«Спасскіде» запастағы әскерилерге арналған оқу-әдістемелік жиындар өтіп жатыр
Айбынды армия – тәуелсіз елдің айбары. Сол себепті, Отан қорғаушы әр азаматтың кәсіби шеберлігінің маңыздылығы жоғары. Әр салада еңбектеніп жүрген Отан қорғаушыларды қайта даярлаудан өткізу үшін елімізде кең көлемде әскери міндеттілердің жиындары өтіп жатыр. «Спасск» оқу-жаттығу полигонында 1500-ге жуық әскери міндетті азамат жауынгерлік қызметтерін қайта пысықтап жатыр.

Қарағанды гарнизонындағы «Спасск» полигонында запастағы әскери міндеттілерге арналған оқу-әдістемелік жиындар өтіп жатыр. Әскери маңызды жиынға артиллериялық, мотожауынгерлік, танк, зениттік, жөндеу, тылдық бөлімдер мен байланыс саласының мамандары – сержанттар шақырылды. Сондай-ақ, запастағы офицерлер әскери басқару бағыты бойынша қайта даярлықтан өтіп жатыр.
– Оқу-әдістемелік жиындардың негізгі мақсаты – мобилизациялық дайындықты арттыру және әскери міндетті азаматтардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіру. Олар қарумен жұмыс істеу, атыс жүргізу дағдыларын пысықтап, қазіргі заманғы ұрыс жүргізу тактикасын меңгеруде. Әсіресе бөлімшелер құрамындағы өзара әрекеттестікке, тактикалық медицина мен инженерлік дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр, – дейді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Махсут Гусейнов.
Қолбасшы жиындарға 40 жасқа дейінгі әскери міндеттілер қатысып жатқанын да атап өтті.
Жиынға қатысушылар дала шатырларында тұрып жатыр. Үш мезгіл тамақпен, әскери киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қоса, олардың жұмыс орындары мен лауазымдары сақталады, орташа жалақысы төленеді. Ал, жұмыссыз азаматтарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшерінде ақы беріледі.
Астанадан шақырылған қатардағы жауынгерлердің бірі Бекболат Атанов әскери міндеттілердің жиынына алғаш рет қатысып отыр. Аталған жиынға өз еркімен келіп, жауапкершілік жүгін сезіне алған ол осындай іс-шаралардың берер пайдасы мол екенін айтады.
– Уақыт бір орында тұрмайды, жаңа техника мен әскери ұрыс-тәсілдердің жаңа түрлері енгізіліп жатыр. Бұл сабақтар бізге бұрын алған білімімізді еске түсіруге, дағдыларымызды жетілдіруге және жаңаларын меңгеруге мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе бізбен тәжірибесін бөлісіп жатқан бөлімше командирлерінің кәсіби біліктілігін ерекше атап өткім келеді, – дейді әскери міндетін өтеуші Бекболат Атанов.
Ахметхан Кенжебеков Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясында қызмет етеді. 2018 жылы 40 күндік әскери міндетін Көкшетау қаласында әскери техникалық мектепте өтеген. Әскери жиынға қатысуға өзі ынта білдіріпті.
– Жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны байқалып тұр. Әскери міндет жүктелген адамдар осындай жиынға қатыса отырып, өздерінің біліктілігін көтерері анық. Алғаш осында келгенде теориялық сабақтан өттік. Қазір тактикалық жаттығуларды орындаудамыз. Менің мұндағы әскери міндетім – 122-мм гаубица Д-30 әскери техникасын снарядпен оқтау. Өз міндетімді ойдағыдай атқарудамын. Отбасын, Отанын қорғау – әр азаматтың мойнындағы әуелгі міндет. Әскери полигонға бейбіт күндерде ғана жиналайық, – дейді Ахметхан Серікұлы.
Әскери міндеттілердің бір бөлігі Т-72 танк экипаждарының, яғни танк командирі, механик-жүргізуші және көздеуші-операторы мамандықтары бойынша білімдерін шыңдауда. Қазіргі таңда олар әскери міндеттілер бағдарламасының жауынгерлік жоспарына сай Т-72 танк қару-жарағынан взводтардың жауынгерлік атыстарын орындауда. Іс-тәжірибе сабақтары қауіпсіздік шаралары қатаң сақтала отырып, тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр.
ЗУ-23-2 зениттік қондырғысы төмен биіктікті әуе нысаналарымен – әуе шабуылының заманауи құралдарымен күрес жүргізуге, соның ішінде, ұшақтармен, тікұшақтармен, қанатты зымырандармен және қашықтықтан басқарылатын ұшатын аппараттармен ұрыс жүргізуге қолайлы. Өздігінен жүретін зениттік қондырғы ЗСУ-23-4 – зениттік артиллерияның ұрыс машинасы жалпы көздеу механизмдері мен атысты басқару аспаптары бар бір немесе бірнеше автоматты зеңбіректен тұрады. Өздігінен жүретін зениттік қондырғы көбінесе кіші биіктіктегі әуе нысаналарын жоюға арналған. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшесінің зенитші-атқыштары жаттығу кезінде дәл осы ЗУ-23-2 қондырғыларынан шартты қарсыластың әуе нысаналарын іздеу және оны зақымдау, жою бойынша жауынгерлік атыс міндеттерін жоспарға сай орындаған.
Әскери техникалар радиолокациялық жүйе, есептеу құралдары және сезгіштігі жоғары аспаптармен жабдықталған. Бұл құрылымдар мен аспаптар 20 шақырымға дейінгі қашықтықтағы әуе нысаналарын табуға, зеңбіректердің автоматты көздеуін орындап, төрт шақырымға дейінгі биіктіктегі нысаналар бойынша ауа райының кез келген жағдайларында, бір орнында және жүріп келе жатып пәрменді атысты жүргізуге мүмкіндік береді дейді әскери сала мамандары.
Оқу-әдістемелік жиындар қорытындысында жауынгерлік атыспен тактикалық сабақтар өткізіледі. Бұл сабақтар запастағы офицерлер мен сержанттардың дайындық деңгейін нақтылауға, бөлімшелердің үйлесімділігін тексеруге мүмкіндік береді.
Қысқасы, әскери оқу-жаттығу барысында жиынға қатысуға ниет білдірген әскери міндеттемелері бар азаматтар осы техникалардың сырын ұғып, білімін жетілдіріп, шыңдалып қайтады. Сап түзеген сарбаздар үшін бұл жиын – тек әскери дайындық қана емес, Отанға деген сүйіспеншіліктің зоры.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»