Сапалы әкке сұраныс жоғары
Осакаров ауданы астықты өлке болуымен қатар, өндіріс ошақтарымен де әйгілі. Облыс әкімінің қатысуымен аудандағы Сарыопан кен орнында жаңа зауыт іске қосылды. Мұнда заманауи технология бойынша бірінші сортты әк шығарыла бастады. Зауыт өнімі металлургия және химия өнеркәсібінде, сондай-ақ құрылыс индустриясында сұранысқа ие болып отыр.
Аталған жобаны «Saryopan Operating» жауапкершілік шектеулі серіктестігі осы саладағы әлемдік көшбасшы – Сarmeuse Group трансұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырған. Тартылған инвестициялар шамамен 30 млрд. теңгені құрады.
Зауыт 200-ге жуық жаңа жұмыспен қамтуға қауқарлы. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 330 мың тонна дайын өнімді құрайды.
– Бұл жоба өңір экономикасының дамуына қосымша серпін беріп, тұрғындарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын ашады. Мұнда инновациялық технология қолданылмақ. Кәсіпорын ішкі нарықты отандық өндірістің сұранысқа ие өнімдерімен толықтырады, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Зауыттың ашылуына Carmeuse Group компаниясының президенті Рудольф Коллинет және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев арнайы қатысты.
– Жоба тек облыс үшін ғана емес, жалпы республика үшін де өте маңызды. Зауыт елдің бірінші дәрежелі әкке деген қажеттілігін толығымен жаба алады. Ол түсті және қара металлургияда, шыны өнеркәсібінде, жылу электр станцияларының тазарту құрылыстарында қолданылады. Бұл жобаның іске қосылуы мультипликативті әсерге ие, бұл құрылыс индустриясын ғана емес, өнеркәсіптің басқа да салаларын дамытуға серпін береді, – деді Азамат Панбаев.
Бұл жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы және 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша қолдауға ие болған.
Облыс әкімдігі зауытты қажетті инфрақұрылыммен, теміржол бағыттарымен қамтамасыз ететін болады.
Сонымен қатар, жоба экологияны да жақсартуға мүмкіндік береді.
Жоғары сападағы әкті көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО түтін газдарын тазарту үшін пайдаланылатынын айта кеткен жөн.
Өз тілшімізден
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