АймақСаран

Саранның дамуында серпіліс бар

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарын Саран қаласынан бастады. Облыстағы барлық аймақтардағыдай, мұнда да көктемгі жалпықалалық сенбілік өтті. Яғни, тұрғындар көшелерді қыстан кейін ретке келтіруге кіріскен. Сапар барысында аймақ басшысы жергілікті колледждерде кәсіби мамандарды даярлау барысымен танысты. Одан бөлек, қаланың алдағы дамуы мен инфрақұрылымдық жобаларын талқылады.

Облыс бойынша жарияланған көктемгі тазалық айлығы аясында қала тұрғындары, еріктілер, студенттер мен мемлекеттік қызметкерлер аулаларды, көшелерді, қоғамдық орындарды қыстан қалған қоқыстан тазартып, ағаш отырғызып, көктемгі жаңару кезеңін ұйымшылдықпен қарсы алды.

– Бізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бүгін Саранда қала тұрғындары сенбілікке аулаларын, көшелерін, гүлбақтарын тазартуға шықты. Бұл – біздің ортақ жеріміз! «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға шақырамын. Бұл біздің ортақ үйімізді бірлесе отырып, жайлы әрі таза ету үшін қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев қала тұрғындарына.

Аймақ басшысы қала басшылығымен және полициямен бірге аулаларды аралады. Саран әкімі Дарын Бұлқайыр абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша екі айлық барысында қалада рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлер жойылып, жеке секторға жаңа қоқыс контейнерлері орнатылатынын хабарлады.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция қызметкерлері жұмыс жүргізуде. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша жеке және заңды тұлғаларға ескерту қарастырылған. Бұзушылықтарды жоюға мерзім береміз. Тұрғындарға қаламызды сүйіп, тазалықты сақтаңыздар деймін! – деді облыстың полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Соңғы жылдары Саран өндіріс пен инвестиция тарту саласында жаңа белестерге көтеріліп келеді. Қаладағы индустриялық аймақтың қарқынды дамуы – тек экономикаға ғана емес, әлеуметтік салаға, тұрғын үй құрылысына және кәсіпкерлікке де оң әсер етуде. Саран индустриалды аймағының дамуымен тұрғын үй салынып, жаңа бизнес нысандары ашылуда. Аймақ бүгінде облыс экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Мұнда соңғы жылдары ірі отандық және шетелдік инвесторлар тартылып, бірнеше өндіріс орны ашылды.

Сапар барысында аймақ басшысы қаладағы алғашқы жекеменшік медициналық клиникаға барды. Инвесторлардың айтуынша, бұл жерде қала тұрғындары білікті мамандардың қызметіне жүгіне алады.
Облыс әкімі сондай-ақ, Saran индустриалды аймағының кәсіпорындарына маман даярлайтын екі колледждің ұжымымен кездесті. Оқу кезінде студенттер өндірісте тәжірибеден өтіп, бітірген соң бірден жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

Аймақ басшысы оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, студенттермен және оқытушы құраммен жүздесті. Кездесу барысында өңірдің өндірістік даму қарқынына сай жұмысшы мамандықтардың өзектілігі, дуалды білім беру жүйесін кеңейту, өндірістік практика базаларын жетілдіру секілді мәселелер талқыланды.

Саран техникалық колледжі «Полимер өндірісі» біліктілік орталығын ашуды жоспарлап отыр. Қалада бірнеше кәсіпорын осы салада жұмыс істейтіндіктен, бұл – өзекті.

Дарын Бұлқайыр қаланың одан әрі дамуы туралы баяндады. Айтуынша, иесіз электр желілері коммуналдық меншікке қабылданған. Биыл 30 шақырымға жуық электр беру желісін жөндеу де жоспарда бар. 14 көшеге 400-ден астам жаңа жарық тіректері орнатылады. Су құбыры желілері, кәріз желілері қайта жаңартылады.

Ермағанбет Бөлекпаев коммуналдық мәселелерді шешу басымдыққа ие екенін атап өтті. Ең бастысы – су мен жылу. Таза ауыз су әрбір үйде болуы үшін желілерді жаңғыртуды аяқтау қажет. Көп қабатты тұрғын үйлерді орталық жылу көзіне толық қосу, сондай-ақ, электрмен жабдықтауды жақсартумен айналысу талап етіледі.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет облыс әкімдігінен

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button