Сармантай Алшағыр батыр
Жақында өңірімізде тағы бір елеулі уақиға өтті. Жаңаарқа ауданының Бидайық алабында Арқаның атақты батыры Сармантай Алшағыр батырдың басына ескерткіш қойылды. Оның ашылу салтанатына жұрт көптеп жиналды. Сармантай асын ұйымдастыру алқасының төрағасы Қуаныш Бәжейұлы, осы атаның бел балалары Төлеутай Шәкіров, Тілеукеш Арынов сынды ақсақалдарымыз жиналған қауымды құттықтап, баба басын табуға мұрындық болған Нәзір Қабылдаұлы мен Ақан ақсақалға, осы белгітасты орнатуға атсалысқан ел азаматтары – Мейрам Ысқақовқа, Мейрам Жәкимовқа, Тілеужан
Әубәкіровке, Елжас
Шәкіровке, Ғибатолла
Сәрсенбековке және басқаларына алғыс сезімдерін жеткізді.
Тоқтыбек күйші Баймамырұлын елдің бәрі бірдей біле бермейді. Арқаның көшелі күйшілерінің бірі. Жан-жағына Тоқаң атанған. Арқадағы атақты Жолай күйшінің немересі. Пайғамбар жасын жасаған. Екінші жаһан соғысынан он екі мүшесі сау оралған. Мұғалім еді. Мына Шет ауданында балалар оқытты.
Сол кісінің он саусағы төс пен балғаның арасына түскен. Себебі белгілі. Қу тақтайдан саз сорғалатқан. Оны тыңдаған өзекті жан мына дүниені тарс есінен шығарар еді.
Қу тақтайға емінгендерді итжеккенге топтап айдайтын заман болған. Кешегі он сегіз мың қылқұйрық біткен Адамбайдың Рысқұлбегі, қу тақтайының шегін алып тастап қобыз қылып боздататын Қараның Аманы айдалғанда бұлардың басында да бұлт тұрған-ды. Сол Аманның алдында Екінші Тәттімбет атанған Әбікен күйші домбыра ұстамаған дейді.
Домбыра жарықтық сөйтіп төрдегі басын төмен салған. Босағадан шығып қалғандары да болған. Тоқаңның шаңырағы да сондай кепке ұшыраған.
Алайда, іштегі шемен қоймайды екен. Тартты бәрібір. Елден жасырынып жон асып барып тартты. Қыр асып барып тартты. Кейінде есік-терезесін тас бекітіп алып, тартатын болған. Сондағы тартатыны Тәтекеңнің «Алшағыры». Сол «Алшағырды» тартқанда екі көзінен жасы сорғалап отыратын…
Алшағыр батыр мына Арғын Мейрам шалдың бес баласы Қуандықтың Сармантай сойынан болады. Атағы батырлығымен шыққан. Қалмақтың соңынан шаң тұрғызған қазақ батырларының бірі.
Сондай бір қалмақ қашып, қазақ қуған жорықта Алшағыр батыр Қаракесектің Бәубек батырымен қосамжарланып жау түсіріпті. Қар талып, аттар болдырып қол іркілген екен. Қазақ жағы жеңіс дабылын кернейлетіпті. Енді қайтса да болар еді. Алайда, Сармантай Алшағыр батыр жауқашырарының басын тежемепті.
– Дойырды ат көтіне мінгізем деген сертім бар! – депті.
Дойыры – қалмақтың аты шығып жүрген батыры екен. Қашқын топтың ішінде әлгі Дойыр да бар екен.
Іркіліп қалған топтан тағы бір қара бой үздіреді. Ол Қаракесектің Бәубек батыры екен. Қуғыншылар жер танабын қуырып жауға жақындай түседі. Олардың артынан қалың шаң шығады. Мұны жау жағы да көріп, қалың қазақ қозғалған екен деп ойлайды.
Бәубектің аты Алшағырдікіне қарағанда тыңдау екен. Қуып жетіп қалғанда Алшағыр батыр:
– Дойыр менікі!..– деп айқайлапты.
Сол кезде Бәубек тізгін тартып, батырлар ат айырбастапты.
Қалмақтар қуғыншылардан құтылмасын біліп, соңғы амалға барады. Олар да қуғыншылардың Дойырға бола қалмай келе жатқанын біліп келеді екен. Содан біреуі Дойырдың басын қылышпен алып түседі.
Мұны күтпеген Алшағыр батыр басты ұстап іркіліп қалыпты. Дойыр екенін танып райынан қайтыпты. Енді бір қараса үзеңгілесі Бәубек ұзап кетіпті.
