Спорт

Сарандық ардагер спортшы ел чемпионатынан жүлдемен оралды

Сарандық ардагер спортшы Григорий Кубагишев ардагерлер арасындағы жеңіл атлетикадан ел чемпионатында үш медаль жеңіп алды.

Сурет: обылстық СФ

Григорий Кубагишев – 52 жаста. Бұл спортшының бірінші жеңісі емес. Бұған дейін соңғы 10 жылда бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жарыстардан жүлдемен оралған. Ардагер бос уақытының бәрін спортқа арнайды. Үнемі велосипедпен серуендеп, кір тасын көтереді. Тіпті, бір мезгіл бассейнге де барып тұрады екен.

– Денсаулығымды күту мақсатында 42 жасымнан бастап жүгіруді бастадым. Мен үшін жүгіру – өз-өзіңді тәрбиелеу деген сөз. Сегіз жылдан кейін «Мен неге жарыстарға қатыспаймын?» деген ой келді. Сөйтіп, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Карповпен кездестім. Кейін мені Қарағандыда өткен алғашқы жарысқа шақырды. Содан бастап спортты жаныма серік еттім. Күн сайын әуелі 3 шақырым жүгіріп өтемін. Содан кейін 5 шақырым, одан барып 10 шақырымға көшемін. Аптасына бір мәрте демаламын, – деді ардагер спортшы.

Биылғы жыл жеңіл атлет үшін толайым табыстармен басталды. Әуелі облыстық Президенттік көпсайыста ІІ орын алды. Содан кейін, осы айда жеңіл атлетикадан ардагерлер арасындағы ел чемпионатына қатысып, үш медаль жеңіп алды. 50-ден 54 жасқа дейінгі жас санатында өнер көрсетіп, 400 және 1500 метр қашықтықты бағындырып, күміс жүлдені қанжығалады. Сонымен қатар, 3000 шақырымды жүріп өтіп, қола жүлдені жеңіп алды.

Бүгінде Григорий Кубагишев «Қазақтелеком» компаниясында кабельші-дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Алайда, жұмысы жаттығуына ешқандай кедергісін келтірмейді екен.

– Жеңіл атлетикамен кез-келген жастағы адам шұғылдана алады. Өзім жазда стадионда жүгіріп, қыста далада жаттығамын. Мен үшін ауа-райы кедергі емес. Қазір туған әпкем жүгіруді бастады. Спортпен айналысуына мен себеп болдым. Сәуір айында Алматыда өтетін марафонға қатыссам ба деп отырмын. Одан бөлек, тағы да бірнеше жарыс бар. Соның бәрінде өнер көрсетсем деп отырмын, – дейді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button