Саран қаласында жаңа мешіттің қазығы қағылды
Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында жаңа мешіттің қазығын қағу рәсімі өтті.

Тарихи іс-шараға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы, қала әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев, Саран қалалық мешітінің имамы Нұржігіт Оразалыұлы, қала дін қызметкерлері, жергілікті жамағат және қазыналы ақсақалдар қатысты.
Сыйымдылығы 1000 адам болатын, екі қабаттан тұратын заманауи мешіт «Рабочая» көшесінде бой көтермек.
Бірінші қабатында 400 адамға арналған асхана болса , екінші қабаты үлкен намазхана, имамдар бөлмесі мен құран оқитын бөлмемен қамтылмақ.
Облыс бас имамы құрылыс алаңы басында мешіт жобасымен танысты. Жиылған жамағатпен бірге арнайы дұға жасап, құрбандық шалғаннан кейін мешіттің қазығын қағып, бұл жерде бой көтеретін Алла үйінің ел игілігі жолында жемісті қызмет етуін тіледі.
Айта кетейік, мешіт жергілікті тұрғындар мен демеуші азаматтардың қаржылай көмегі негізінде салынады.