АймақБас тақырыпҚарағанды

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары марапатталды

Қарағанды облысында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің үздік қызметкерлері кәсіби мерекеге орай марапатталды. Биылдан бастап елімізде 15 қыркүйек – санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні болып бекітілген болатын.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарын құттықтап, олардың қоғамдағы еңбегінің айрықша маңызын атап өтті.

– Санитариялық қызметтің жұмысы көп жағдайда көзге түсе бермейді. Бірақ дәл сіздер инфекциялармен, эпидемиялармен және өзге де биологиялық қауіп-қатерлермен күрестің алдыңғы шебіндесіздер. Ұзақ уақыт бойы сіздердің еңбектеріңіз екінші қатарда қалып келді. Алайда COVID-19 пандемиясы кезінде өз кәсіптеріңіздің қаншалықты қажет әрі маңызды екенін дәлелдедіңіздер. Сіздердің жауапкершіліктеріңіздің, білімдеріңіздің және адал еңбектеріңіздің арқасында қалалар мен ауылдарымызда қауіпсіз орта қалыптасып отыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін.

Салтанатты жиында сала мамандарына ҚР Премьер-Министрінің және Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. 

Марапат иелерінің қатарында Ақтоғай аудандық басқармасының бас маманы Зауреш Битанова да бар. Ол бұл салаға 38 жыл өмірін арнаған.

– Жылдар бойы қиындықтарды да, жетістіктерді де бастан өткердік. Ең ауыр кезең – пандемия кезі болды. Біздің еңбегіміз еленіп, кәсіби мереке белгіленгеніне қуаныштымын. Барша әріптестеріме мықты денсаулық пен береке тілеймін. Мамандық бізге әрдайым қуаныш сыйлап, мақтаныш көзіне айналсын! – деді Зауреш Битанова.

Қарағанды облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин де әріптестеріне алғыс білдірді.

– Сіздердің еңбектеріңіз өте жауапты әрі күрделі. Дендеріңіз сау болып, күш-қуаттарыңыз сарқылмасын. Біз бірге санитарлық қауіпсіздікті барлық деңгейде қамтамасыз ете береміз, – деді ол.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button