Жаңалықтар

Саранда өткен семинар

Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесі жақында Саран қаласында кезекті облыстық көшпелі семинар-кеңес өткізді. Қонақтарды Саран қаласы əкімінің орынбасары Сағындық Бейсекеев, қалалық мəслихат төрағасы Өміржан Баймағамбетов бастаған жұртшылық өкілдері қалыптасқан дəстүрге сай қала қақпасы алдында құшақ жая қарсы алды. Шашу шашылып, көркемөнерпаздар əн мен күй сыйлады. Қонақтар мен қала басшылары Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сурет автордан

Қонақтар жүз жылдық тарихы бар Абай атындағы жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде сонау 1922 жылы іргесі қасиетті Қарқаралы қаласында қаланған оқу орнының музейінде болып, аудиторияларын аралады. Колледжде семинар-кеңестің пленарлық мəжілісі өткізілді. Мəжілісті кіріспе сөзбен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин ашты. Саран қаласының əкімі Еркін Баулықовтың семинарға қатысушы ардагерлерге арнаған құттықтауы таныстырылды. Жиналғандар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабике Тоқышеваның, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары Айман Хайруллина мен Тамара Кучеренконың бейнетаспамен безендірілген хабарламаларын мұқият тыңдады. Саран қаласында «Ардағым – Ардагерім» əлеуметтік маңызды жоба аясында тындырымды істер атқарылып отыр. Қалалық кеңес елдімекенде жаңадан ашылған өндірістер: «Қазцентрэлектропровод» ЖШС (директоры С.Ким), «СКЭП» ЖШС (Ш.Исенов), «Галекс» тігін-тоқыма фабрикасы» ЖШС (Г.Бланкина), «КазТехна» ЖШС (А.Майқонов) тағы басқа да кəсіпорындармен тығыз ынтымақ орнатып, ардагерлерге қайырымдылық көмек ұйымдастырып отырады.

Мұнан кейін семинар-кеңесте Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық кеңес төрағасы Тілеубек Камалиев жəне Осакаров аудандық кеңесінің төрағасы Ислам Шəкірбеков сөз сөйлеп, тəжірибелерімен бөлісті. Мəселен, облыс орталығының орталық ауданында қазақ халқының даңқты перзенттері Қаздауысты Қазыбек бидің, «Көмекей əулие» атанған Бұқар жыраудың, орыс отаршылдығына қарсы күрес бастаған Сырым Датұлының, басқа да тұлғалардың құрметіне қызықты шаралар өткізілсе, Осакаров ауданы көршілес астықты аудандар Қарағандының Нұрасы мен Ақмоланың Аршалы аудандары ардагерлерінің кездесулерін ұйымдастырып отыр. Əріптестерін, əсіресе Осакаров аудандық кеңесінің «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы аясында қаржы тауып, жұмысын ұйымдастыруы қатты қызықтырды.

Түстен кейін ардагерлердің кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып, жазылып жүрген Сарандағы инновациялық өндіріс орындарының бір-екеуімен танысудың сəті түсті.

Семинар-кеңесте ардагерлер қозғалысының бір топ белсенділеріне республикалық Орталық кеңес пен облыстық кеңестің наградалары табыс етілді. Қарқаралы аудандық кеңесінің төрағасы Ойрат Жүкібаев, Нұра аудандық кеңесінің президиум мүшесі Анатолий Романенко жəне Ақтоғай аудандық кеңесінің жауапты хатшысы Қайырқұл Сүйіндіков рес публикалық «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды. Ал, Саран қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Айман Хайруллина «Қарағанды облысының Құрметті ардагері» төсбелгісіне ие болып, есімі кеңестің Құрмет кітабына жазылды. Сондай-ақ, осы шараны ұйымдастырып, ардагерлер ұйымы мен қарт адамдарға қайырымдылық көмек көрсетіп жүрген қаланың кəсіп орын, мекеме басшылары мен жекелген азаматтарына облыстық кеңестің Алғыс хаттары жолданды.

Семинар-кеңестің жұмысы бойынша түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітапша шығарылып, ардагерлер ұйымдарына таратылады.

Аман ЖАНҒОЖИН,
облыстық кеңестің жауапты хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button