Сарапшылар: «Атом саласында Қазақстаннан тәжірибесі аз мемлекеттер де АЭС салып жатыр»
Алматыда ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен отырыста сарапшылар бейбіт атом тақырыбын талқылады, деп хабарлайды Ortalyq.kz kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Абай Серікқанов еліміздің бейбіт атом саласындағы ғылыми әлеуеті туралы айтты.
– Атом физикасы бойынша еліміздің ғылыми әлеуетін анықтау үшін Ғылым академиясы өткен жылдан бастап Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың, Семей қаласындағы Ядролық қаруды қолданудың салдарын жою орталығының, Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытының, Алматыдағы Ядролық физика институтының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, біз Дубна қаласында орналасқан халықаралық үкіметаралық ғылыми-зерттеу ұйымы – Біріккен ядролық зерттеулер институтына барып көрдік. Оның құрылтайшыларының бірі – біздің мемлекетіміз. Мұнда 100-ге жуық қазақстандық ғалымдар зерттеу жүргізіп жүр. Ондағы ғалымдардың орта жасы – 27. Соңғы 2 жылда олар жоғары рейтингті журналдарда 316 ғылыми мақала жариялады, – деді вице-президент.
Сондай-ақ Абай Серікқанов еліміздің қандай жоғарғы оқу орындарында атом саласының мамандары оқытылатынын атап өтті.
– Бейбіт атом саласына мамандар Серікбаев атындағы ШҚТУ, Аманжолов атындағы ШҚУ, Шәкәрім атындағы СМУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев атындағы ҚҰТЗУ және Дәукеев атындағы АЭБУ-да дайындалады. Атом саласының ғылыми нәтижелеріне келсек, соңғы жылдары 473 мақала жоғары рейтингті журналдарда жарияланған. Бұл осы саладағы жақсы іргетас бар екенін көрсетеді. Айтылған көрсеткіштерге сүйене отырып, Қазақстанның бейбіт атом саласын дамытуда айтарлықтай әлеуеті бар деген байламға келеміз, – деді Абай Серікқанов.
Ал, Орталық Азиядағы New NuclearWatch Institute Консультациялық кеңесінің төрағасы Бауыржан Ибраев бейбіт атом саласында Қазақстаннан әлеуеті әлдеқайда төмен елдер атом реакторын салып жатқанын айтты.
– 2018 жылы Өзбекстан АЭС салуға шешім қабылдаған кезде ресейлік тарап бізге келіп ұсыныс жасап, өзбек еліне қарағанда бұл салада біздің әлеуетіміздің жоғары екенін атап өтті. Одан кейін ешқандай тәжірибесі болмаса, мұндай шешімді Моңғолия қабылдады. Ал біз «қажет па, жоқ па» деген сұрақтың төңірегінде әлі жүрміз. Елімізде АЭС қажеттілігі көп уақыт бұрын туындады. Дамыған мемлекеттердің барлығы дерлік өз экономикасын атом энергетикасына сүйеніп көтерді дей аламын, – деді Бауыржан Ибраев.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.