Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа бағытын айқындап, өңірлердің әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын көтеру жөнінде нақты міндеттер жүктеген еді. Бұл бағытта Балқаш қаласы да қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары мұнда ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, тұрғын үй құрылысы, инженерлік желілерді жаңарту, жолдарды жөндеу, кәсіпкерлікті дамыту және туризм саласы жаңа деңгейге көтерілді. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевпен сұхбаттасқан едік.

– Сапар Қайыркенұлы, ең алдымен Балқаш қаласының биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз…
– Сұрағыңызға рақмет. Жыл басынан бері Балқаш қаласы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы сақтап келеді. Жыл басынан бері қала экономикасына 45 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 60 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім бар – орындалған жұмыстардың көлемі 30 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 123,6%-ға артты. Осы жылы 6,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 16 мың шаршы метр тұрғын үйді аяқтап, жалпы өсімді 1% деңгейінде қамтамасыз етеміз.

– Тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік әлжуаз топтарға қолдау көрсету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл бағыт біз үшін өте маңызды. 2024 жылы 80 азаматқа пәтер кілттері табысталды, ал, биыл тағы 151 тұрғын жаңа қоныс иесі атанды. Бұған қоса, республикалық және облыстық бюджет есебінен 72 пәтер сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жылу, су және электр желілерін жаңарту, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру сынды жүйелі жұмыстар жалғасуда. Мысалы, соңғы екі жылда 32 шақырым жылу құбыры жөнделіп, тозу деңгейі 75%-дан 65%-ға төмендеді. Биыл тағы 24 шақырым желі жаңартуды қолға алдық. Су құбырларын реконструкциялау жобасы бойынша екі жылда 44 шақырым, биыл 22 шақырым жаңартылуда.

– Президент Жолдауында жастарды еңбекпен қамту мен олардың әлеуетін дамыту ерекше атап өтілді. Балқаш қаласындағы бұл бағыттағы нақты шаралар қандай нәтижелер беріп жатыр?
– Жұмыспен қамту бағдарламалары аясында 1800 тұрғын тұрақты және маусымдық жұмыс орындарына тартылды. Бұл бағытта азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жастармен жұмыс – басым бағыттардың бірі. Қалада 21 мыңға жуық жас бар, олардың 250-і «Жасыл ел» жобасы арқылы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына қатысып, еңбек дағдыларын қалыптастыруда. Сонымен қатар, жастарды кәсіпкерлікке, шығармашылыққа және инновацияға баулу бағытында шаралар жүйелі. «Коунрад» қорының демеушілігімен 220 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, заманауи «Жас спейс» орталығы ашылды. Бұл орталық – жастардың өз әлеуетін ашуға, білімін жетілдіруге және жаңа идеяларын жүзеге асыруға арналған көпфункционалды кеңістік. Мұнда оқыту курстары, тренингтер, шығармашылық және стартап жобаларға қолдау көрсетіледі. Алдағы уақытта да қала жастарын қолдау мақсатында жаңа жобалар жүзеге асырылып, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына мүмкіндік беріледі.
– Қала инфрақұрылымын жаңарту мен абаттандыру бойынша да ірі жобалар қолға алынғанын білеміз.
– Иә, инженерлік және жол инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінді.
Биыл 10 көше орташа жөнделді, жалпы ұзындығы 16 шақырым. Сонымен қатар, көп жылдан бері шешілмеген Шиліауыз орамына апаратын 2,5 шақырым жол қалыпқа келді. Қала көшелерінде жарық бағандары орнатылып, тротуарлар салынып жатыр. 94 көпқабатты үйдің шатыры мен қасбеті, 11 аула, 10 балалар ойын алаңы мен 9 спорт алаңы жөнделуде. Қоғамдық көліктерге арналған 34 аялдама павильоны жаңартылып, 16 LED-экран орнатылды. Сонымен қатар, қала тазалығын қамтамасыз ету мақсатында 275 қоқыс контейнері, 400-ге жуық қоқыс жәшігі жаңартылуда. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік басты назарда. Биыл қалада және маңайдағы елдімекендерде 46 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қазір Балқашта жалпы 530-дан астам камера жұмыс істейді. Бұл құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік берді.

