Саран қаласында 4,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды
Бүгінгі таңда Saran индустриялық аймағында жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын алты ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайырдың айтуынша, аталған жобалар 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген.

Жыл соңына дейін индустриялық аймақта тағы екі ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
– Мемлекеттік қолдау мен 318 миллиард теңгеден астам инвестиция тартудың арқасында Saran индустриялық аймағында алты ірі жобаны іске асыру мүмкін болды. Бұл Саран қаласының дамуына зор серпін беріп отыр. Экономиканы әртараптандырудың нәтижесінде біз қазір қаланың тіршілігі мен инфрақұрылымын өз бюджетіміздің есебінен жақсартуға мүмкіндік алдық, – деді қала әкімі.
Бүгінде қалада су құбырлары 100 пайызға жаңартылып, кәріз жүйесі толықтай қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар, Саран қаласы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.