайран нарық.
Қайран нарық,
Кейде саған қараймыз қайран қалып…
Ей, жүрегім…
Жанарыңның ілініп тамшы жасы,
Ей, жүрегім, қайталап шаншымашы!
Сау кезіңде салып ем сайранды көп,
Ауырмашы сен енді, қайран жүрек…
Көктем менен тірліктің күзгі арасы
Қандай жақын, жүрегім, сыздамашы!
Ақын үшін Алланың әмірі көп,
Кеудеміздің жыр тұнған бәрі жүрек…
Бұрқасындар бойыңды мұздай қарып,
Бәрі жүрек болған соң сыздайды анық…
Арсыздықпен алысып, арбасам да,
Салмақ салып қоямын анда-санда…
Тағдырыммен табысқан тағдыр едің,
Қайран менің жүрегім, жан-жүрегім.
Ақынды алған аз емес қарауылға,
Мен ауырсам болады, сен ауырма!
Ей, жүрегім…
Арғымақтар
(Көңіл күйі)
Сырласқым келген мен Сізбен,
Тербетіп таңғы бақтарды;
Еңістен көрдім, елсізден –
Арыған арғымақтарды.
Сары белдердің сағымы
Сарнаса алдан анталап.
Арғымақтарым арыды, /
Қамшылар жағы қанталап…
Құла даланың төсінен
Құба бір күйді жалғадым.
Өлеңге қалай көшірем
Арғымақтардың арманын?
Сөзіңнің бәрі сандырақ,
Өзіңді ғана күйттеме!
Арғымақ деген – Арғымақ,
Қарғылап ұстар ит деме!
Төбемде жүзген Күнім ең,
Не дейін саған, кешқұрым?..
…Көзімді жұмсам, түнімен
Қобыздың зарын естідім.
Сүт беріңдер!
Бетбақдала!
Жанарым ғашық алап,
Жаныма орап,
Жүректің жасына орап,
Сүйгем оны…
Жайлауда жаз өткергем
Құралайын киіктің асырап ап.
Баянсыз күн басынан бақ ұшырған,
Сынақ көріп туғаннан сағы сынған.
Енесінен адасқан құралайға
Ақ дүниенің атынан ақ ұсынғам.
Жұмыр бастың шешетін
жұмбағы ауыр,
Бұлаң еткен бұлдырап
бұл да дәуір.
Енесінен елсізде адасқанға
Сүт беруді үйреткен қырдағы ауыл.
Таңда өлеңім сол болып, кеште өлеңім,
Өмір жырын ақ сүтпен кестеледім.
Жетілген соң: – Құралай,
Қош! – деп едім – алтыда едім…
жоқ әлде бесте ме едім?..
Ғажайыптан тұрады ғалам лебі,
Өн бойында өмірдің бар өрнегі.
…жалт қарады ол, арман-ай, қоштасарда
Сондай жанар көрмедім содан бері.
Айтам деген сыр еді ілгеріден,
Армандыға ақ берген күндерім ең.
…Өмір зулап барады көз ұшында.
Өлең кетіп барады бірге онымен.
Көңілімнің көлдерін мұңдарға орап,
Сыңсып ұшты бір құсым сынған қанат.
Құлдыраңдап жүгірген құралайға
Қырдан асып кеткенше тұрғам қарап.
Көктөбеден көктемді күткенінде ел,
Үзік-үзік үмітін үптедіңдер!
Қазақ та бір – киіктің құралайы
Жаутаңдатпай жапанда сүт беріңдер!
Шарықтасын,
Шалқысын көкте құсың,
Өзектіге бұл өмір өтпелісің…
– Сүт беріңдер, тірілер, бір-біріңе
Еріндерің кезеріп кетпеу үшін.
Қас қағым
Бақытын да,
бағын да тел емізген,
Аулақ қондың,
Сол дәурен, неге бізден?
… Өлең көшіп барады жанымыздан,
Үркер ауып барады төбемізден.
Зулайды күн, тез еді кеші неткен,
Жасындары аямай осып өткен.
… Тойдан күліп кайтатын кездерім-ай,
Ойландырып келгендей осы көктем.
Беу, тіршілік, сыр ұқтым астарыңнан,
Тұрады өмір қастерлі қас қағымнан.
… Күлкім де өшіп барады күннен-күнге,
Бұлтым көшіп барады аспанымнан.
Өлеңіме өріліп өткен күн әр,
Көз ұшында келбейді көктен мұнар.
… Көл жүрегі дір етті құсы қонып,
Мөлдіреді соңғы рет көктемгі қар.
Ақ таңдардан күтетін аздап арай,
Жанарымның жаутаңдай жаздағаны-ай.
… Өткен қашып барады көз алдымнан,
Көктем қашып барады жазға қарай.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.