Саран қаласы тұрғындарына 1800 ақпараттық парақша таратылды
Саран қалалық Ұлттық коалицияның мүшелері референдумға дайындық аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгін қала аумағында кең ауқымды «Есіктен есікке» акциясы ұйымдастырылды. Акцияның басты мақсаты – тұрғындарға референдум туралы толық әрі нақты ақпарат жеткізу, оның маңызы мен мәнін түсіндіру.

Коалиция мүшелері қаланың әрбір шағынауданын аралап, тұрғындармен тікелей кездесулер өткізді. Әр үйдің есігін қағып, азаматтармен әңгімелесіп, референдумның мақсаты, маңызы және оған қатысудың азаматтық жауапкершілік екені жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, коалиция өкілдерінен нақты жауап алды.
Акция барысында ақпараттық-түсіндіру материалдары кеңінен таратылды. Жалпы саны 1800 ақпараттық парақша қала тұрғындарына жеткізілді. Парақшаларда референдум туралы негізгі мәліметтер, дауыс беру тәртібі және азаматтардың қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат қамтылған.
Шара барысында коалиция мүшелері әр тұрғынға жеке көңіл бөліп, олардың пікірлерін тыңдап, азаматтық белсенділікті арттыруға шақырды. Мұндай тікелей байланыс тұрғындардың ақпаратты дұрыс қабылдауына және қоғамдық маңызды мәселелерге бейжай қарамауына ықпал етеді.
«Есіктен есікке» акциясы қаланың барлық аймақтарында өтті. Нәтижесінде көптеген тұрғындар референдумның мақсаты мен маңызын түсініп, өздерінің азаматтық ұстанымын білдіруге дайын екендерін айтты. Коалиция мүшелері алдағы уақытта да осындай түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, қала тұрғындарын маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар туралы ақпараттандыруды көздеп отыр.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



