Жаңалықтар

Сарбаздар ант берді

31775 және 44803 әскери бөлімдерінде әскер қатарына шақырылғандардың Әскери ант қабылдау салтанатты рәсімдері өтті. Еліміздің барлық облыстарынан Қарағанды ​​қаласына әскери борышын өтеуге келген 250-ден астам сарбаз Отанға адал болуға ант берді.

 

Аталмыш іс-шараға «Астана» өңірлік қолбасшылығының қолбасшылығы, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері, Қарулы Күштердің ардагерлері, сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.

Әскери ант қабылдау рәсімі – ең маңызды әскери дәстүрлердің бірі. Ант қабылдау арқылы әскери қызметшілер Отанды қорғауға, әскери борышын мінсіз атқаруға, әскери істерді адал зерделеуге, сеніп тапсырылған қару-жарақ пен техниканы шебер пайдаланып, күтіп ұстауға міндеттеледі.

 

– Ағаларым мен үшін әрқашан үлгі болды, олардың әрқайсысы отан қорғады, сондықтан мен мектеп кезінен бастап әскерге баруға дайын болдым. Әрбір ер азамат осы жолдан өтіп, елін қорғауға дайын болуы керек деп есептеймін, – дейді 31775 әскери бөлімінің мерзімді сарбазы Айбек Ғазиз.

Салтанатты жиын, әскери маршпен аяқталды, одан кейін әскери бөлімдердің қолбасшылығы сарбаздардың ата-аналарымен әңгімелесіп, олардың барлық сұрақтарына жауап берді.

 

Айта кетерлік жайт, қызметке шақырылғандар қызмет айлығында жас жауынгерлер курсын бітіріп, өздері қызмет ететін әскери бөлімнің тарихымен және дәстүрімен танысады, техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, әскери қызметтің негіздерін меңгеріп шығады. Алда әскери қызметкерлерді қызу жауынгерлік дайындық күтіп тұр.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button