Ресми

Сараланған мүмкіндік, нақтыланған бюджет

Қаражат бүйірі соза берер шексіз дүние емесін әркім жете түсінеді. Сондықтан болар, қазына қамбасындағы қаражаттың қайда, нендей мақсатта жұмсалатынын былайғы ел ұдайы назарында ұстағанды жақсы ғадетіне айналдырғалы қашан. Бұл арада жергілікті биліктің де ел назарына ұсынып, бәйек болатыны бұқараның қалтқысыз сеніміне селкеу түсірмейді. Жыл соңы тосын жағдаяттар мен табиғаттың кенеттен келген құбылыстарына қарамастан облыс алдағы күніне бек сеніммен қарышты қадамдар жасауда. Өңір өмірінің сапасын өсіру мақсатында Нұркен Қобжановтың төрағалығымен өткен Қарағанды облыстық мәслихатының IX кезектен тыс сессиясында 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі қаралды.

Сессия жұмысы өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев пен облыс әкімінің орынбасарлары, облыс­тық сайлау комиссиясының төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, қала және аудан әкімдері, мәслихат төрағалары, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, облыстық қоғамдық кеңес әрі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өрбіді. Өндірісті өңірдің нақтыланған бюджеті қабылданып, қаражат көзіндегі түсімдер мен шығыстар ой елегінен қайта бір өтті. Алдымен есеп комиссиясының құрамын бірауыздан сайлап алған халық қалаулылары жаңа мүшелер қызметіне табыс тіледі.

Басымдық бағыттары

Еске салып өтелік, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, 2023 жылға арналған облыстық бюджетке бірқатар өзгерістер енгізілген-тін. Түзету амалдары алдымен шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдауға, әлеуметтік сала нысандарын мейлінше дамыта түсуге, интернат сынды орта білім беру ошақтары тәрбиеленушілерін тамақтандыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге молырақ қаражатты көздейтінін аңғартты. Депутаттар қауымын нақтыланған бюджет жобасымен облыстың қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина таныстырып өтті.

– Қаржы саласындағы күтілетін атқарылу қорытындысы ескере отырып, түзетерлік облыс­тық бюджет жобасында шығыс бөлігі шеңберінде қаражат қайта бөлінді. Атап айтсақ, 53,5 пайызы экономиканың нақты секторына бағытталған. Мезгіл маусымдары бейжайлықты кешірмейді. Әсіресе, жылыту маусымының тұрақты да үздіксіз өтуін қамтамасыз ету тым маңызды. Кейінше сумен жабдықтау да зор мәнге ие. Әлеу­меттік сала нысандарын, тұрғын үй мен өндірісті аймақтың инфрақұрылымын дамыту аясында біршама іс-шара легі іске асырылатын болады. Ал, мұндай амалдар тиісті қаражатсыз қарыс жерге аттап баспайтыны шындық, – деп мәлімдеді ведомство басшысы.

Расында, енгізілер өзгерістер сәл бұрынырақ облыстық бюджет комиссиясы, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы, облыстың қоғамдық кеңесінің отырысында ауық-ауық сараланып, әбден қорытылған. Қаражат қателікті кешірмейді. Тіпті, нормативті құжаттар актілері веб-порталында онлайн кеңесте де егжей-тегжейлі пысықталды.

Адам өмірі – келешек кепілі

Халықтың денсаулығын жақсартумен қатар, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – алғашқы міндеттердің бірінен. Өйткені, кемел болашағын бажайлаған әр мемлекет әуел баста әрбір азаматының саламатты болуына мән береді. Медицина саласының орнықтылығы оған бағытталған қаражаттың деңгейіне де байланысты екені белгілі. Денсаулықты сақтау мен нығайтуда жергілікті атқарушы органдардың рөлін арттыру да көзделіп отыр. Кезектен тыс IX сессияда депутаттық корпус денсаулық сақтау басқармасы басшысының тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттар, медициналық бұйымдарды амбулаториялық емдеу кезінде қазақстандықтардың жекелеген санаттарына қосымша ұсыну бағдарламасына енгізілетін түзетулер бойынша ұтымды ұсыныстарын қолдады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова облыстық мәслихаттың шешімі негізінде қосымша қаржыландыруды қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттар және медициналық қамту үшін жергілікті қазына қаражатынан жыл сайын қосымша қаржы бөлінетінін айта келе, осы жылға арналған жергілікті бюджеттен 736 науқасты жан-жақты қолдау үшін 1 млрд.теңге бөлінгенін айрықша атап өтті. Ол қаржыға 21 препарат, 19 медициналық бұйым бойынша, бес нозология амалдары жүргізілмек. Оның ішінде 11 препарат пен 19 медициналық бұйым бойынша 132 пациент үшін 8 нозология­лық-орфандық амалдар және бар.

