Жаңалықтар

Сардар

Суреттер кейіпкердің жеке қорынан

Құлакүй немесе бастау

Осы ғұмырымда екі генералмен тілдесіп көріппін. Екеуімен де жүздескенмін. Екеуінің де қарапайымдылығына тәнті болып, боямасыз болмысына бас идім.

Бірі – Халық Қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров. Тоқтар ағамен жиі хабарласамын. Ғарыштан оралған кезінде Жезқазған әуежайында ат үстінен арнау айтып, қарсы алғаным өмірімнің ең шуақты сәттерінің бірі еді. Одан кейін бетпе-бет отырып, сұхбат алу бақыты бұйырған. Әлі күнге хабарласып, дидарласып тұрамыз.

Екіншісі де – Халық Қаһарманы, армия генералы, жерлесіміз Мұхтар Алтынбаев. Мұхтар ағамен атамекені Ұлытауға келген сәтінде жүздескенім болмаса, жақын жуысып, әңгімелесудің сәті түспепті. Кеше телефонмен сөйлестім. Аты аңызға айналған генерал тұрмақ, өзіміз де кейде бөтен номерден соғылған қоңырауға жауап бермей қалатынымыз бар ғой. Оның үстіне, генералдың мерейтойлық шаралары қызған уақыт. Қонақтары бар, мерейтой бағдарламасы да тығыз шығар… «Жауап бере қояр ма екен?» деген күдікпен қалтафон нүктесін бастым. Арғы жақтан «Алло!» деген генерал үні гүр ете қалсын. Абдырап қалдым. Әскери адам ғой, былжырап тұрғанымды жақтыра қоймас дегендей, бойымды да, ойымды да жинап үлгердім-ау. Бұқпантайламай, аңыз ағаны мерейтойымен құттықтап, бұйымтайымды айтып жатырмын.

Желінің арғы жағындағы қоңыр үн, байсалды болмыс, қарапайым қалып, кемел кісілік генералдың екі-ақ ауыз емеурінінен аңғарылды. Алайда, әңгімеміз келте шықты. Табиғаты мақтануды қаламайтын, өзін дәріптеуге дәті бара бермейтін парасатты ағаның бар айтары:

– Айналайын, біздің буынға ел Тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі тарихи жауапкершілік жүктелді. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған уақытта мен сырт елде – ТМД Қарулы Күштерінің құрамындағы Түркіменстан дивизиясында командир болатынмын. Өз елімнің Ұлттық армиясы жасақталғанша сол жақта қызмет еттім. Елге арнайы шақыртумен 1992 жылы наурыз айында оралдым, – деп басталып, еңбек жолының Қарағанды шахтасында басталғанымен жалғасты да, Ресей Қарулы Күштерінің Қазақстан жерінен заңсыз шығарылған әскери техникаларын қайтару ісіне белсене қатысқанымен тәмамдалды.

…Талай кейіпкермен сұхбат құрып, сыр бөлісіп жүрміз ғой. Өзі жайлы көсіле сөйлеп, көпіре мақтанатын көкезулер туралы да жаздық. Алланың ырқындағы жұмақ пен тозақтан басқа әлемнің кілтін бір өзі ұстағандай мақтанатындарды да мадақтадық. Ал, «Еңбек етсек, қызмет қылсақ, тиісті еңбекақымыз бен лайықты марапатымызды алдық. Бірақ, тау қопарып, тас шайнадым деп мақтанбаймын. Иә, мемлекет жүктеген жауапкершілікті жан-тәнімізбен сезініп, сол деңгейде қызмет атқарғандықтан шығар, шүкір етерлік азды-көпті абыройға кенелдік. Мен үшін өмірдің бақыты – адал еңбекпен келген абырой», – дегеннен әріге бармай, қарапайымдылықты қазық еткен Мұхтар Қапашұлы секілді кемел кейіпкерден айналып кетпейсің бе?

Мұхтар ағаның келте жауабы мен мақтануға сараңдығының өзінен көп нәрсе аңғаруға болар еді. Телефонның арғы жағынан сардар тағдырының тарам-тарам жолдары да, елін елжірей сүйген жүректің лүпілі де еркін аңғарылады. Бопсаға ырық бермеген болат болмыс, антына адал, сертіне берік тұлғаның тұғыры. Бақандай 22 жыл елден жырақ жүрсе де, қаймағы бұзылмаған қазақ қалпы… Қатардағы сарбаздан аңызға айналған сардарға дейінгі жолындағы әскери өмірі… Жұмыр жүрегінің жұмсақтығы, қарттыққа шалдырмаған сергектігі менмұндалап тұр.