Қуғыншылардың қалмасын көріп, топтан біреуі қарсы салыпты. Үшінші кезегінде ғана Бәубек қалмақты аттан түсіріпті. Осы тұста Алшағыр да жетеді.
– Төрелігін бер, батыр, – депті Бәубек.
– Сауға батыр, – депті Алшағыр, – мұндай батыры бар қалмақты қанша шапсақ та ала алмаспыз. Қой құрттатып қоялық. Көз алдымызда жүрсін. Қалмақты сонда ұмытпаймыз…
Әлгі батырдың інісі екен. Есімі Қойыр дейді. Кейін әлгі батырдың әйел баласы екендігі білінеді. Қаракесек ішінде Қайыр деген ата бар. Осы шешелері есімімен аталып кете барған.
Бұған дейін Алшағыр мен Бәубек арасы ащы болып келген екен. Сол қату қабақ жазылып қоя беріпті. Алшағыр айтыпты:
– Айт, батыр, – депті, – Құдай дескен құда болайық! Не қыз ал, не қыз бер… – депті.
Бәубек үндемей қалыпты. Сөйтсе, шашқаптысы жоқ екен. Алшағыр айтқан сөзінен таймай:
– Жартыңды бүтін қылады, жалғызыңды орман қылады, – деп Торқай есімді қызын Бәубектің Даниярбек деген баласына ұзатады.
Алшағыр батырдың айтқаны келіп сол Даниярбектің мейманасы асыпты. Керней-Кәрсен еліне болыс болыпты. Батыр атағы шығыпты.
Сөйткен Алшағыр төтеннен келген ажалдан көз жұмыпты. Мұндай хабар жерде жата ма?!
Хабар жеткізген жаушының мейманасы асып тұрыпты. Қалай дегенде батырдың «жауы» ғой десе керек. Сонда батыр жаушыны сабап жіберіпті:
– Енді кіммен сабаласам, – деп…
Сол Бәубек қырық жігітімен барып Алшағырдың бейітін тұрғызыпты.
Осы әпсананы Әлтеке Машақ күйші тоғыз перне, екі шекпен сөйлетіпті.
«Алшағыр» күйі осылай туған дейді.
Бұл тірліктің сөзімен сөйлесек Машақ күйші Бәубек батырға күйеу болып келеді. Сол Машақ, Даниярбек, Тәттімбет тірліктерінде дос-жар болған адамдар.
Кейін бұл сарынды Тәтекең дамытқан дейді.
Алайда… Зерттеуші Таласбек Әсемқұлов басқаша әпсана келтіреді. Ол Алтай Алшағыр батыр деп айтады. Жанына Шаған деген батырды қосып қояды. Тағы бір зерттеушілеріміз Алшағырды Кіші жүз батыры деп есептейді.
Темеш Сатай батырдың есімі жалпақ жұртқа жақсы мәлім болса керек. Сол кісі бір жорықтан қайтып келе жатып, Көкшетеңізді кесіп өтеді. Сонда шер шапқан екен. Сол шерді Сатай батыр жалаңаш қолмен алған дейді. Сонда батыр шердің бадырайын айтпай шағырын айта беріпті.
Сол бетімен Сармантай Ерназар батырдың үйіне түседі. Батыр құт болып түседі. Ерназар батыр кішкентайлы болып жатады. Содан Ерназардың сұрауымен сәбидің есімін Сатай тергепті:
– Сенің ныспың Алшағыр болады! – деп құлағына үш рет айқайлапты.
Ерназар малдың есімін қойды деп реніш білдіріпті.
Сонда Сатай айтыпты:
– Шер мал емес, – деп.
Міне, қызық, Ерназар бабамыз ешқашанда баласын Алшағыр есімімен атамапты. Тайқара деп атаса керек. Екінші баласының есімі Байқара болғанына қарағанда бұл әпсананың да өмір сүруге құқы бар ғой деп ойлаймыз.
Алшағыр балалары да көшелі болған. Оның ішінде Бижан батыр есімі көпшілікке білінді.
Өткен жылы Сармантай баба ұрпақтары ел көлемінде үлкен ас берді. Сол аста үлкен, келелі мәселелер көтерілді. Соның бірі осы – Алшағыр Сармантай батыр еді.
Сол Алшағыр батырдың басы күні бүгінге дейін белгісіз болып келген еді.