– Денсаулық сақтау басқармасының тарапына екі науқастан өтініш келіп түсті. Экссудативті псориаздың прогрессивті белгісі анықталған соң асқыну псориатикалық артропатияға ұласуына қатысты «Гуселькумаб» препаратын қажет етеді. Бұл дәрілік зат Қазақстан Республикасы Денсау­лық сақтау министрлігінің 75 бұйрығының тізбесіне белгілі бір аурулары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттары үшін жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету үшін аса қажетті. Өз кезегінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына облыстық денсаулық сақтау басқармасы пациенттерді қайырымдылық көмек құралдарымен қамту мәселесін қарастыру үшін хат жолдаған еді. Алайда, аталған қордан белгіленген дәрілік заттың шекті бағасы болғандықтан қараусыз қалғандығын айта кеткен орынды. «Гуселькумаб» препараты қазақстандық ұлттық дәрілер формуляры тізіміне енген. Бір пациентке жылына жұмсалатын қажетті сома алты жарым миллион теңгені құрауда. Сәйкесінше, екі науқасқа 12,8 миллион теңге қажет. Мұнымен қатар, салалық басқарма атына №1 емханадан тағы бір пациентке псориатикалық артритті емдеу хаттамасы толтырылды. Енді науқастың тері астына енгізуге арналған «Козэнтикс» сауда атауымен белгіленген дәрілік құжат керек. Бір пациентке жылына жұмсалатын қаражат сомасы 4,1 млн. теңгені құрап тұр. Аталған үш науқас денсаулығына жұмсалатын қаражаттың өмірлік мәні бар, – деді облыстың бас дәрігері.

Үш науқасқа облыстық мәслихат тарапынан жәрдем көрсету ұсынысы бірауыздан қабылданды.

Ырысы еселі елдің қарекеті

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әсем Жүнісбекова 2020 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыспен қамту орталықтары тарапынан қайта құрылған еңбек мобильді орталықтары жұмысына бір тоқталып өтті. Осыған қатыс­ты қазіргі уақытта облыс әкімдігінің бюджет қаражаты есебінен кемінде 25 пайызға жоғарылатылған лауазымдық жалақы мен тарифтік мөлшерлемемен белгіленетін азаматтық қызметшілер және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы әрі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін айқындату туралы Қарағанды облысы әкімдігінің 2016 жылғы 7 шілдедегі қаулысына өзгерістер енгізу туралы қаулы қосымшасының 2-тармағы, 1-тармақшасындағы келісу мәселесін алға тартты. Үйге әлеуметтік көмек беруші бөлімше меңгерушісі, әлеуметтік жұмыстар жөніндегі кеңесшісі, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша қажетті бағалау және аумақтық әлеуметтік қызметкер, қарт адамдар және мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасау жөніндегі әлеуметтік қызметкер, мансап орталықтарының басшысы және маманына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілсін деген ұсыныс қарастырылды. Бұл бағыттағы байсалды қадамдар үшін қажетті қаражатты еселеу мүмкіндігін бажайлаған ел елеулілері салалық басқарма басшысының бірқатар игі ұсынысын бірауыздан мақұлдады. Яғни, азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесі, оларға бюджет қаражаты есебінен кемінде жиырма бес пайызға жоғары лауазымдық жалақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгіленеді.

Әлеуметтік салаға 34,2 пайыз қаражат бағытталмақ. Бұл – интернат тәрбиеленушілерін тамақтандыру, оқушыларды тасымалдау, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қорғау ұйымдарының күрделі шығындары. Әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет салаларында іс-шараларды өткізуге қосымша қаражат бөлінеді.

 

Борыш жетелеген мәселелер

Облыс – республикадағы өндіріс орталығы ғана емес, шағын және орта бизнесінің жүгі жеңілдеп келе жатқан, инвесторларға барынша тартымды болып келе жатқан өңір. Бұл орайда агро­өнеркәсіптік кешен мен қала­аралық жолаушылар тасымалын субсидиялау қонысты мекен еткен қарапайым шаруа мен жолаушыларға үлкен жеңілдік. Қарапайым халықтың өтініш-тілегін орындаудан асыл міндет болмас, сірә. Сондай-ақ, ветеринария, жер қатынастары және ақпараттандыру саласындағы бірқатар басқа да іс-шаралар әрмен қарай жүйелі негізде жалғаспақ. Депутаттар Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы комиссиялардың дербес құрамына енгізілген өзгерістерді де бекітіп үлгерді. Сондай-ақ, Қарағанды облысы бойынша Тексеру комиссиясының құрамында өзгерістер орын алып, кезектен тыс сессияда қолдау тапты. Теміртау қаласындағы бағалау аймақтарының шекаралары және жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкасына түзету коэффициенттері ой елегінен өтті.

Өңір басшысы облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі іс-шараларға 12,3% пайыз қаражат қарастырылды.

Халық қалаулылары нақтыланған бюджетке бірауыздан дауыс берді. Ынтымақтастық жолындағы ымыралы әрекеті үшін облыс әкімі депутаттарға ақжарма алғысын да білдірді.

– Бюджеттегі өзгерістер біздің назарымызды арттыруды талап ететін маңызды салаларға бағытталған. Бұл – жылыту маусымының өтуі, жолаушылар тасымалын субсидиялау. Дауылдың салдарынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру қажет, оған біз қаражат бөлеміз. Сондай-ақ, экология, шағын бизнес және агро­өнеркәсіптік кешен саласындағы қаржыландыруды қарастырамыз. Ендігі мақсат – қарастырылған қаражат көзін ойдағыдай игеріп, ел игілігіне жарату, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

 

Түйін
Сонымен. Қарап отырғаныңыз­дай, Қарағанды облысында алдағы жылдарға арналған бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталуда. Әсіресе, әлеуметтік сала нысандарын кезең-кезеңімен жөндеу, материалдық-техникалық базасын жаңарту назарда. Экономикасы екпінді, әлеуметі әлеуетті болу жолында облыстық мәслихаттың жүгі – салмақты.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button