Саран қаласында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жеңімпаздары анықталды
Бүгін Саран қалалық Мәдениет үйінде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Жыр бәйгесіне қала мектептерінен отыздан астам оқушы қатысып, жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасындағы «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтып бақ сынасты.

Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Байқаудың ашылуында қала өнерпаздары өнер көрсетіп, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова жас жыршыларға сәттілік тілеп, бұл жобаның жас ұрпақтың рухани дамуына берер пайдасын атап өтті.

Қазылар алқасының құрамында «Тұлпар мініп, ту алған!» жобасының облыстық жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, ардагер-ұстаз Гүлжан Жүсіпбекова, «AMANAT» партиясы Саран қалалық филиалының кеңесшісі Айнұр Аяғанова, сондай-ақ Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының орынбасары Ернар Махаметчин болды.

Сайыста оқушылардың жырды толық меңгеруі, жатқа айтуы, үздіксіз әрі мәнерлі жеткізуі басты бағалау өлшемдері ретінде қарастырылды.
Қазылар шешімімен жеңімпаздар анықталып, облыстық кезеңге жолдама берілді:
1 орын (150 мың теңге) – 7 мектеп-интернатының оқушысы Ақнұр Қуандықова, мұғалімі – Марал Айдарбекова;
2 орын (100 мың теңге) – Абай атындағы мектептің оқушысы Айгерім Ерланқызы, мұғалімі – Гүлбаршын Уатхан;
3 орын (70 мың теңге) – Абай атындағы мектептің оқушысы Назым Жарденбек, мұғалімі – Гүлбаршын Уатхан.

Айта кетейік, «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауы Қарағанды облысында қыркүйек айында басталған. 6–10 сынып оқушылары арасында өткізіліп жатқан іріктеу кезеңдері 20–28 қараша аралығында өтуде. Ал облыстық кезең 10 желтоқсанда ұйымдастырылады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



