Сапалы ұлтқа – саналы мәдениет
Біз әріптестерімізбен бірге «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясына қатыстық. Бұл секция жұмысына 30-дан аса Құрылтай мүшесі қатысып, оның 20-сы ұсыныстарымен бөлісті.

Атап айтқанда, Мереке Құлкенов, Еділ Жаңбыршин, Ахмет Мурадов, Асқар Жұмаділдаев, Диқан Қамзабекұлы, Бауыржан Ғұбайдуллин, Максим Рожин, Біржан Байтуов, Шаймардан Нұрымов, Шерзод Пулатов, Қайрат Мәмбетбай, Руфина Усанова, Жұлдыз Сүлейменова, Аманжол Әлтай, Раиса Сайран Қадыр, Мақсат Жабағин, Бибигүл Дандығараева және Ислам Байрамуков сөз алып, халқымыздың рухани дамуы, мәдениетімізді одан әрі дәріптеу, кітап ісін жетілдіру және тағы басқа тақырыптар аясында ой бөлісіп, келелі пікірлерін білдірді.
Біріншіден, бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, тіл тазалығы мен ұрпақ сабақтастығы секілді құндылықтарымызды сақтап қалу мәселесі өзекті болып отырғаны мәлім.
Қазақтың бүгінгі таңдағы торқалы той, топырақты өлімде жасалатын жоралғылары, өз беттерімен қабылдап алған ереже-тәртібі құндылыққа құндақталған ұлттық салт-дәстүрлерімізге сызат түсіруде.
Ал, салт-дәстүр дегеніміз – ұлыстарды біріктіруші ұлы күш. Саналы мәдениет қалыптастыратын мезгіл жетті.
Қазіргі жиын-тойлардағы бейәдеп сөз, анайы анекдот, ебедейсіз ойын, асабалардың мәдениетсіздігі белгілі бір ортақ қоғамдық деңгейде бақылауға алынуы қажет әлеуметтік проблемаға айналып барады.
Қарағанды облыстық Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі жергілікті өнер адамдары және асабалармен кездесулер өткізіп, көпшілік жиындардың тәрбиелік мазмұнын арттыру, тіл мәдениетін көтеру сияқты мәселелерді талқылауды қолға алды.
Алайда, арнайы бекітілген этикалық ереже болмағандықтан, бұл жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітерлік деп айта алмаймыз.
Сондықтан, бұл мәселеге қоғамдық бақылау тетігін күшейтіп, арнайы этикалық ереже қабылдау керектігін баса айтқым келеді.
Өйткені, жиын-той – тәрбиенің ең басты құралдарының бірі. Бұл – әлдебіреудің қызығына араласып, қазан-ошағы мен дастарқанын билеу емес, ұлттық құндылықтарды сақтаудың бірден-бір жолы.
Олай болса, Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Ардагерлер ұйымы бірлесіп, той мәдениетін бір ізге түсіретін ереже жобасын әзірлеп, бұл мәселеге қоғамдық бақылауды күшейту керек деген ойдамын.
Неге Ақсақалдар кеңесі мен Ардагерлер ұйымы? Өйткені, аға ұрпақ өкілдерінің өмірлік өнегесі мен терең тәжірибесі біздің бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Аталар мен Әжелер мектебінің ұлағатын кәдеге жаратуға тиіспіз.
Сондай-ақ, қаралы жиындарды ұйымдастыруға арнайы ереже жасамасақ та, белгілі бір деңгейде жүйелеу қажет.
Белгілі тұлғалардың қазасында сол қайтыс болған тұлғаның абырой-беделін пайдаланып, қаралы үйдің босағасындағы азалы жиынды саясиландыру үрдісі белең алып барады.
Бұл – марқұмның беделін көтеру емес, тұтас бір әулеттің немесе белгілі бір аумақтың абыройына нұқсан келтіру дер едім.
Жалпы, мұндай шаралардың мазмұнына ғана емес, ысырапшылдық пен даңғойлыққа да шектеу енгізу керек.
Осы ретте де белгілі бір көпшілікке ортақ жадынама әзірлеген жөн деп есептеймін. Бұл жұмысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғам өкілдерінің қатысуымен бірлесе отырып дайындауы мүмкін.
Рас, ас пен той – халқымызбен ғасырлар бойы бірге жасасып, тұрмыс-тіршілігінің бір бөлігіне айналып кеткен дәстүрлі құндылығы. Дегенмен, «дәстүрдің озығы да, тозығы да» бар екенін естен шығармаған абзал.
Осы орайда, байыппен үңіліп, байсалдылықпен талқылайтын тағы бір өткір мәселе бар.
Мені әке ретінде, ата-ана ретінде қоғамдағы діни ахуал алаңдатады. Жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетіп, адасып жатқаны да жасырын емес. Осы келеңсіздіктің жолын кесу үшін еліміздегі діни медреселердегі оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіріп, жүйелеу қажет деп санаймын.
«Дін – мемлекеттен бөлек» деп, қол қусырып отыра берсек, бұл кесел ушыға береді. Қазірдің өзінде жат ағым жетегінде кеткендер тым «жасарып» кетті. Қоғамда дүрбелең тудырған мектепке орамалмен бару мәселесі де осы бейқамдығымыздан шығып отыр. Осы мәселеге мемлекеттік тұрғыдан зор мән беріп, діни оқу орындарындағы білім сапасы мен тәрбие жұмыстарының мазмұнын қатаң қадағалау керек.
Осы орайда Ұлттық Құрылтайдағы әріптесім Қайрат Жолдыбайұлы діни білім беретін мамандар мен діни уағызшылардың қызметін лицензиялау мүмкіндігін, діни мазмұндағы әдебиеттерді арнайы маманданған дүкендердің сатылуы бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен бірге кейбір медреселердің қаржыландыру мәселесін де назарға алған жөн деп есептейміз.
***
Міне, осы мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын бірлесе қарап, жұмыла шешім қабылдайтын уақыт жетті. Еңселі еліміздің ертеңгі болашағы үшін кейінге ысыруға болмайтын өзекті мәселе ретінде Құрылтай талқысына ұсынуымның да себебі – осы.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық
филиалының төрағасы