Сапалы жол – сәтті сапар
Қарағанды облысы – инфрақұрылымы дамыған, тоғыз жолдың торабында орналасқан еліміздің маңызды өңірлерінің бірі де бірегейі. Соңғы жылдары аймағымызда туристік бағыттарға апаратын жолдарды жөндеу және жол бойы сервистік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алып келеді. Атқарылып жатқан бұл жұмыстар туристердің қауіпсіз әрі жайлы саяхаттауына жағдай жасап қана қоймай, аймағымыздың жалпы туристік инфрақұрылымын арттыруға бағытталған.

Бүгінде облыста республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 1843,5 шақырымды құрайды. Биыл 10 учаскеде, ұзындығы 291 шақырым болатын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, бұл жөндеу жұмыстары Қарқаралы, Балқаш, Баянауыл секілді туристер көп баратын бағыттар.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, биылғы жұмыстар ұлттық стандарттарға сәйкес сапалы жолдарды қалыптастыруға, сонымен қатар, ең бастысы демалушы туристер үшін жол бойындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Оның айқын дәлелі – «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай- Бұғаз» автожолына жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары.
Қарқаралы – облыс аумағындағы ең танымал туристік бағыттардың бірі.
Курорттық аймаққа апаратын жолды ілгеріде атап өттік. Жалпы, «Қарағанды-Қарқаралы» бағытының ұзындығы 200 шақырымды құраса, осы аралықтағы автожолдың 85 шақырымы 2025 жылы жөнделіп жатыр. Ал, қалған 115 шақырым 2021-2024 жылдары жаңартылған болатын.
Жол бойында 10 сервистік нысан (6 кафе, 4 жанармай бекеті), 3 демалыс алаңы, санитарлық-гигиеналық тораптар бар. Оның ішінде, жылу электр қуатымен қамтамасыз етілген, жылы дәретханамен жабдықталған санитарлық торап та жұмыс істеп тұр.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қарағанды облысы филиалының директорының орынбасары Еркін Дінмұхамед:
– Бұл автожол еліміз үшін маңызды туристік жол торабының бірі болғандықтан, жөндеу жұмыстарына бар күш-жігерімізді салып, аса жауапкершілікпен қараймыз. Жолды жөндемес бұрын, ең алдымен, арнайы мамандар келіп, жолды тексеріп, қандай деңгейдегі жұмыс көлемі бар екенін анықтады. Мысалы, біз қазір жөндеп жатқан жолдың деңгейі – орташа жөндеу. Себебі, әуелден жолдың жабыны болды. Біз тек оны қайтадан өңдеп жатырмыз. Бұл деңгейдегі жол жөндеу жұмыстарының өзі бірнеше кезеңнен тұратынын ескергендеріңіз жөн. Бірінші кезеңде біз жолдың ескі жабынынан толыққанды тазалап, жамылғысын шешіп, негізінің беріктігіне мән береміз. Одан соң барып, екі қабатты асфальт жамылғысын төсейміз. Алдымен ірі түйіршікті асфальтты 6 сантиметр қалыңдықта салсақ, оның бетінен ұсақ түйіршікті асфальтты 4 сантиметр қалыңдықта төсейміз. Бұл төселген жолдың ұзақ жыл қызмет ететініне кепілдік береміз, – деді Еркін Асланұлы.
Жол жөндеуші ұйымның тарапынан жолдың сапа кепілдігінің мерзімі – екі жыл. Осы уақыт аралығында қандай да бір ақаулар туындап, жол бұзылса, аталған ұйым мәселені өз мойнына алып, жолды қайтадан жөндейтін болады. Сол себепті де жолдың сапасына баса назар аударылады. Арнайы қызмет барысын қадағалаушы мамандар жұмылдырылып, жолдың сапасын өз қадағалауына алады. Бұнымен қатар, кез келген уақытта қауырт жасақталған комиссия құрамы келіп те жұмыс барысын жіті тексеріп, ескертпелер жасап отырады.
– «Қарағанды-Қарқаралы» аралығындағы тасжолын жөндеуге «Қарағанды жолдары» мердігерлік ұйымынан екі учаске жұмылдырылған. Жол жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңінен бастап-ақ біз жұмыс барысын қатаң бақылауға аламыз. Қиыршық тас төселіп, жолдың беті тегістелген соң ғана асфальт жабынын төсеуге рұқсат береміз. Бұл күрежол тек жеңіл автокөліктерге ғана емес, сонымен қоса, ауыр жүк көліктеріне арналғандықтан, асфальт жабыны 2 қабаттан тұрады. Жаз мезгілінде күн райы ыстық екенін білеміз. Жол жөндеу барысында ауыр жүк көліктерінің қозғалысын жіті бақылаған жөн. Асфальт жабыны енді ғана төселген жерлерде 8 тоннадан ауыр салмақтағы жүк көлігінің қатынауына рұқсат етілмеген. Тек бірнеше сағат өткеннен соң ғана қозғалысын жалғастыра алады. Мұның өзі жолдың сапасына тікелей әсер етеді, – деді қызмет сапасын бақылаушы маман Юрий Чернак.
Күрежолды жөндеуге арналған құрылыс материалдары жолға бөлінген қаражат есебінен алынады. Тек су құбырларын жөндеуге арналған материалдар ғана сатып алынады демесек, жол жабынына қажетті ірі және ұсақ түйіршікті асфальт толықтай «Қарағанды жолдары» мердігерлік ұйымының асфальт зауытында өндіріледі. Бұл бір жағынан бюджеттен бөлінген қаржыны үнемдеу болса, екіншіден бір ғана ұйыммен бірлесіп, қолайлы жұмыс атқаруға мүмкіндік туғызып отыр. Асфальт зауыты «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының бойында, Ботақара кентінен таяқ тастам қашықтықта орналасқан. Зауыттың маңында шағын карьер бар. Асфальт өндіруге материалдарды, жол жабынын төсеп біткеннен кейін жол жиегіне төсейтін қиыршық тастар да сол жерден алынады. Сағатына 130 тонна асфальт өндіруге болатын бұл зауыттың жұмыс істеу жүйесі де ерекше.