Генерал Алтынбаевтың тағдырымен тел өрілген Тәуелсіздік жылнамасы, шекара шегендеудегі тарихи шешім, жас мемлекеттің қорғаныс әлеуетін арттыру мехнаты, кеңестік жүйеде кеткен есеміз бен еншімізді қайтарудағы табандылық желідегі қоңыр да, қатқыл үнмен санама сіңіп, жанымды жаулап, қазақ қаһарманының жарқын бейнесіне айналып бара жатты…

Самғау немесе шыңырауда шыңдалған арман

Арман адастырмайды. Бала күнгі аңсар көңіл арманға жетелесе, табандылық арманға жеткізеді.
Бала күнінен ұшқыш болуды армандаған Мұхтар аға – арманына сол табандылықтың арқасында қол жеткізген адам. Арман жетегінде Қарағандының әуесқойлар аэроклубына мүше болып, шағын ұшақпен көкке көтеріліп те көрген. Қыран қазақ Тоқтар Әубәкіровпен де осы аэроклубта танысыпты. Қанаттас бауырының ерекше өжеттігі мен аяулы арманын сол кезде таныған. Ал, ХХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы Қарағанды аэроклубы қазақтың болашақтағы қос қыранын баптаған ұясы болғанын ол кезде ешкім сезген жоқ еді…

Алғашқы самғау сапарларында балаң қиялына да қанат бітіп, тұңғыш рет асқақтық, биік мақсат, аласармау секілді адами құндылықтар туралы ой түйе бастады. Ойында – асқақ арман, бойында – табандылық. Міне, бүгінгі сардардың шыққан биігі осылайша Қарағанды аэроклубында басталып, шахтаның шыңырауында шыңдалған.

…Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев – қазыналы Қарағандының төл перзенті. Әкесі Қапаштың атамекені Ұлт бесігі Ұлытау болғанымен, Мұхтар аға Қарағандыда туыпты. 1945 жылы 10 желтоқсанда қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Қазақ орта мектебін бітіріп, еңбек жолын 17 жасында шахтада бастайды.

Жігерлі азаматты жеті қат жердің астынан жеті қат көкке көтерген арманның құдіретінде шек жоқ екен. Әр ауысымға түскен сәттерінде шыңырауға құлдилап бара жатып, көгілдір көкте қыранша самғайтын күндерін аңсайтын. Шахтадағы ауыр еңбек пен кен оқпанындағы (забой) қара түнек арманшыл жанның жігерін жасытып, арманын аласарта алмады. Қол еңбегімен шыңдалған сайын алыстағы арманына деген аңсары бәсеңдеген жоқ. Ауысым соңында жер бетіне көтеріліп келе жатып ғарышқа самғап келе жатқандай күй кешетін. Балаң шағынан жүрегіне жөргектеліп, бойына бекініп алған арманын аялап, шахтада алты жыл кен қопарды.

Шахтада екі жыл істеген соң, міндетті әскери қызметке шақырылып, арманына бір табан жақындағандай болған. Саптағы сарбаз Куйбышев (қазіргі Самара) қаласындағы авиа оқу-жаттығу орталығында азаматтық борышын өтеді. Осы орталықта «МиГ-15», «МиГ-17» әскери ұшақтарын тізгіндеп, бір жылдан соң кіші лейтенант әскери шенімен елге оралды. Қайтадан шахта. Забойдағы кіші лейтенанттың күнделікті жұмыс орны сыз, жарығы көмескі кеніш болғанымен, келешек арманы көмескіленбеген.

Кеңес Одағы басшыларының әскери салаға зор көңіл бөліп, соғыс техникаларын дамытуға күш салғанының пайдасы осы Мұхтар Қапашұлына тиіпті. Бас хатшы Никита Хрущевтің әуе қорғанысына зымыран пайдалану туралы пәрменіне сәйкес, ұшқыштарды әскери қызметтен қысқартып тастаған болатын. Кейіннен Одақ басшылығында өзгерістер болып, әуе қорғанысы ұшқыштарға зәру болды да, Бас штаб запастағы әскери ұшқыштарды әуе қорғанысы базаларына шоғырландыра бастады.

