Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі
Аймақта жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жолдардың сапасы мен құрылыс мерзімдерін қатаң бақылауға алып, қауіпсіздік шараларын күшейтуге баса назар аударуда. Биыл облыста бірнеше күрежол қайта жаңартылып, қар ұстайтын жаңа қоршаулар орнатылмақ. Сонымен қатар, көпірлерді жөндеу, ішкі жолдарды қалыпқа келтіру және республикалық маңызы бар тасжолдарды жаңғырту жоспарланған. Құрылыс сапасын бақылау жоғары деңгейде жүргізіліп, мамандардың біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінбек.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/sajt-a.jpeg)
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жол жұмыстарын уақытылы қамтамасыз етуді өз бақылауында ұстайды. Жол-құрылыс материалдарының сапасына ерекше назар аудару қажет екенін ескертіп келеді. Осы жылға жоспарланған жұмыстар туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мұқашев айтып берді.
– «Нұра-Осакаров», «Жартас-Долинка», «Үштөбе-Құрылыс» жол учаскелерін қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда. «Саран-Шахтинск» автожолын күрделі жөндеу жалғасады. Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі облыстық маңызы бар 6 шақырым автожолды, сондай-ақ, «Шахан-Жаңаталап» автожолының 5 шақырымын қайта жаңарту бойынша жобалық құжаттама әзірленді. Жобаларды іске асыру осы жылға жоспарланған. Облыстық маңызы бар 72 шақырым автомобиль жолы орташа жөндеумен қамтылатын болады, – деді спикер.
«Теміртау-Токарев» автожолындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жалғасуда. Су тасқыны кезеңіне дейін жұмысты жеделдету қажет. Сондай-ақ, «Саран-Шахтинск» автожолындағы Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпір қайта жөнделуде. «Қарағанды-Шахтинск» автожолындағы екі көпірді реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша биыл облыстың барлық жеті ауданының 24 елдімекенінде ішкі кенттік жолдар ретке келтіріледі. Республикалық маңызы бар жолдарға қатысты «Қарағанды-Балқаш» жолын жайластыру жалғасады. «Балқаш-Бурылбайтал» автожолында ұзындығы 91 шақырым болатын екі учаскенің құрылысы аяқталды. Биыл Тасаралдан Сарышағанға дейінгі үшінші учаскеде асфальттың жоғарғы қабатын төсеу жалғасады. «Қарағанды-Қарқаралы» автожолын жөндеуді толығымен аяқтау жоспарланып отыр, бұл жолдың 85 шақырымын ретке келтіру қалды.
Бұдан өзге, «Қарағанды-Павлодар» автожолын орташа жөндеу жалғасады. Барлық жобаларды бақылау Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қызметшілер үшін біліктілігін арттыру үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Курстарға тұрғын үй-коммуналдық әрі көлік саласына жетекшілік ететін мамандар жіберіледі.
Өңірде жаңа үлгідегі қар ұстайтын қоршаулар да орнатылады.
– Қар көшкіні мен мұздақтың пайда болуын болдырмау үшін биыл ұзындығы 3 шақырым «Нұра-Осакаров», ұзындығы 2 шақырым «Шахтинск-Сәрепті» және ұзындығы 400 метр «Сарыарқа» әуежайына кіреберіс автожолдарының учаскелерінде композитті қар ұстайтын қоршаулар орнату жоспарлануда, – деп хабарлады ол.
«Осакаров-Молодежное» автожолының асуында тосқауылдарды металл арқандармен алмастыру көзделген. Бұл жолдың жүру бөлігіндегі қардың желмен тез ұшып кетуіне мүмкіндік береді.
– Жолдың сапасы – біздің күнделікті өміріміздің маңызды бөлігі. Әсіресе, алыс сапарға шыққанда. Қарағандыда жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқаны қуантады. Жөндеуден өткен күрежолдар, жаңартылған көпірлер мен қардан қорғайтын қоршаулар – қарапайым жүргізушілер үшін үлкен көмек, – деп пікір қосты кәнігі көлік жүргізушісі Айдос Сейітхан.
Жол – өркениеттің күретамыры. Оны жаңарту мен жақсарту – халықтың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруінің кепілі. Аймақта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар – инфрақұрылымдық дамуды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам. Заманауи талаптарға сай жөнделген жолдар, берік көпірлер, қардан қорғайтын тосқауылдар – мұның бәрі тек бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың да игілігі үшін жасалуда. Демек, Қарағанды жолдары жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басты деген сөз бұл. Алдағы мақсат – сапалы, қауіпсіз және ұзақ мерзімді жол инфрақұрылымын қалыптастыру.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»