Асфальт зауытының директоры Алексей Тимошенко:
– Қазір жол жөндеу жұмыстарының қызу науқаны. Асфальтқа сұраныс өте көп. Күніне 10-12 сағаттан, демалыссыз жұмыс істейміз. Тек ауа райы келеңсіздік тудырған жағдайда ғана жұмыс уақытша тоқтатылады. Барлық технологиялар автоматтандырылған. Карьерден алынған қиыршық тас алдымен 160-170 градуста қорытылады. Одан соң арнайы элеваторда көлеміне қарай жіктеп, іріктейміз. Барлық үрдіс аяқталғаннан кейін асфальт 150 градуста дайын күйінде бірден қызу жұмыс атқарылып жатқан орынға жөнелтіледі. Зауытты осыдан бір жыл бұрын қажеттілік туындаған соң аштық. Барлық бөлшектері жиналмалы болғандықтан, кез келген уақытта бұзып, орнын ауыстырып, құрастыра аламыз. Сонысымен тиімді. Бүгінде асфальт өндіруге керек материалдар артығымен қамтамасыз етілген, – деді зауыт басшысы.
Қазіргі таңда «Қарағанды-Қарқаралы» тасжолының жөндеу жұмыстары аяқталуға шақ қалды. Айта кетерлігі, 2021 жылы төселген алғашқы 10 шақырым жол үш жылдан астам уақыт өтсе де, сапасын жоғалтпай, қаз-қалпында тұр. Бұл мердігерлердің сапалы жұмыс атқарғанын және жолдың кепілдік мерзімінен де ұзақ қызмет ету әлеуетін көрсетеді. Жобамен күніне бұл бағыт арқылы 5500 көлік қатынайды. Жол жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін полиция департаменті арнайы сараптама жүргізіп, жол қозғалысы ережелеріне сай арнайы жол белгілерін қояды. Бұл – жол жүру қауіпсіздігін сақтауға бағытталған қадам.
– Автожолдың жөнделгеніне халық дән риза. Әсіресе, санитарлық-гигиеналық тораптың жұмыс істеп тұрғаны барлық жолаушылар үшін қолайлы. Инфрақұрылымның дамығаны Қарқаралының әсем табиғатына келетін туристерге жол ашты. Бүгіннің өзінде еліміздің түпкір-түпкірінен келіп жатқандар көп, – деп өз ойын білдірді жергілікті тұрғын Айдар Медеубаев.
Жол сапасы жақсарғаннан кейін бұрынғымен салыстырғанда Қарқаралыға келушілер саны көбеюде деуге толықтай негіз бар.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлыбек Ілдебаевтің мәліметіне жүгінсек, өткен жылы 32 мыңға жуық демалушы келген. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың өзінде 20 мың турист келген. Бұл көрсеткіш 1,5 есеге дейін артуы мүмкін.
Қарқаралы ауданында туристік аймаққа 75 гектар жер бөлінген. Сол аумақта толықтай инженерлік-коммуникациялық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде туристерге арналған қырыққа жуық демалыс орны бар. Бір демде екі жарым мыңға дейін туристерді қабылдай алады. Ол жерлердің барлығында 300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді.
Алматы облысы, Іле ауданынан келген қонақ Ғайша Ракишева:
– Бұл Қарқаралыға бірінші келуім емес. Алғашқы сапарымда жолдың сапасы көңіл көншітпейтін. Шұрық-тесік, ой-шұқырдан шаршап жеткенбіз. Алайда, кейінгі жылдары салынған жаңа жол – нағыз заманауи стандарттарға сай, тақтайдай тегіс. Біз секілді автокөлікпен саяхаттайтын жолаушылар үшін бұл маңызды.
Тағы бір қуантатыны – қызмет көрсету орталықтарының жұмысы. Жол бойындағы демалыс орындары, жанар-жағармай құю бекеттері мен дәмханаларда жолаушыға қажеттінің бәрі бар. Қажет болса, көлікті тексертіп, өзің де тынығып аласың. Бұл өңір туризмге бет бұрып, меймандарды қарсы алуға дайын екенін көрсетеді.
Ал, Қарқаралының табиғатына келсек – сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұлтпен таласқан әсем таулар, жасыл желекті ормандар, мөлдір көлдер – бәрі де ерекше әсер қалдырады. Әсіресе, Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің сұлулығы көздің жауын алады. Мұнда келген әрбір адам табиғаттың ғажайып үйлесімін, тылсым тыныштығын сезіне алады. Қарқаралы – тек тарихи орын ғана емес, жанды тынықтыратын, табиғатпен сырласатын қасиетті мекен, – деді.
Туристік бағыттарға апаратын жолдарды дамыту тек Қарағанды өңірінде емес, жалпы республика бойынша қолға алынған. 2025 жылы еліміз бойынша республикалық маңызы бар 544,7 шақырым автожол жөнделмек. Оның ең ауқымды бөлігі Қарағанды облысына тиесілі.
Сапалы жолдар, заманауи сервистік кешендер мен қауіпсіздікке сай инфрақұрылым – бұл тек демалушылар үшін ғана емес, аймақ экономикасы үшін де маңызды инвестиция. Туризмнің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті өркендетуге жол ашары сөзсіз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»