Өткен қыстың жылыту маусымы басталған қазан айының басындағы жағдайды сарандықтар әлі ұмыта қойған жоқ. Сол мерзімдегі 3 күнде мұнда жаңадан салынған жылу-энергия орталығынан жіберілген жылу қалаға жетпей, ол суықта қалтырап, бүрсеңдеген тұрғын халықтың орынды ашу-ызасын туғызған-ды. Осыдан кейін аталған орталыққа орнатылған арзан насостар мен технологияның бұзылуынан орын алған кемшіліктердің салдарынан қала әкімі Еркін Баулықов қызметінен кетіп, жаңадан тағайындалған әкім Дарын Бұлқайыров пен оның орынбасары Дастан Әрнешевтің оны жою үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей, бел шешпеген күндері аз емес.

Олар осы мақсатта қолда бар күштерді жұмылдырып, жылу-энергия орталығында тұрған қазандықтың 4 пешінің біреуінің күшімен Сарандағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың жартысына жуығын қыс бойы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіп, қалғандарын бұрыннан қолданылған оқшау қазандықтарды іске қосу арқылы жылыту маусымын одан әрі ың-шыңсыз аяқтап шығуға қол жеткізген.
– Бұл біз үшін үлкен сабақ болып, енді мұндай апатты жағдайдың қайталанбауына күш салып, жылу-энергия орталығы мен қаланың жылыту жүйелерін алдағы қыстың қатал сынына 100 пайыз дайын қылдық. Қазірде қалаішілік жылу жүйелері сығымдалып, шайылып, гидравликалық сынақтан өткізіліп, 15 қыркүйектен бастап, қалаға жылу беріле бастады. Бұл мәселе күнделікті біздің тұрақты бақылауымызда, – дейді Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыров.
Айтқандай, жылыту маусымы аяқталған сол көктем мезгілінен бері жаз бойы жылу-энергия орталығы қазандығының 4 пешінде де әлгі арзан насостар бәсі жоғары жаңасына ауыстырылып, түтін сорғыш, датчиктер, тағы да басқа механизмдер тексеріліп, айырбасталған көрінеді. Егер қыс бойы орталықтың қазандығында жағуға 30 мың тонна көмір қажет болса, әзірге оның бір жарым айға жетерлік қоры жинақталып, облысымыздың Кузнецк кенішінен күніне 400 тонна көмір жеткізілуде.
Биылғы қысқы жылыту маусымында қаладағы 240 көпқабатты үйдің барлығы мен 45 әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылған. (Бұл сынақ түріндегі қосу болғандықтан тұрғындар жылу ақысын тек 1 қазаннан бастап төлейді). Оларға жылу баратын қалаішілік 36 шақырым және жылу-энергия орталығынан қалаға дейінгі аралықтағы 5,5 шақырым магистралдық тораптардың бәрі өткен жылы жаңадан төселгендіктен апат қаупінің ауылы алыс. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, алда-жалда сондай жағдай туындай қалса, қаладағы 21 оқшау қазандық та сақадай сай тұр. Жаз айларында оларға да тексеріс жасалып, тиісті жөндеу жүргізілген. Сол дербес қазандықтың төртеуі бүгінде қаланың бүйіріндегі бұрынғы Резина-техникалық зауыт аймағындағы 24 көпқабатты үй мен сондағы өнеркәсіп кәсіпорындары аумағын жылытуға пайдаланылып отыр. Осы 4 қазандықтың қыс бойы жағатын 12 мың тонна көмірі де қоймаға тасылып алынған екен. Ал қалған дербес қазандықтар, жылу-энергия орталығының 3 пеші де резервке қойылыпты. Ендеше Саран қаласы тұрғындарының алдағы қыстың қаһарынан қаймығып, қорқатындай жөні жоқ.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
САРАН
Суреттер ұйымдастырушылардан