Бас тақырып

Сарсаңға салған самокат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мұны Парламент Сенаты мақұлдады. Заң Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді. Ал, заңның көздегені – шағын электр көліктерін, сондай-ақ, электр самокаттарын пайдалануды заңмен реттеу. Қысқаша айтқанда, көшедегі көк самокаттың «жүріс-тұрысын» «тәртіпке» шақыру.

Сурет olx.kz

Көшедегі көк самокаттарға қазір көз үйренген. Әсіресе, сауда үйлері мен қозғалысы көп жерде жиі кездеседі. Бір көрмеге, әрине, міне салып, жүйіткіте жөнеп, шаруаңды шешіп келуге таптырмас көлік. Өзі шағын, әрі құжатты да талап етпейді. Жаяу жүргіншілер жолымен именбей зулауға болады. Міне, осы тұста көк самокат қауіп тудырады.

– Көшеде аңқаусыз жүріп, аңдаусыз тұрудан қалдық. Қай жағымыздан зуылдай келіп, қағар екен деп күдіктен зәрезап болдық. Түнеукүні түскі үзілісте дүкенге шыға қойып, жаяу жүргіншілер жолымен кетіп бара жаттым. Ту сыртымнан қалай келіп қалғанын білмеймін, бір самокат тар жолда қағып, құлатты да кетті. Жарайды, жол тар, сыймай қалған болар. Бірақ, тоқтап бұрылып, қарап, құлаған жанның жағдайы қалай екенін сұрау қайда?! Адамдықтың жоқтығы ма бұл? – деп ашынысын жеткізді Қарағанды медицина университетінің аға оқытушысы Нұргүл Мейрамова.

Әлеуметтік желіде самокатшылардың құлағын шулатқан бейнероликтер толып жүр.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, аймақта жаз шыққалы кәмелетке толмаған самокатшылар қатысуымен 2 оқиға тіркелген. Нәтижесінде 3 адам зардап шегіп, ауыр дене жарақатын алған көрінеді.

– Заң адамзат игілігі үшін қашан да. Самокаттан зардап шеккендер аз емес. Әрине, бұған мемлекет бей-жай қарамасы хақ. Заң бойынша электр самокаттардың жолда жүру ережесі шектеледі. Электр самокаттары көлік құралы деп танылды. Қозғалыс жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы керек. Электр самокат мінгендерге велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз қозғалуға болады. Ал, жаяу жүргінші жолында қозғалысы сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар, автобус жолағын қоса алғанда, автокөлік жолының жүріс бөлігінің оң жақ шеткі жолағымен жүруге жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жастан асқан, түймелі дулыға мен қарсы көлік құралына шағылысатын киімде (тәуліктің қараңғы уақытында) болуы керек және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігіне ие болуы міндетті. Жолаушы немесе жүк тасымалдауға қатаң тыйым салынды, – дейді жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Виктория Малышко.

Виктория Малышконың сөзінше, егер электр самокат мінген жүргінші ереже бұзса, оны ішкі істер органдары қызметкерлері тоқтатып, қос бап бойынша жауапқа тартуға толық құқылы көрінеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабы жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 17 250 теңге айыппұл салуға міндетті.

Бұдан былай электрлі көліктерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, жүргізуші куәліктерін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін дайындау саласында мемлекеттік монополия енгізіледі деп күтілуде. Бұл қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жанындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына беріледі. Ендігі жерде электр самокатшылардың самокаттарында мемлекеттік номері, ал, өздерінде жүргізуші куәлігі болса, таң қалмаймыз.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button