Сандық технологияның шексіз мүмкіндігі
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова өңірге іссапармен келіп, тұрғындармен кездесу өткізді. Күн тәртібінде Министрлік құзыреті аясында өнеркәсіп және құрылыс бөлігіндегі іс қағаздар айналымын сандық қалыпқа алмастыру мәселесі сараланды.
Жәннат Дүбірова сапарының негізгі мақсаты – министрліктегі қызметі һақында баяндап, жұртшылық сауалына кеңінен жауап қату. Спикер сапарындағы міндеттерінің бірі өнеркәсіптік даму және инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен стратегияларды іске асыруға байланысты жойдалы жобалар кешенін халыққа кеңінен таныстыру. Қазақстанның орнықты дамуға көшуі шеңберінде өндірістік үдерістерге заманауи технологияларды енгізу әрі энергия тиімділігін арттыру түйткілдеріне ерекше назар аударылды. Баршасына мәлім, тұрмысымыздың біршама бөлігі сандық форматқа ауысып, бұрнағыдай халыққа қызмет көрсету орталығы сынды жерлерге сабылып жүру едәуір азайып, кейбір мемлекеттік қызмет атаулысын үйде ғаламтор желісі арқылы тұтына аламыз. Бұл – бүгінгі күннің сұранысы.
Министрлік бастамасымен елде құрылыс жобаларын ақпараттық модельдеу технологиясын қолдану өзекті. Әсіресе, BIM технологияларын әзірлеу бойынша бірнеше жоба әзірленуде. BIM тетіктері (BIM-Building Information Modelling) – ғимараттарды жобалаудың заманауи тәсілі. Яғни, дизайнерлер болашақ құрылымның моделін жасап, оны деректермен толтырады. Конструкциялар, коммуникациялар, кез келген техникалық параметрлер – BIM технологиялары жолымен жоба туралы барлық ақпаратты жинауға, құрылымдауға және алуға септеседі.
Тұрғындармен жүздесу еркін форматта, ашық алаң аясында өрбіді.
– Әсілінде, мен халықпен тоқсан сайынғы кездесуге келгенмін. 21 түрлі мемлекеттік қызметті бір торапта топтастырған ақпараттық платформа қараша айында көпшілік назарына ұсынылады. Бұл жер қойнауын игеруге де қатысты, – деп мәлімдеді Жәннат Балғабайқызы.
Вице-министр өзінің кіріспе сөзінде құрылыс жобаларының өмірлік циклін басқару ісінде арнаулы фокус топ тұрақты негізде жұмыс жасайтындығын хабарлады. Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастрлық платформа нобайы да даяр болып қалды. Аталған ақпараттық алаңда әрбір қаланың бас жоспары мен алдағы атқарылар жоспарлар кешені автоматты негізде іске асырылатындай етіп үйлестірілу үстінде.
– Осы сынды тың бастамаларымыз бір жыл бойы қанатқақты қалыпта өрбиді. Ал, келесі жылы кейбір өзектілігін жойған қағаз құжаттары қолданыстан шыға бастайды да, электронды нұсқаға ойысады. Сонымен, болашақта әрбір құрылыс құжатын қолда ұстап жүрудің қажеттілігі азаяды, – деді спикер.
2017 жылы іске қосылған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ел дамуының негізгі бағыттарының біріне айналған. Бағдарламаның мұраты – цифрлық технологияларды енгізу арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Былтырдан бері аталған бағдарламаның негізгі міндеттері цифрлық инфрақұрылымды құруға, «ақылды» қалаларды дамытуға және әртүрлі секторларда озық шешімдерді енгізуге бағытталған. Электрондық үкіметті (eGov) енгізу азаматтарға мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамын онлайн алуға мүмкіндік берді. Бұл бюрократиялық кедергілерді едәуір қысқартып, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырды. Экономиканы цифрландыру, байланыссыз төлемдер мен мобильді қосымшалар сияқты банктік инновациялар азаматтарға, бизнес өкілдеріне қаржылық операцияларды жеңілдетті.
Қарағанды облысы, бұл орайда цифрлық трансформация жолында қарышты қадамдар жасауда. Жаңа технологияларды енгізу өмір сүру сапасын жақсартуға, экономикалық өсуге және «ақылды» қалаларды құруға орасан мүмкіндіктер ашады. Алдағы жылдары цифрлық инфрақұрылымның одан әрі дамуын, қызметтердің қолжетімділігінің артуын және өңірдің елдің цифрлық көшбасшыларының бірі ретіндегі ұстанымдарының күшеюін күтуге болады.