Бір күні әскери комиссариаттан шақыр­ту алды. Ондағылар болашақ генералды танып алған. Өйткені, жылда әскери оқу орындарына сұранып, табалдырық тоздырып жүретін аз қазақтың бірі еді.

Әскери комиссар:

– Кіші лейтенант Алтынбаев! Жойғыш ұшақ тізгіндеуге құштар едің ғой. Міне, Свердловскіден өкіл келіп отыр, – деп саңқ ете қалды. Кіші лейтенанттың жүзі бал-бұл жанып, дәл сол сәтте «МиГ-19» жойғыш ұшағымен көкке көтеріліп бара жатқандай әсерге бөленді. Бірден келісім беріп, жолға жиналды.
Бұл жас лейтенант Мұхтар Алтынбаевты арман жолынан құс жолына бастаған тарихи сапар еді… Көкке сол көтерілгеннен аласарған жоқ. Өйткені, оның арманы – шыңырауда шыңдалған арман еді!

Оралу немесе қарымта қайтарған қайраткер

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған кезде қазақтан шыққан екі-ақ әскери генерал бар еді. Бірі – Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетов те, екіншісі – Мұхтар Алтынбаев. Оның өзінде, Мұхтар Қапашұлы – Түркіменстан елінде.

…1992 жыл. Одақ ыдырап, 74 жыл ортақ мүддеге жұмылған одақтас Республикалар Тәуелсіздігін алып, өз алдына отау құрып жатқан кез. ТМД құрылып, бірқатар елдердің әскери құрылымдары ТМД Бас қолбасшылығының құрамында қалған.

Осы жылдың қаңтар айында Мәскеудің төрінде офицерлер кеңесі шақырылып, Мұхтар Алтынбаев та бұл жиынға қатысқан. Осы жолы Кремльдің съездер сарайында өткен келелі кеңеске Қазақстанның Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқаратын милиция генералы Қайырбек Сүлейменовпен танысады. Елден келген шенді шенеунікке өзі жайлы айтып, елге оралсам деген ниетін де жасырмайды. Алайда, «Қазақстанда Қарулы Күштер құрылған жоқ. Елге келгеніңмен, саған шеніңе сай қызметті қайдан тауып беремін?» деген жауап алады. Генерал Сағадат Қожахметұлымен осы жиында танысып, ол кісіден осындай мазмұндағы жауап алған. Меселі қайтып, кері қайтуға мәжбүр болса да, Мұхтар аға түптің-түбінде елге оралып, тәуелсіз Қазақстан еліне қызмет етеріне бек сенімді еді.

Үміті ақталды. 1992 жылғы наурыз айында Қазақстанға шақырту алып, сәуірде корпус командирі болып тағайындалды. Корпус әлі де ТМД Бас қолбасшылығына қарайды. Бекітілген мерзімде орталық штабқа мән-жайды баяндап, есеп беріп отыру міндеттелген. Кеңес дәуірінен қалған темірдей тәртіп, бұлжымас талаптың шеңгелін бірінші болып «бұзған» да – Мұхтар Алтынбаев. Туған еліне келіп қызмет атқару бақыты бұйырған офицердің бойын кернеген асқақ рух «Мен неге оларға есеп беруім керек? Мен – тәуелсіз Қазақстанның офицерімен!» деген ойға жетелеп, есеп беруден бас тартқан. Ол кезде Орта Азия өңірінің әскери құрылымдары Түркістан әскери округіне бағынышты болатын-ды. Округ басшылығы ұлардай шулап Мәскеуге арыз айтып, Мәскеу Алматыға комиссия жіберіп, әскери жүйе әбігерге түсе қалады.

