Жаңалықтар

Саран қаласында Zhas Project жобасы бойынша спорттық акробатика мектебі ашылды

Саран қаласында Zhas Project жобасы бойынша спорттық акробатика мектебі ашылды. Енді қала балалары секіру, айналу және басқа акробатикалық жаттығуларды кәсіби жаттықтырушылардан үйрене алады. 

Саран қаласының тұрғыны Абай Еркен жобамен бұрыннан таныс. 2017 жылы ол Zhas Project жобасында тәлімгер болды, жас кәсіпкерлерге жобаны бастауға және оны логикалық мәресіне жеткізуге көмектесті. Биыл жоба қайта басталғаны туралы біліп, қатысуға өтініш беруге шешім қабылдағанын айтады.

– Менің туған жерімде акробатика мектебін ашу ойы жақында пайда болды. Бұл көбіне жобаның арқасында танысқан Алена Чернованың идеясы. Аленаның Шахтинскіде цирк өнері мен гимнастика мектебі болды. Саранға көшкеннен кейін де спорт секциясын ашу туралы ой келді. Біз бәрін өз қолымызбен жасағымыз келді. “Instagram”-да біздің облыста жобаны қайтадан іске қосқанын көргенде, мектепті ашуға өтініш білдірдім, ол мақұлданды, – дейді Абай Еркен.

Бөлінген қаражатқа жобаға қатысушы құрал-жабдықтар сатып алды: гимнастикалық төсеніштер мен бөренелер, татами, таяқшалар, сфералар, степ-платформалар және т. б. Үй-жайды Саран балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы тегін берді. Балаларды мектепке тарту үшін @azbuka_akrobatiki Instagram парақшасы құрылды.

Әзірге секцияда 3 жастан 12 жасқа дейінгі 50-ге жуық бала тегін айналысады. Жаттығуды Абай мен Алена жүргізеді. Екеуінің де дене шынықтыру білімі бар. Алена Чернова тек жаттықтырушы ғана емес, сонымен қатар хореограф. Оның 15 жылдық оқытушылық тәжірибесі бар. Ол жыл сайын бейіндік шеберлік сабақтарына қатысу арқылы біліктілігін арттырып отырады.

– Үйірмемізге біз күткеннен де көп балалар келді, оған қуанышымыз шексіз. Біз балаларға негізгі білім береміз, содан кейін балалар кәсіби түрде айналыса алады. Акробатика – бұл жақсы қалып және бала кезінен жалпақ табан дертінің алдын алу болып табылады. Сонымен қатар, бұл мінезді қалыптастырып, тәртіп және төзімділікке үйретеді. Балаларға спорттық разрядтар беру мүмкіндігі болу үшін федерацияға кіруді жоспарлап отыр. Болашақта мен ерекше балаларға арналған акробатика және гимнастика элементтерімен жаттығу терапиясын өткізгім келеді. Бірақ бұл үшін арнайы жабдық қажет, – дейді Алена Чернова.

Үш айдан кейін жобаға қатысушы өз қызметін коммерцияландыра алады. Абай ЖК ашуға өтінім берді. Үй-жайды жалға алу үшін ақы төлеу, жабдықтарды жаңарту және одан әрі дамыту қажет. Сабақтар ақылы болады, бірақ әлеуметтік осал топтардағы бірнеше әлеуеті зор балалар үшін гранттар қарастырылады.

Биыл Zhas Project жобасы Қарағанды және Ұлытау облыстарында іске асырылды. Жастардан 537 өтінім келіп түсті, 61 адам бір миллион теңге көлемінде шағын грант иегері атанды. Жастардың бастамаларын қолдауға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қаражат бөлді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі 

Басқа материалдар

Back to top button