АймақБас тақырыпСаран

Саранның сапалы өнімі Сингапурге дейін жетті

Саранның сапалы өнімдері алыс-жақын шетелге шығып жатыр. Мәселен, Silk Road Electronics серіктестігі өндіретін Artel брендінің тұрмыстық техникалары Ресейдің сауда орындарында сатылып жатыр. Ал QazTehna зауыты құрастырған автобус Баку мен Душанбе қалаларының жолында жүр. Кәсіпорынның басқа да техника түрлері Ресейге экспортталады. Яғни, Сараннан, Қарағандыдан шыққан сан саладағы сапалы өнім Сингапурге дейін жол тартып отыр. Мұның бәрі – өңірдің жасампаз еңбегінің, жаңа технологияларды игерген кәсіпорындардың және халықаралық талапқа сай жұмыс істеудің нәтижесі. Яғни, Қарағанды облысы бүгінде – Қазақстанның экспорттық картасында айрықша орны бар қуатты индустриялық өңір.

Суреттер кәсіпорындардан алынды

Экспорты екі есе

Осыған қарап, өндірісі өркендеген өңірдің соңғы жылдары еліміздегі индустриялық дамудың негізгі аймақтарының біріне айналып, ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарықтарды да белсенді игере бастағанын аңғарамыз. Мұнымызды статистикалық көрсеткіштеріміз де ресми растайды. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі биылғы жартыжылдықта өңдеуші өнеркәсіпке көрсетілетін қолдау көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есе өскені байқалатынын жазған еді. Тауар экспорттаушы өңірлер арасында Қарағанды облысы көш бастап тұр. Агенттіктің жалпы қолдау көрсету көлемінің 52,7 пайызы индустриалды аймақтың еншісіне түсті. Өңір кәсіпорындары 176 миллиард теңге көлемінде қолдау тапты. Былтыр да Қарағанды өңірі үздік атанған еді. Ел бойынша жалпы көлемнің 37,8 пайызын қамтыған болатын. Қарағандылық кәсіпорындар 64,9 миллиард теңге болатын экспорттық келісімшартын жасасқан. Өткен жылғымен салыстырсақ, қаражат көлемі екі есеге жоғары. Демек, Қарағандының экспорты екі есеге өсіп отыр.

Экспортқа негізінен азықтүлік, металл өнімдері, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен өнімдері және құрылыс материалдары шығып жатыр. Отандық өнімдерді сатып алып жатқан басты елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей Федерациясы, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Моңғолия, БАӘ және тағы басқалары.

«КазАрматура» – алпауыт компаниялармен серіктес

Өнімін экспортқа ертеде шығарған «КазАрматура» зауытының шетелдегі серіктестері саны артып келеді.
Компания Ресейдегі «Роснефть» Ұлттық мұнай компаниясы тарапынан әлеуетті жеткізушілер тізіміне енгізілу үшін аккредиттеу рәсімінен жыл сайын өтіп тұрады.

Өнімдерін көршілес мемлекеттегі «Сибур», «ИстЭнергоГруп­Урал», «Газнефтесервис», «Гравис», «Брикс», «Армапарк», «СтройЛидер» секілді іргелі кәсіпорындарға өткізеді.

Өнеркәсіп арматуралары, мұ­най-газ жабдықтары, энергетикалық жабдықтардың түр-түрін даярлайтын өндіріс ошағы Қырғыз­стан еліндегі «Электр станциялары» мен «Бішкек жылу желілері» серіктестігіне жеткізеді. Мұнымен қоса, кәсіпорын сапалы тауарын Өзбекстан Республикасының әйгілі «Eriell Oilfield Services Middle East DMCC» компаниясы да тұтынады.

ТМД-мен тығыз байланыста

Резеңке-техникалық бұйымдар шығаратын «Восход» кәсіпорнының өнімдері ТМД елдері мен жақын шетел нарықтарына кең көлемде жеткізілуде. Экспорт географиясының өсуі – өнімнің сапасы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін көрсетіп отыр.

Өндіріс орны өз тұтынушыларымен ұзақ мерзімді, сенімді байланыс орнатқан. Тау-кен өндіру, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және өндіріс секторларында жұмыс істейтін ірі корпорациялар компанияның тұрақты тапсырыс берушілеріне айналып үлгерді.

Бұл өз кезегінде өнімнің сапасына деген сеніммен қатар, кәсіпорынның өз міндеттемелерін уақытылы және мінсіз орындауының нәтижесі.

