Бас тақырыпБасты тақырыпЖаңалықтар

Саранда «ТЭМПО-Қазақстан» құбыр зауыты ашылады

«Қарағанды облысының өнеркәсіп өзегіне айналған Саран индустриялық аймағында заманауи құбыр шығаратын жаңа зауыт іске қосылады. Жоба импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі-сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді, 500 жаңа жұмыс орны ашылады» деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Суреттер «ТЭМПО-Казахстан» ЖШС

Саран индустриялық аймағы машина жасау мен өңдеу өнеркәсібінің өсу нүктесіне айналды: бүгінде мұнда әлемдік стандарттарға сай өнім шығаратын бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді, мыңдаған жұмыс орны құрылды. Сол жобалардың ішінде Қазақстанда баламасы жоқ «ТЭМПО-Қазақстан» құбыр зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір өндірістік алаңда іске қосу-реттеу жұмыстарына дайындық жүріп жатыр.
Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 300 мың тоннаға дейін. Зауыт диаметрі 57-630 мм аралығындағы электрдәнекерленген және профильді болат құбырларды шығарады. Өнім мұнай-газ, құрылыс индустриясы және ТКШ салаларында қолданылады. Коммуналдық сектор үшін жылу жоғалтуды азайтатын алдын ала оқшауланған құбырлар өндірісі жолға қойылады.

Жобаның Саран индуаймағында орналасуы кездейсоқ емес: дайын өндірістік инфрақұрылым, ыңғайлы логистика және инженерлік желілер мерзімдерді қысқартуға мүмкіндік берді.

– Бізге электр қуаты, газ, теміржол жолдары және дайын алаң берілді. Бұл құрылыс мерзімін бірнеше айға қысқартуға мүмкіндік берді. Сол үшін аймақ басшылығына зор алғыс айтамыз, – деді «ТЭМПО-Казахстан» ЖШС бас директоры Қайрат Бірманов.


Зауыт іске қосылғанға дейін-ақ кадр іріктеу жүріп жатыр: инженерлер, операторлар, логистика және сату мамандары қажет. Үміткерлер түйіндемесін hr@tempo.kz поштасына жолдай алады. Компания Қарағанды облысының Білім басқармасымен меморандум жасасып, студенттерге нақты мамандықтар бойынша оқыту мен өндірістік тәжірибе ұйымдастырады. Түлектерге жұмысқа орналасуда басымдық беріледі.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button