Мәскеуден комиссияға қайсар қазақ офицері қасқайып тұрып: «Сіздер қай елге келіп отырсыздар?» деген сұрақ қояды. Комиссия мүшелі «Қазақстанға» деп жамырасады. Сонда Мұхтар аға:

– Иә, Сіздер тәуелсіз Қазақстанға келіп отырсыздар. Тәуелсіз мемлекетке! Түсінікті ме? Олай болса, мен неге Сіздерге есеп беруім керек? – деп, оқтаулы қарудай сақылдап қоя береді. Амалдары құрыған комиссияның Одақ кезіндегі әскери жүйенің іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырағанын сонда ғана түсінсе керек, арнайы берілген қонақасыдан асығыс ауыз тиіп, келген жақтарына аттанып кетіпті.

Содан көп ұзамай, Қазақстан Қарулы Күштері құрылып, тұңғыш Қорғаныс министрі болып Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Әскери мамандардың аздығына қарамай, жоқтан бар жасап, армия жасақталды. Жасыратыны жоқ, Қазақстан жері жетпіс жыл бойы өктемшіл жүйенің әскери полигоны болып, небір қуатты техникалар біздің жерде орналасқанымен, 1995 жылға дейін барлық қару-жарақ базалары Ресейге көшіріліп, техникалар заңсыз талан-таражға түсіп жатты.

Мұхтар Қапашұлы министрдің орынбасары, Қорғаныс министрі болған жылдары осы кеткен есенің қарымтасын қайтаруға күш салды. Күш салып қана қойған жоқ, бәстесіп отырып, қазақ жерінен заңсыз шығарылған қару-жарақ, техникалардың бәрін болмаса да, біршамасын кері қайтарды. Ол жайында өзі өте қызық әңгімелейді.

Екі ел арасындағы заңсыз әкетілген әскери техникалардың өтемақысын талап етумен басталған дау ұзаққа созылады. Ол кезде Әскери әуе күштерінің Бас қолбасшысы болып істейтін генерал Алтынбаев ресейлік әріптесі генерал Дейнекинмен күнде сөйлеседі десе де болғандай. Олар ырық берер емес. Бірде осы Дейнекин Ресей Қорғаныс министрі Грачевпен бірге ресми сапармен келіп, дастарқан басында тағы осы мәселе сөз болады. Сонда Дейнекин Алтынбаевқа шарт қойып: «Өзің әскери ұшақпен ұшсаң, қайтарамын» дейді. Ақыры, екі жақ бәстесіп, Мұхтар аға Ресейге барып, жаңа «Су-27» әскери ұшағымен ұшуды алты-ақ күнде меңгеріп, Қиыр Шығыстан ұшып келеді.

Сол жылы Ресейден 86 әскери ұшақ, «С-300» кешені және «ТУ-134» ұшағы елге қайтарылған.

Мойындату немесе АҚШ полигонын бомбалаған қазақ

Қайсыбір жылы ресми делегация құрамында Америкаға барған Алтынбаев АҚШ Қорғаныс министрлігі өкілдерінен «Сіздердің ұшақпен ұшуға бола ма?» деп рұқсат сұрайды. Пентагон басшылар қазақ офицерін егжей-тегжейлі тексеріп, ұшу тәжірибесін бақылап, «F-16» ұшағымен ұшуға рұқсат береді. Бұл «F-18» ұшағымен самғағысы келген. Аса құпия ұшақ болғандықтан, оған рұқсат берілмей, Мұхтар Алтынбаев «F-16» ұшағымен Америка көгінде ойқастап, небір әуе тәсілдерін көрсетеді. Аса биік қашықтықта пилотаж жасап, америкалықтардың таңдайын қақтырады. Аризона штатындағы әскери полигонға бомба тастап, ұшақ зеңбірегінен снаряд жаудырады.

Соңында ұшақты «Ауғандық қону» тәсілімен дамылдатқан қазақ генералына риза болған АҚШ Қорғаныс министрі Уильям Перри: «Америка тарихында шетел генералы тұңғыш рет АҚШ-ты бомбалады» деп әзілдеген екен.

***
Мұхтар Алтынбаев – Тәуелсіздік алғаннан бергі 35 жылда мылтық атылып, бомба жарылмаған елдің генералы.
Әскери жүйенің әлеуетін арттырып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуде ерен еңбек сіңірген сардар Мұхтар Қапашұлының өр рухтың, елге деген шексіз махаббаттың, орасан отаншылдықтың үлгісіндей болған өнегелі өмірі осылай өріледі.
Сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген армия генералы бүгінде Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштері ардагерлерінің республикалық кеңесін абыроймен басқарып отыр.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button