Өнеркәсіп, құрылыс, бизнес салаларында әлі де оңтайландыруды қажет ететін дүниелер жетіп артылады. Оның үстіне азаматтардың веб-кеңістіктегі қауіпсіздігі де аса өзекті. Ал, қажетті ақпарат кеңістігін сандық қалыпқа алмастыру болашақ инвестор үшін де қолайлы. Ақпарат ашық, мүмкіндігінше қолжетімді бола түспек. Еларалық қарым-қатынаста болсын, қажетсіз кідірістер кеми түседі. Әрі жүктелген міндеттемелерді уақытында қалтқысыз орындауға мүмкіндік жасалады. Нақтыласақ, қосымша 21 мемлекеттік қызмет цифрландырылмақ. Әредік кейбір мемлекеттік қызметтерді онлайн жүйеге көшіріп қана қоймай, қайта жаңғырту амалдары іске асырылу үстінде. Жылдап қоймада жатқан мұрағаттық деректер веб кеңістікке көшіріледі. Әлбетте, мұның бәрі арнаулы ақпараттық алаңдар мен платформалар шеңберінде жүзеге асады.
– Мәселен, осы жылы барлық қалалар өздерінің бас жоспарларын толығымен цифрландырып үлгермеген. Кейбір ең қажетті салаларды сандық қалыпқа ауыстырамыз. Бұл үдерістер әр қызметті қашықтықта отырып-ақ реттеуге болатын деңгейге көтереді. Қазір жаңа құрылыс нысанын салу үшін қолданылатын қағаз құжаттардың кейбірі мәнін жойып келеді. Цифрлық технология бір уақыт аралығында салынар нысанның өзін онлайн режимінде қажетті сәйкестікке тезірек тексеруге соны мүмкіндік береді. Ортақ жұмысымызға жасанды интеллект элементтерін де тиімді қолданып жатамыз. Мысалы, бізде 60-80 жылдардағы маңызды ақпарат, геодезиялық мәліметтерді өзектендіру міндеті тұр. Біз қазір мұның денін сканерлеп, цифрлық айналымға енгізіп, жасанды интеллект арқылы осы деректер қорын топтастырып саралаймыз. Тұрғын үй бағытында да әр қызметті қолжетімді ету күн тәртібінен түспейді. Осылайша, кез келген қызмет мейлінше қолжетімді бола түседі деген сенім бар, – дейді Жәннат Балғабайқызы.
Жиын барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы деректерін жинақтауға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саясатын дұрыс құруға мүмкіндік беретін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай платформасы» жобасының тұжырымдамасы да талқыланды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында цифрландырылған қызметтерді енгізу азаматтарға ауыртпалық түсірмеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр.
Қатысушылар «eLicense» порталын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры, жобалардың кешенді сараптаудың бірыңғай порталы сияқты сайттармен біріктіруге қатысты сұрақтар қойды. Бұдан бөлек, «eQurylys» жүйесінің архитектурасы мен отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі тақырыбы қозғалды, сондай-ақ, бас жоспарға енгізілетін түзетулерді цифрландыру және жер қойнауын пайдалану саласындағы жаңартуларды енгізу туралы айтылды. Қатысушы мердігерлердің растайтын құжаттарын тексеру үшін «eQurylys» жүйесін мемлекеттік сатып алулар порталымен біріктіруге, сондай-ақ, құрылыс саласындағы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік органдармен байланыстыру жүйесінің жалпы архитектурасына қатысты ұсыныстар айтылды. Жәннат Дүбірова қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, айтылған жайттарды бірлесіп шешуде күш біріктіруді ұсынды.
Министрліктің құрылыс саласының ақпараттық жүйелеріне арналған мақсатты IT-архитектураны таныстырып, құрылыс жұмыстарын «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыруға арналған e-Kurylys порталының мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Қатысушылардың белсенді пікірталасы тақырыптың өзектілігін көрсетті. Бірқатар сұрақтар қойылып, министрлікпен интеграция және өзара әрекеттестік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өзінің сөзінің соңында спикер өңірдің IT, құрылыс, бизнес, өндіріс, құрылыс қауымдастығына және барлық қатысушыларға цифрландыруды дамытуға қосқан үлестері мен жемісті талқылаулары үшін алғысын жеткізді.
«Сауал-жауап» сессиясы форматында өрбіген басқосу соңы азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдау шарасына ұласты.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz