АймақБас тақырыпЖаңалықтарСаран

Саранда 16 жаңа балалар ойын алаңы орнатылады

Саран қаласында биыл абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Бұл кешенді бастама балалар ойын алаңдарын орнату мен жөндеуден бастап, қоқыс алаңдарын жаңарту, қоғамдық көлік сапасын арттыру және цифрлық технологияларды енгізуге дейінгі түрлі бағытты қамтиды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Атап айтқанда, қалада биыл 16 жаңа балалар ойын алаңы орнатылуда, оның ішінде 11 алаң «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынуда. Сонымен қатар, 1А шағынауданында және «Сұңқар» стадионы маңында «каравелла» үлгісіндегі екі ірі ойын кешенін орнату көзделген. Жаңа алаңдар Дубовка, РТИ ауданы және өзге де қоғамдық орындарда да пайда болады.

Бұған қоса, қолданыстағы инфрақұрылым да назардан тыс қалмады. Бұрын орнатылған 10 аула алаңы жөнделіп, үшеуіне жаңа жасыл төсем төселді. Бұл шаралар ойын алаңдарының сапасын сақтау мен ұзақ мерзімді пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қаланың тазалығы мен санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында қоқыс алаңдарын жаңарту мен контейнерлерді ауыстыру жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда қалада 93 қоқыс алаңы және 374 контейнер бар. 2025 жылы 24 жаңа алаң жабдықталып, 100 заманауи контейнер орнатылды. Ең маңызды жаңалықтардың бірі – жер астындағы контейнерлердің енгізілуі. Бүгінде мұндай 20 контейнер жұмыс істеп тұр, олар 80 дәстүрлі контейнердің орнын алмастырды. Бұл – коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасының маңызды бөлігі.

Жаңартылған алаңдарда QR-кодтар орнатылып, тұрғындар қызмет көрсетуші ұйыммен жылдам байланысып, туындаған мәселелер туралы хабарлай алады.

Қоғамдық көлік саласында да жаңашылдықтар бар. Қаладағы барлық автобустарға Wi-Fi желісі орнатылды. Қазіргі таңда Саранда 13 бағытта «Транко Экспресс» ЖШС-не тиесілі автобустар қатынайды. Заманауи жабдық тасымалдаушы компанияның есебінен орнатылған. Бұл бастама қалалық цифрландыру бағдарламасы аясында жолаушыларға жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button