Бас тақырып

15 қыркүйектен бастап республикалық ақылы автожолдар­да төлем тәртібі өзгерді

Көлік жүргізушілері бұдан былай сапасыз жолға ақы төлемейді. Көлік ми­нис­­­трлігінің мәліметінше, 2025 жыл­ғы 15 қыркүйектен бастап республикалық ма­ңы­зы бар ақылы автожолдар­да төлем тәртібі өзгерді. Қазір елімізде 27 ақылы учаске жұмыс істейді.

Сурет dalanews.kz

Жаңа ережеге сәйкес, егер жолдың белгілі бір бөлігінде ақаулар анықталса, сол бөлігі толық жөнделгенге дейін төлемақы алынбайды. Мәселен, 100 шақырымдық учаскенің 5 шақырымы сапасыз деп танылса, ақы тек қалған 95 шақырымға ғана есептеледі.

Министрліктің хабарлауынша, төлем алу процесі ақау тіркелген сәттен бастап автоматты түрде тоқтатылады да, жөндеу жұмыстары аяқталған соң қайта қосылады. Жолдардың жағдайы тұрақты түрде өлшеу­лер мен тексерістер арқылы бақыланып отырады.

Сонымен қатар жүргізушілер жолда кездескен ақау туралы өздері де хабарлай алады. Ол үшін тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 қысқа нөміріне қоңырау шалу жеткілікті. Шағым бірден қаралып, төлем қайта есептеледі немесе ақшаны қайтару рәсімі автоматты түрде жүргізіледі.

Жаңа ереже республикалық қана емес, халықаралық маңызы бар барлық ақылы жолдарға қолданылады. Бұл шара көлік жүргізушілерінің құқығын қорғауға, сапасыз қызмет үшін төлем алмауға және жол сапасын тұрақты бақылауға бағытталған.

Мамандардың пікірінше, жаңа тәртіп жол операторлары мен мердігерлердің жауапкершілігін арттырады. Жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізіліп, жүргізушілердің қаражаты әділ жұмсалады. Бұл ретте минис­трлік жол сапасына мониторингті күшейтіп, пайдаланушылармен кері байланысты жолға қоюға уәде беріп отыр.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button