Міне, қызық, Алтай бабамның бір ұрпағы Нәзір Қосубаев менің жақын, араласып жүрген інілерімнің бірі болады. Мамандығы теміржолшы. Соған қарамастан ел ішінің тірлігіне араласып жүреді. Сауапты істердің басынан табылады. Қазақ баласының ауызша тарихына жүйрік інілеріміздің бірі. Сол бауырымызбен осындай шараларда жиі тоқайласып қаламыз. Сондай бір сапарымызда Нәзір бауырым мен күтпеген әңгіме айтқан еді:
– 1976 жылы әкем зейнетақысын өсіру жағдайында, сол кездегі заң бойынша екі жыл ауыл шаруашылығында жұмыс жасау керек екен. Сол себепті Бидайық ауылы, Есен өзенінің бойында, Арқалық тауының етегінде Жаңаарқа ауданының жылқысын бақтық. Әкеміз жылқы бағып жүрген кезімізде таулар мен бейіттерді таныстырып, руы Сармантай Алшағыр батырдың басына құран оқитынбыз.
Осыдан екі жыл бұрын Сармантай руының азаматтары қазан айында үлкен ас беріп, ата-баба рухына құран бағыштаған болатын. Осы ас барысында Алшағыр батырдың жатқан орнын тауып, белгі тасын қою мәселесі қозғалған еді. Осы рудың азаматы Ғибат Алшағыр батырдың басын яғни, жатқан жерін таба алмай жүргенін айтқан еді. Мен ол кісінің басын білетінімді айтқанымда, осы рудың азаматтары бабаларының жатқан жерін көріп қайтуға қолқа салды. Өзімнің білетінімді толықтыруға Жаңаарқа ауданының Сәкен ауылында тұратын, Есен өзенінің бойында 40 жылдай жылқы баққан Ақан ақсақалды қасымызға алдыруды жөн санадым. Ақан ақсақал жол барысында Атасу-Шахтинск тас жолының бойында жатқан Тоғалақ батырдың бейітін де көрсетті. Сөйтіп, Алшағыр батырдың бейітінің басына барып, баба рухына құран оқытып тарқастық.
…Мен не айтарымды білмедім. Елдің ат атап, таба алмай жүрген жоғын Нәзір бауырым осылайша «тауып» берген. Соның арты, міне, осындай ұлан-асыр асқа ұласты. Ел Нәзірдей бір баласы арқылы Алшағырдай бір батыр бабасының басын тапты.
Бұл жоғымызды ешқандай архив тауып бере алмайтын еді. Біздің тарихымызды өзге жұрттың тарихынан іздеп керегі жоқ екен. Өз тарихымызды өзіміз жазып келіппіз. Бірақ, сол тарихымызды немқұрайлығымыздан, бабаларымыз құлағымызға құйған әпсаналарға сенбей көршілес жұрттардың қағаздарынан іздегенбіз. Міне, гәп қайда?! Өз абыздарымызға сенбей, өзге кәуірге сенгенбіз…
Олай болса ойланатын жайттар баршылық болып шығады. Бабалар әпсанасын айналымға түсірудің жаңа көзқарасы керек болады. Елбасымыз айтқан қайта жаңғыру тұрғысынан.
Оған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ. Сармантай батырдың басы да осыған дейін белгісіз болып келген. Ол да табылды. Ел ішінің есті құлақтарының арқасында.
Әлі де қаншама батырымыз, басқа да жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз елеусіз қалуда. Оларды тауып, есімін асқақтатқанымыздың орнына қолдан батыр жасап, жалған намысқа барып жатқанымыз жасырын емес.
Оның орнына ел ішіне барайық. Аруақ жанаған топырақтарымызға тәу етейік. Сол топырақ бізге жоғымызды тауып беретін болады.
Өйткені, топырақтың киесі жібермейді.
Және Нәзір бауырым айтады:
– Жиен ағам Сайдалы руынан шыққан Ақан ақсақалға осы рудың азаматтарының атынан үлкен алғысымды білдіремін.Ақан ақсақал бір ғана Алшағыр батырды емес, ұрпақтары таба алмай жүрген Тоғалақ батырдың да басын көрсетіп, батыр ұрпақтарын үлкен қуанышқа бөледі. Әрине, бұл ұрпағы үшін үлкен бақыт, үлкен қазына деп есептеймін…
Біздің туған өлке шежіресін құймақұлақ қарияларымыз арқылы жазғымыз бар. Ауылға бара қалсақ тоқсанға келіп, селкілдеп отырған кейқуаттарды іздейміз. Ал, олар болса, наурызда түскен наурызшадай қалмай барады. Есесіне Нәзірдей, Ақандай кеудесі қазына замандастарымыз бар. Жан-жағымызға бажайлай қарайықшы, ағайын!..
Төрехан МАЙБАС