Сапасыз көрсетілген мемлекеттік қызметке телеграм бот арқылы шағымдану мүмкіндігі пайда болды
Telegram мобильді қосымшасында нақты уақыт режимінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына шағымданудың жаңа тетігі енгізілді. «EgovKzBot2.0» бот-платформасы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша шағым беруге, бюрократияны азайту және бизнес-процестерді оңтайландыру жөнінде ұсыныс жолдауға болады, деп хабарлайды Ortalyq.kz ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сілтеме жасап.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі азаматтарға арналған осы функцияны енгізуге бастамашы және әзірлеуші болды.
Ыңғайлы интерфейсі бар функцияны қолдану арнайы дағдыларды талап етпейді. Енді мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде күрделі мәселелер туындаған жағдайда азаматтар «EgovKzBot2.0» Telegram-ботына мемлекеттік қызметті беруші мекеменің деректерін енгізіп, өз пікірлері мен ұсыныстарын немесе шағымдарын жібере алады. Мемлекеттік қызметті алу барысында артық құжаттарды талап ету, негізсіз бас тарту немесе уақтылы қызмет көрсетпеу және басқа да фактілер бойынша өтініш жіберуге болады.
Барлық келіп түскен шағымдар мен ұсыныстарды жауапты тұлғалар қарастырып, кері байланысты қамтамасыз ету арқылы мәселелерді қысқа мерзімде шешеді.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.