Жаңалықтар

«Алау» әскери-спорттық ойыны мәресіне жетті

Спасск әскери базасында Қорғаныс министрлігінің №36352 әскери бөлімінде республикалық «Алау» әскери-спорттық ойынының ақтық кезеңі өтті. Екі күнге созылған жарысқа еліміздің 20 өңірінен 180-нен астам жас сарбаз қатысты.

Ойын алты бағыт бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар патриоттық ән байқауында өнер көрсетіп, тарихи-өлкетану жобаларын қорғады. Сонымен қатар, саптық дайындық пен ән айту, АК-74 автоматын жинау және бөлшектеу, спорттық нормативтер бойынша бақ сынасты.

Қарағанды облысының намысын №91 мектептің «Жас қырандар» және Н.Әбдіров атындағы мектептің «Жас ұлан» командалары қорғады. Жергілікті жас сарбаздар бірнеше номинацияда жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, «Жас Ұлан» командасы саптық дайындық пен ән байқауында бірінші орынға ие болса, «Жас қырандар» АК-74 автоматын жинау және бөлшектеуде үздік нәтиже көрсетті.

– Біздің сарбаздар АК-74 қаруын бөлшектеп-жинау сайысында ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұл жаттығу сабағы арқылы біз үлкен сабақ алдық, келесі жылы жеңіс біздікі болады деп сенемін, – деді алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, облыстық әскери-патриоттық клубтар федерациясының төрағасы Амангелді Хасенов.

Жалпыкомандалық есепте жеңісті Түркістан облысының «Жас қыран» командасы иеленді. Екінші орынды Жетісу облысының «Құлагер» командасы, ал үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық сарбаздары» қанжығасына байлады. Барлық жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button