– Қала экономикасының маңызды бағытының бірі – шағын және орта бизнес. Кәсіпкерліктің өрісі кең бе?
– Бүгінде Балқаш қаласында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Қалада тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 944 бірлікті құрайды. Бұл секторда 11 035 адам еңбек етуде, яғни, бұл көрсеткіш қаладағы экономикалық белсенді халықтың 29 пайызына тең. Жыл басынан бері кәсіпкерлер тарапынан 29 миллиард теңгенің өнімі мен қызметі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға артық, яғни, өңірдің іскерлік белсенділігінің айтарлықтай артқанын көрсетеді. Кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі қолдау шаралары көрсетілуде. Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында жыл басынан бері 1,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 жоба сәтті іске асырылды. Бұл жобалар өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сала бағыттарын қамтиды. Жыл соңына дейін тағы 60 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында жаңа өндіріс орындарын ашу, қызмет көрсету сапасын арттыру және заманауи технологияларды енгізу көзделген. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, қала экономикасын әртараптандыруға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге «Бизнес бастау», «Кәсіпкерлікке жол», «Жас кәсіпкер» секілді бағдарламалар арқылы оқыту, кеңес беру және қаржылай қолдау көрсетілуде. Мұндай шаралар шағын және орта бизнестің тұрақты дамуына, сондай-ақ, жастар мен әйелдер кәсіпкерлігінің өркендеуіне жол ашуда.
– Туризм саласы Балқаштың брендіне айналып келеді. Бұл бағыттағы өзгерістер де аз емес?
– Дұрыс айтасыз. Туризм – біздің экономиканың болашағы зор бағыты. Оның ішінде, Балқаш қаласы үшін әлеуметтік-экономикалық дамуының болашағы зор, стратегиялық маңызы зор бағыт. Бұл сала өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын бизнестің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Өткен жылы қалада 96 туристік нысан тұрақты жұмыс істеп, 135 мыңнан астам туристі қабылдады. Соңғы жылдары туристік қызмет көлемі 2,4 миллиард теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш 71 пайыздық өсімді көрсетті. Мұндай оң динамика қаланың туристік әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді. Биыл Балқашқа келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында екі жаңа демалыс аймағы мен бір қонақ үй пайдалануға берілді. Бұл жобалардың жалпы инвестиция көлемі 900 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, үш жаңа демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қала жағалауы мен Бертіс шығанағында инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Жағажай аймағы абаттандырылып, санитарлық-гигиеналық тораптар, демалушыларға арналған көлеңкелі орындар мен орындықтар орнатылды. Туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар мен медициналық қызметтердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Алдағы уақытта Балқаш өңірін ішкі және халықаралық туризм орталығына айналдыру бағытында кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Онда туристік бағыттарды әртараптандыру, экотуризм мен мәдени-танымдық туризмді дамыту, сондай-ақ, цифрлық сервистер мен онлайн брондау жүйелерін енгізу көзделуде.

– Денсаулық сақтау мен білім саласында не жаңалықтар бар?
– Медицина саласында да ілгерілеу бар. Қалада ангиографиялық және травматологиялық орталықтар ашылып, жоғары технологиялық құралдар орнатылуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 1,2 млрд теңгеден астам заманауи жабдықтар алынды. Биылдың өзінде 17 дәрігер, тағы 27 маман келеді. Бұл – халықтың сапалы медицинаға қол жеткізуін арттырады.
Білім беру саласында тізіп айтар жаңалықтар көп. Соның негізгісіне тоқталайын. Білім сапасын арттыру бағытында да жүйелі жұмыс жүруде. Қаладағы 16 мектепте 12 мыңға жуық оқушы білім алады. Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, үш мектеп пен төрт балабақша жөнделді, ал, келесі жылы Балалар шығармашылық орталығы ашылады.
– Балқаш үшін маңызды, болашаққа бастайтын жоспарларға тоқталсақ…
– Негізгі мақсат – басталған жобаларды сапалы аяқтау. Инвестиция тарту көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу. Туризмді, шағын бизнесті және тұрғын үй құрылысын дамыту қала экономикасына серпін береді.
Біз Президент Жолдауында айтылғандай, «Әділетті экономика – берекелі қоғамның кепілі» қағидатын басшылыққа алып, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуді жалғастырамыз.
Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту. Бұл жолда ашық диалог пен өзара сенім аса маңызды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



