Сарбаздар ардагермен кездесті
1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері (40-шы армия және оған жіберілген бөлімшелер) Ауғанстан аумағынан шығарылды. Содан бері 35 жыл өтіпті. Сол жылы Теміртау қаласынан әскер қатарына шақырылған Айдар Кұлатаев Ұлттық ұланның 5516 әскери бөліміне келіп, сарбаздармен танымды сұхбат өткізді.
Алғашқы жылдары Айдар Сәбитұлы Мәскеудегі Нахабино оқу орталығында мина қою мамандығы бойынша оқиды. Кейін Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Кундуз провинциясына сапер болып жіберіледі. Ардагеріміз 149 мотоатқыштар полкінде болып, қызмет ету кезеңінде көптеген әскери әрекеттерге қатысып, 1988 жылы запасқа шықты.
Сұхбат сарбаздарды патриотизм рухында тәрбиелеп қана қоймай, шейіт болған ерлердің ерлігіне тағзым беру мақсатында ұйымдастырылды. Ардагер сарбаздарға басынан өткен оқиғаларын айтып, әскердегі қызмет жолын баяндап берді.
Ержан МУНБАЕВ,
5516 әскери бөлімінің кіші сержанты
ТЕМІРТАУ