Экспорттық бағытты кеңейту – кәсіпорын үшін стратегиялық мақсат. Сондықтан, өндірісте жаңашыл технологияларды енгізу, өнімнің сапасын жетілдіру, халықаралық талаптарға сәйкестікті күшейту бағытында күнделікті жұмыс жүргізіліп отыр дейді серіктестік басшылығы. Сәйкесінше, бұл шешім мемлекет тарапынан көрсетілетін экспортты қолдау тетіктерімен үндесіп, компанияның шетел нарығындағы беделін арттырып отыр.

Алдағы уақытта да кәсіпорын экспорт көлемін ұлғайтып, шетелдік серіктестер ауқымын кеңейтуді көздейді. Тиімді логис­тика, сапаға тұрақты бақылау, серіктестік мәдениеті мен өндірістік тәртіп – әлемдік бәсекелестік жағдайында басты артықшылықтардың бірі.

Палатаның кәсіпкерлерге пайдасы

Кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпорындарының халықаралық нарыққа шығуына жан-жақты қолдау көрсетіп, экспорттық әлеуетті күшейтуге айтарлықтай үлес қосып отырған ұйым.

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов экспортқа бағытталған бизнестің маңызын ерекше атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

– Біз өңірдегі экспортқа бейімделген кәсіпорындардың арнайы тізілімін жүргіземіз. Қазір онда 140-тан астам компания бар. Бұл кәсіпорындар күнделікті өндірісін күшейтіп қана қоймай, сыртқы нарыққа сенімді қадам жасап жатқан кәсіпкерлер. Палата олардың әрқайсына экспорттық рәсімдер, сертификаттау талаптары және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес береді, – дейді Ернар Дауылұлы.

Экспорттағы ең маңызды тетіктердің бірі – сыртқы сауда операциялары үшін қажетті құжаттарды дұрыс және уақытылы рәсімдеу. Бұл – халықаралық талаптармен тығыз байланысты болғандықтан күрделі үдеріс. Осы орайда Палата кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, нақты көмек көрсетіп келеді.

– 2024 жылы кәсіпкерлер палатасы 19 085 экспорттық сертификат, 985 СТ-KZ сертификаты және 150 индустриялық сертификат берді. Бұл – біздің өңірдің халықаралық нарыққа шығуға деген зор қызығушылығын көрсететін айқын көрсеткіш. Сонымен қатар, экспорттық өнімге қойылатын талаптар мен сертификат алу тәртібі бойынша оқыту сессияларын тұрақты түрде өткіземіз. Кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі, – дейді ол.

Палата жұмысының түпкі мақсаты – Қарағанды кәсіпорындарының өз өнімін әлемдік нарықта еркін сатуға мүмкіндік жасау, олардың алдында тұрған әкімшілік кедергілерін азайту және экспорттың өсімін қамтамасыз ету.

– Біздің міндет – өңір бизнесінің сыртқы нарыққа шығуына қолайлы жағдай жасау. Осы арқылы Қарағанды облысының экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосамыз, – дейді Ернар ­Дауылұлы.

Қарағандының қарышты қадамы

Өңір экспортының екі есеге өскені – жай ғана статистика емес, бұл Қарағандының өнеркәсіптік әлеуеті артып, әлемдік бәсекеге батыл қадам жасап отыр­ғандығының айшықты айғағы.

«КазАрматура», «Восход» тәрізді кәсіпорындардың өнімдері ТМД нарықтарында сенімге ие болып, халықаралық әріптес­тік ауқымы тұрақты кеңейіп келеді. Бұл – сапаға деген табандылықтың, өндірістегі тәртіп пен технологиялық жаңғырудың жемісі.

Мұнымен қоса, кәсіпкерлер палатасы 140-тан астам экспортқа бағытталған компанияның сенімді серігіне айналып, олардың алыс-жақын нарыққа шығуына нақты жол ашып отыр.

Қарағандыда жасалған өнімнің алпауыт елдерге де жетуі – өңірдің жаңа экономикалық келбеті. Бұл – біздің кәсіпорындар сапаның да, сенімнің де, сұраныстың да талаптарына жауап бере алатынын көрсетіп отыр.

Алдағы міндеттер де айқын: осы серпінді бәсеңдетпей, экспорт географиясын кеңейту, жаңа нарықтарды игеру, Қарағанды өнімін әлемдік бренд деңгейіне шығару.
Өйткені, экспорт өрлеген жерде экономика күшейеді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button