Сансызбай салған сара жол

Ол кезде жас актерлер рольге таласып ойнайтын. Әсіресе, классикалық шығармалардағы кейіпкерлер арман болатын. «Гамлетті армандамайтын актер жоқ» деген қағида үстем болып тұрған шақ. Кебек, Қозы, Ғайни, Хлестаков, Труффальдино, Жан, Тилур сынды кейіпкерлерге қолдары жетсе, күндіз-түні дайындалып, режиссерлердің әрбір айтқан ескертпесін қағып алып, бұрынғы ойнаған аға актерлердің ұтымды тұстарын еске ала отырып, шеберліктің биік шыңына жеткізуге тырысатын. Көп оқып, ізденетін, кейіпкерінің өмірбаянын зерттеп, ішкі жан дүниесіне тереңірек үңілетін. Сондай жан-жақты ізденістердің арқасында театрымызда республикаға танымал талантты актерлер шоғыры көбірек шықты. Алматы мен Астана театрларына шақырылып, еліміздің өнер көгінде биік жетістіктерге жеткен қайраткерлерді айтпағанның өзінде Ж.Шашкина, М.Әбдікәрімов, Қ.Сатаев, А.Аблаева, Р.Баймағанбетов, Қ.Кемалов, Н.Жансүгірова, Д.Заитова сынды дүлдүлдердің шығуы кәсіби терең білімді М.Қосыбаев, М.Қамбаров, Ж.Омаров, Е.Тәпенов, Ә.Оразбеков сынды режиссер-педагогтердің еңбегі болса, екінші жағынан ұйымшыл өнер ордасының берік қалыптасуынан еді.
Бірлігі мықты театр актерлерді өсіреді, ал алауыз, күншіл өнер ордасы талантты жүнжітіп қана қоймайды, өлтіріп тынады. Қарағандыдағы Сәкен атындағы академиялық қазақ драма театры еліміздің өнері мен мәдениетіне көптеген өнер тарландарын қанаттандырып ұшырған өнер ордасы. Сондай талантты актер, білікті ұйымдастырушы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, актерліктен бастап театр басшысына дейін көтерілген Сансызбай Бекболатов еді. Өкініштісі – ғұмыры тым қысқа болды.
Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келіп, мектеп бітірген соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның кино және театр факультетінде КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты «Сахна падишасы» атанған, профессор Хадиша Бөкееваның шеберханасынан дәріс алып, 1977 жылы біздің театрға жолдамамен келді. Курстасы С.Тәжібаев екеуі театрымыздағы замандастарымен бірден тіл табысып, сахнадағы тай жарысында өздерінің алғыр шабысын көрсетіп, ұзаққа жарайтын дарынын бірден байқатты. Замандастарының арасында Қайрат поэзияға ғашықтығымен ерекшеленсе, Сансызбай мен Сейітжан прозаға, әсіресе, тарихи романдарға құштарлығымен көзге түсті. Курстары бөлек болғанымен, Болат Ыбыраев, Қайрат Кемалов, Сансызбай Бекболатов, Сейітжан Тәжібаев, режиссер А.Бапышов, Роза Тәжібаева бәрі бір уақытта оқыған түлектер. Бір кереметі – біреуі роль алса, қалғандары жабылып ізденетін. Қандай кітап, мақалада кімнің ерекше табыспен ойнағанын, кейіпкердің ішкі жан дүниесінің астарын ашуда бір-біріне қатты жанашырлықпен жәрдемдесетін. Сондықтан да шығар, осы бір шоғыр топ ұлттық сахна өнерінде биік межеге жетіп, аттары театр тарихында қатталып қалды. Сансызбайдың М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Т.Әбдіков, С.Жүнісов, т.б драматургтердің шығармаларындағы кейіпкерлер арасынан шоқтығы биік сомдағаны – Карло Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясындағы басты кейіпкер Труффальдино. Өзі адал, іске тиянақты, қожайынның да тілін таба білетін, басқалармен де істі жымын білдірмей тыңдыра беретін елгезек, шым-шытырқ оқиғаның ортасынан сытылып шыға білетін жанның образын керемет сомдады. Режиссер А.Бапышов өңкей жас актерлердің басын құрап, заманына сай киім киістері, салт-дәстүрін сақтап, сахнадағы іс-әрекеті, жүріс-тұрыстарын өте биік мәдениетпен көрерменге ұсынды. Актерлер өз кейіпкерін ерекше шабытпен ойнап үлкен табысқа жетті. Әсіресе, С.Бекболатовтың Труффальдиносы, А.Уәлиеваның Смеральдинасы өте сәтті шыққан образдар болып көрермендер жүрегінде сақталып қалды.
