Бас тақырыпБасты тақырыпЖаңалықтар

Сарбаздар әскери бөлімде байланысшы кәсібін меңгеруде

«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 85510 әскери бөлімінде Ұлытау облысынан шақырылған 25 сарбаз мерзімді әскери қызметін атқаруда. Олардың барлығы Қарулы күштердің ең маңызды мамандықтарының бірі – байланысшы кәсібін меңгеріп жатыр.

Байланыс оқу батальонында сарбаздар радиобайланыс негіздерін, заманауи байланыс құралдарымен жұмыс істеуді және ақпарат жеткізудің классикалық тәсілдерін, соның ішінде Морзе әліппесін үйренеді. Оқыту қазіргі заманғы техникада жүргізіліп, басты назар тәжірибеге және жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада іс-қимыл дағдыларын шыңдауға аударылған.

– Байланыс – қарулы күштердің ең маңызды құрамдас бөлігі. Тұрақты ақпарат алмасусыз бөлімшелердің іс-қимылын үйлестіру және тапсырмаларды сәтті орындау мүмкін емес. Біз кез келген жағдайда байланысты қамтамасыз ете алатын нағыз мамандарды даярлаймыз, – деп атап өтті 85510 әскери бөлімінің командирі, подполковник Гатавулла Абдулин.

Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарағанды гарнизоны бойынша баспасөз қызметінен

Сарбаздардың айтуынша, байланыс батальонындағы қызмет тек техникалық білім беріп қана қоймай, жауапкершілікті, зейінділікті және топпен жұмыс істеу қабілетін дамытады.

– Күн сайын жаңа білім мен тәжірибе жинақтап жатырмыз. Әр түрлі техника түрлерімен жұмыс істеуді үйреніп, жаңа байланыс тәсілдерін меңгеріп, бөлімшенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін жабдықтардың қыр-сырын түсінудеміз. Біртіндеп бүкіл бөлімшенің жұмысына жауапты екенімізді сезіне бастадық, – дейді қатардағы сарбаз Болашақ Жалел.

31 қазан – Қазақстанда Байланыс әскери қызметкерлерінің күні. Бұл – бейбіт және соғыс уақытында байланыс арналарын үздіксіз жұмыс істеумен қамтамасыз ететін мамандардың кәсіби мерекесі. Осы датаға орай әскери бөлімде салтанатты шаралар мен байланысшылардың ел қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудегі рөліне арналған көрсетілімдер өтті.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button