Бас тақырып

Сандық технология сапаға қызмет етеді

Кеше Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы театрда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Биылғы кеңес жылдағыдан өзгеше интерактивті жүйелер форматына бағытталды. Білім беру жүйесіндегі нақты перспективалар айтылған жиынды облыстың 18 өңірінен – 10 000-нан астам мұғалімдер және ата-аналар online тамашалады. Аймақ басшысы биылғы кеңесте респуб­лика деңгейінде еліміздің мерейін үстем еткен жобалардың авторлары мен білім саласында оң шешімін тапқан ілкімді істердің басы-қасында жүрген жастардың пікірін тыңдады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Президент тапсырмасы аясында соңғы 5 жылда мұғалімдер жалақысы артты. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту – әлемдік тенденция қатарына енді. Бүгінгі таңда қалада мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы азайып келеді.

Орта білім беру жұмысы сапалы білім алу үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған. Қазіргі таңда облыстағы 54 колледжде жастар білім алып, біліктілік арттыруда. Биылғы оқу жылында мемлекеттік тапсырыстардың 60%-ы техникалық мамандықтарға, оның ішінде, металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік саласына бағытталған, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кеңесте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың ұстаздарға алғыс білдіріп, білім және ғылым саласының дамуына тың серпін қажет екенін баса айтқан бейнеқұттықтауы назарға ұсынылды.

– Ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиынды пайдаланып, 10 000-нан астам мұғалімдер алдында сіздердің ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріңізге алғыс айтқым келеді. Әр адам өзіне білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді.
Биыл Мемлекет басшысы дәстүрлі тамыз конференциясында ұстаздардың мәртебесін көтеру мақсатында білім саласына бірқатар жаңашылдықтар енгізді. Қазіргі таңда «Мұғалімнің мәртебесі туралы» Заң жобасында мұғалімнің сағат жүктемесін қысқарту, беделі мен абыройын қорғау және материалдық жағдайын жақсарту мәселелері қарастырылуда.
Педагог мамандығы – бұл қызмет қана емес, еліміздің болашағын қалыптастыру жолындағы абыройлы міндет. Біз балаларымыздың оқуы мен дамуы үшін ең жақсы жағдайды қамтамасыз етуіміз керек.
2024-2025 оқу жылындағы білім беру жүйесінде бірқатар жаңалықтар енгізіледі. Биыл 536 мың оқушы орнына арналған 302 мектептің құрылысы жүруде. Өткен жылдың қыркүйегінде 250 мың колледж студентінің шәкіртақысы 50%-ға өскен болатын. Ал, биылғы қыркүйекте енді 300 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы тағы 50%-ға артады, – деді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ, облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Шынар Ақпарова еліміздің барлық мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, күрделі жөндеу жұмыстары 280 оқу орнында жалғасатынын атады. Сондай-ақ, робототехника, химия, биология, физика және STEAM-бағыттарға арналған 1 383 пәндік кабинет сатып алу бойынша жұмыстар белсенді жүр­гізіліп жатқанын тілге тиек етті.

– Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының оқулықтармен қамтамасыз етілуі 90%-ды құрайды. Білім басқармаларының басшыларына мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жеделдету және оқулықтарды оқушыларға таратуды 25 тамызға дейін ұйымдастыру ұсынылды. Мақсатымыз – 3,9 миллион оқушыға қауіпсіз және жайлы жағдай жасау. Жаңа оқу жылын табысты бастау үшін жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуді жалғастырамыз, – деп атап өтті Шынар Ақпарова.

Мамандардың айтуынша, бүгінде Оқу­-ағарту министрлігінің қолдауымен 200-ден астам педагог «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұны бойынша оқудан өтті. Биылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы алғаш рет енгізілді. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, «Менің бауырым» волонтерлер қозғалысы құрылып, «ДосболLike» – «Достық қолыңды соз» науқаны бастау алды.

Білім беру мекемелерінде 2,4 миллион студенттің қатысуымен 22 түрлі әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Биылғы оқу жылында бұл бастамалар жаңа форматта жалғасын табады.

Бағдарламалар қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне дайын және өз елінің дамуына елеулі үлес қоса алатын азаматтардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы атап көрсеткен әділ қоғам құруға, жауапты тұлға қалыптастыруға және прогрессивті ұлтты дамытуға арналған.

Тамыз саммитінде сондай-ақ ROQED компаниясының директоры Мағжан Қыс­таубаев мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін жасанды интеллектпен байланыс­ты жаңартылған білім беру мазмұнына тоқталды.

– Жасанды интеллект – әлемнің тал­қы­лауындағы тақырып. ХХ ғасырдағы жаңа ғылым жайлы Мемлекет басшысы Астанада өткен Digital Bridge форумында айтты. «Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы» деді.
Жасанды интеллект жұмыстарды алмастыра алады. Бұл орайда «адамзат баласы жұмыссыз қалады» деген күдіктен аулақ болу керек. Адам баласының бойында жасанды интеллект алмастыра алмайтын қасиеттер бар. Соның бірі – адамның миы әрі сыни ойлай алу мүмкіндігі, – дейді Мағжан Қыстаубаев.

Мағжанның айтуынша, мұғалімінің күнделікті жұмыстарды орындауға көп уақыты кетеді. Осы орайда әлемнің көптеген елдері жасанды интеллект көмегімен аналитикалық және статистикалық мәлімет жинауды автоматтандыруға тырысуда. Ірі онлайн мектептер жасанды интеллектке негізделген бағдарламаларды қолданады. Сәйкесінше бұл оқу процесін оқушы мен мұғалімге тиімді және ыңғайлы етуге көмектеседі.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің операциялар, трансформациялар және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Рашид Белгібаев сөз алып, білім берудегі цифрлық технологияларды талқылады. Жалпы, жиында зияткер жастар робототехника мен жасанды интеллектке негізделген білім берудің әдістері мен тәсілдері жаңа ұрпақты тәрбиелеуге қандай өзгеріс әкелетінін атады.
Жиында мұғалімдер жаңа әдістемелік ұсыныстар әзірлеп, білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын айқындады. Оның ішінде педагог жүктемесін қысқартып, цифрлық жүйеге өту, кәсібіне сай емес қызметтерге тартуға тыйым салу, шектен тыс қағазбастылық пен негізсіз тексерулерді шектеу жайы баса айтылды.

– Шараның мақсаты – цифрландыру және жасанды интеллект технология­ларын енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу. Конференцияда дәстүрлі түрде аймақтық білім беру жүйесінің өткен оқу жылындағы жұмысы қорытындыланып, жаңа оқу жылына арналған облыстың білім беру жүйесі жұмысының стратегиялық бағыттары анықталды, – деді Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Сондай-ақ, тамыз кеңесі аясында өткен цифрлық көрмеде білім және ғылым саласының мамандары облыстың дамуына серпін берген, көпшіліктен қолдау тап­қан жобаларын таныстырды.

Ұстаздар қауымы ашық әңгіме алаң­ында ұсыныстарын және жылы лебіздерін білдірді. Жылдағы дәстүр бойынша білім беру саласының қызметкерлері Ы.Алтынсарин және «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Үздік ұстаздарға оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты тапсырылды.

Айта кетейік, биылғы 1 қыркүйектен еліміздің 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алады. Осыған орай мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданбақ.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button