Ал, М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясындағы Қортық шал образы актер С.Бекболатовтың ерекше сомдаған кейіпкерлерінің бірі. Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Тәпенов «Автор осы ролді Сансызбайға арнап жазғандай» – дейтін ризалық сезіммен. Шынында да, Қортық шалды ерекше шабытпен ойнайтын еді. 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына арнап, Петропавл қаласында өткен Республикалық театрлар фестивалінде А.Бектің «Волоколамск тасжолы» спектакліндегі солдат Заев ролі үшін дипломмен марапатталып, лауреат атанды. Түтеген оқтың ортасында қалса да, бір адам кері шегінбей, зеңбірікті әрі оқтап, әрі дәл көздеп, жау танкілерін таптап өтуге жол бермеген жанқияр солдаттың бейнесін шынайылықпен сомдағаны Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) Алматы сыншыларынан жоғары бағаға ие болды.
Сансызбай Бекболатов біздің театр сахнасында ғана емес, Павлодар қаласындағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ драма театрының шаңырағын алғашқы көтерушілерінің бірі ретінде де еңбегі орасан зор. Актер бола жүріп, театр басшысының орынбасары ретінде театрдың аяқтан тұрып кетуіне үлкен үлес қосқан қайраткер. Театр шымылдығын ашқан М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясындағы Қортық шалын бұл театрда да жаңа бір қырынан танытып, көрермендердің ықыласына бөленіп, жас актерлерге шеберлігі арқылы үлгі бола білді. Жас театр шығармашылық табыстарымен оза шығып, Мысыр еліне Халықаралық Каир фестиваліне барған сапарда қазақ елінің сахна өнерінің биік тұғырда екенін дәлелдеп қайтты.
Актерлігімен қатар, ұйымдастыру қабілетінің ерекшелігін байқаған Павлодар облысының басшылары облыстық филармонияға директорлыққа ұсыныс білдірді. Сол шақта мен Қарағандыда зейнеткерлікке жасым толып, орныма лайықты, бүгінгі заман сұранысына жаңаша ойлап қызмет істейтін жан іздеп жүргенмін. Өйткені театрымыз жарты ғасырдан астам өз ғимараты болмай, орыс театрына кіріптар болып жүріп, тек 2008 жылы ғана қазіргі зәулім ғимаратқа қол жеткізген еді. Және де өскелең мәдениетке озық ойлы әлем сахна өнерінің тың тәсілдерін әкелетін жаңашыл басшы керек екенін сездім. Өйткені Тәуелсіздік алғалы елімізде әлемдік сахна өнерінің жаңа бағыттағы, ұшқыр ойлы режиссерлердің қиялымен сахнаның шексіз тылсым кеңістігін батыл ойларымен бағындырар жаңа дүниелер келе бастады. Бұрындары трагедиялық спектакльдер тек жылау, қайғыру болса, бүгінгі заман режиссерлері «Неге жылайды, кім жылатады?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Және оны табады. Бұл – үлкен жетістік! Заманына сай басшы біздің театрға керек нағыз бүгінгі заманның ойлы, батыл шешімдер шығаратын басшы деп танып, Павлодардан Сансызбай Бекболатовты қалап отырып шақыртып, орныма қалдырдым. Еш өкінбеймін, қайта қалауымның дұрыс шыққанына мақтанамын. Өзінің тынымсыз еңбекқорлығы, ізденгіштігінің арқасында ұжымға өте сыйлы, қадірлі болды. Талай театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындар алды. Түркия, Словакия, Ленинград (бүгінгі Санкт-Петербург) өз елімізде Алматы, Астана, Павлодар, т.б қалаларда гастрольдерде болып, ұлттық, шетелдік драматургтердің шығармаларын Д.Арынғазина (Мәскеу), Қ.Қасымов (Шымкент), Е.Тәпенов (Астана) сынды айтулы режиссерлерге қойғызып, актерлердің, әрқилы режиссерлердің қолтаңбасын көріп, әртүрлі шеберлік мектебінен сабақ алуына ерекше көңіл бөлді. Соның арқасында театрымыз академиялық атақ алуға қол жеткізді.
Әттең, академиялық дәрежесін жаңа маусымда көрермендерге жариялаймыз деп отырғанда, әлемді жайлаған пандемия аяқ астынан аяулы жанды бұл өмірден алып кетті. Соңында сүйікті жары өмірде де, сахнада да бірге жүрген Алмасы, ұлы Олжас, қызы Асиясы мен немерелері қалды. Өмірде отбасын ерекше құрметтейтін адал жар, балаларына қамқоршы әке, немерелеріне сүйікті ата бола білді.
Өмірден өтсе де, театр сахнасындағы, өнер төрінде қалдырған іздері ешқашан өшпейді, көңілден кетпейді. Қазақ театр өнеріндегі Сансызбай салған сара жол сайрап жатыр, ол ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге болып, мәңгі қалады. Сансызбайдың досқа адалдығы, өнерге деген махаббаты, адамдарға деген ілтипаты, өмірдегі кішіпейілдігі – нағыз Азаматтықтың шыңы!
Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның Халық артисі