САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ
15 шілде күні Октябрь ауданына қарасты «Қазақстанның 50 жылдығы» саябағында ҚР ІІМ Ішкі әскерінің 5451 әскери бөлімі жас сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Айтулы шараға «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Владимир Березовиков, Октябрь ауданы әкімінің орынбасары Дарын Бұлқайыр, Ауғанстан соғысының ардагері Инвар Кацоев, Қарағанды қаласы ІІБ жергілікті полиция бастығы, полиция подполковнигі Арман Оразбаев, ІІБ Октябрь ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әбіл Әбілдин арнайы қатысып, құттықтау сөздерін жеткізді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алғаннан кейінгі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөле отырып, егемендік декларациясы жарияланғаннан кейін небары 26 күннен соң мемлекетімізде алғашқы күш-қуат органы ретінде Ішкі әскерді құрған еді. Біздің жауынгерлік тарихымыз да дәп сол уақыттан басталады. Сол кезеңнен бері Ішкі әскер алға қойылған тапсырмаларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституциялық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақтылығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолындағы жауапты қызметті абыроймен атқарып келеді. Антқа адал болу керек, – деді «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Владимир Березовиков.
Сондай-ақ, сарбаздардың туған-туыстары да тілектерін арнады. Осы күні әскери антты 200-ге жуық жас сарбаз қабылдады. Ант қабылдаған сарбаздар Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарына Отан алдындағы ең ұлық қызметін өтеуге аттанды.
Нұрдос КӘРІМ