АймақШахтинск

Санитариялық дәрігер – жай лауазым емес, бұл – миссия

Санитариялық қызмет ардагері, 30 жылға жуық тәжірибесі бар маман Галина Петровна Горячеваның кәсіби жолы Шахтинск қаласындағы өнеркәсіптік аймақтағы күрделі әрі жауапты жұмыстармен тығыз байланысты. Ол саналы ғұмырын су сапасын бақылауға және халықтың денсаулығын қорғауға арнады. Қызмет жолы адамдарға пайдалы болу ниетінен туындаған. Бүгін Галина Горячевамен әңгімелесудің сәті түсті.

Сурет Шахтинск қалалық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасынан

– Галина Петровна, неге санитариялық дәрігер мамандығын таңдадыңыз?

– Мен әрқашан маңызды нәрсе жасағым келетін. Қоғамға пайдалы болуды ойладым. Мамандықты таңдау уақыты келгенде санитариялық гигиенаға тоқталдым. Мені аурулардың салдарын емдеуден гөрі олардың алдын алу, профилактикасы көбірек қызықтырды. 1978 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына «Гигиена, санитария, эпидемиология» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1985 жылы аяқтадым. Сол кезде бұл мамандық принципшілдік пен әр нәрсенің егжей-тегжейіне назар аударуды қажет ететінін түсіндім.

– Санитариялық қызметтегі жұмысыңыз қалай басталды?

– 1989 жылы Шахтинск қаласының санитариялық-эпидемиологиялық станциясына өнеркәсіптік гигиена бойынша санитариялық дәрігер болып келдім. Шахтинск – төрт шахтасы бар өнеркәсіптік аймақ, жұмыс көлемі өте үлкен еді: еңбек жағдайларын, судың сапасын тексеру, жер астына түсу, хронометраж жүргізу… Өндірістерде санитариялық нормалардың сақталуын бақылап, еңбек жағдайларының адамдар үшін барынша қауіпсіз болуына ықпал ету қажет болды.

– Шахталарға түсу туралы толығырақ айтып берсеңіз. Хронометраж жүргізу үшін шахтерлермен бірге жүру қауіпті әрі қорқынышты емес пе?

– Қорқынышты – иә. Әсіресе бірінші рет. Шахта экскурсия емес. Ол – қараңғы, ылғалды, шулы, шаңды әрі техниканың дірілі үнемі сезілетін қатал орта. Тереңдігі 600 метрге дейін жетуі мүмкін. Еңбек хронометражын жүргізу үшін санитариялық дәрігер кеншілермен бірге жүріп, әртүрлі процестерге қанша уақыт кететінін, қандай жағдайда орындалатынын, қандай зиянды факторлар бар екенін бақылап, жазып алуы тиіс.

Олардың қасында жүріп, қалай жұмыс істейтінін, немен дем алатынын, неліктен тез шаршайтынын өз көзіңізбен көресіз. Мұның бәрін тәжірибе жүзінде түсіну қажет – өйткені мұндай жұмысты кабинетте отырып қағаз жүзінде жасауға болмайды. Осындай жағдайда ғана объективті баға беріп, еңбек жағдайларын жақсартуға нақты ұсыныстар айта аласыз.

– Жұмыс өте жауапты екен. Мамандықты ауыстырғыңыз келмеді ме?

– Бұл жолды таңдағаныма өкінген емеспін. Не үшін жұмыс істейтінімді жақсы білдім. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың радиациялық қауіпсіздігі, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру, жобаларды қарау, есептер, тексерулер – мұның артында адамдар мен олардың денсаулығы тұрды. Мен оларға көмектескім келді және қолымнан келгенше соған қол жеткіздім. 2018 жылы Басқарманың бас маманы ретінде барлық күшімді салғаныма сенімді күйде зейнетке шықтым.

– Сіздің ойыңызша, санитариялық дәрігер мамандығында ең бастысы не?

– Санитариялық дәрігер принципшіл әрі адал болғаны жөн. Тұрақты дамуға мән бергені де жақсы. Бұл мамандықта моральдық тұрақтылық пен зейін қажет. Тұжырымдарың объективті әрі әділ болуы тиіс. Сонымен қатар, үнемі үйрену маңызды. Бұл мамандықта білімді жаңартпай ештеңеге қол жеткізе алмайсыз.

– Мұндай қиын салада нағыз әріптес қандай болуы керек?

– Менің әріптестерім өте жақсы адамдар еді. Біз әрқашан бір-бірімізге сенетінбіз. Әсіресе, жер астына түскенде немесе қауіпті нысандармен жұмыс істегенде бұл өте маңызды.

– Мамандыққа енді ғана келген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жауапкершіліктен және қиын жерге барудан қорықпаңыздар. Егер бұл салаға жай ғана емес, жүректің шақыруымен келген болсаңыздар, міндетті түрде жетістікке жетесіздер. Ең бастысы санитариялық дәрігер – қоғам денсаулығын сақтайтын адам екенін ұмытпаңыздар. Бұл жай лауазым емес, бұл – миссия.

– Галина Петровна, 30 жылға жуық еңбегіңізді осы мамандыққа арнадыңыз. Ал қазір зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өміріңіз қалай өтіп жатыр?

– Қазір менің басқа маңызды рөлім бар – мен әжемін. Ұлым мен қызымның әрқайсысының өз отбасылары бар, ал менің немерелерім – қуанышым. Уақытымды көбіне соларға арнаймын, қолдан келгенше көмектесемін. Немерелерімнің өсуін көру – үлкен бақыт.

Сонымен қатар, көкөніс бақшасымен айналысамын. Бұл да бір терапия секілді. Жермен жұмыс істеу, табиғатпен байланыс, бақша – тек көкөніс емес, тыныштық, ойға шому, кейде естеліктерге берілетін уақыт. Қазір өмірім басқа ырғақта жалғасып жатыр.

– Ашық әңгімеңізге рахмет, Галина Петровна!

– Рахмет! Ең бастысы істеп жатқан ісіңізді шын жүректен жақсы көрсеңіз – сонда нәтиже де, құрмет те, ішкі мақтаныш та болады.

Сұхбатты әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button