Бас тақырып

Сананы сергіткен сенбілік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экоакция науқанының «Таза өлке» апталығын қарағандылықтар ойдағыдай түйіндеді. Өткен сенбідегі республикалық сенбілікке барлық ұйым, бірлестік, мекеме ұжымымен, әр көшедегілер көршілерімен бірге шығып, қап-қап қоқыс жинады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау қаласына барып, 7-ші шағын ауданның 12-ші үйінің тұрғындарымен бірге ауланы тазартты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Металургттер қаласындағы белсенділік

Байқасаңыздар, аймақ басшысы су тасқынының қаупі сейілген соң, тазалық жұмыстарына баса назар аударып отыр. Әр аптаның басында аулаларды ескертусіз жаяу аралап, тазалығын тексеріп жүр. Мұндай бағыттағы жұмысты әрмен қарай жалғастыруда.

– Республикалық сенбілік өте­тін күні Теміртауға келдік. Алдағы күндері Саран, Шахтинск, Абайға барамын. Облыстың барлық қалалары мен аудандарына барамыз. Тазалық жұмыстарын қатты қадағалап отырмыз. Өйткені, тазалық – мәдениетіміздің бір өлшемі. Өз өлкемізді таза ұстасақ, азаматтық үлесімізді қосқанымыз. Сенбілікке шығып, ауласын тазалап жатқан үйлердің тұрғындарына алғыс айтқым келеді. Мұндағы алаңның тазалығы ерекше ұнады. Теміртау қаласының әкіміне бұл жерді абаттандыруды тапсырдым, – дейді облыс әкімі.

12-ші үйдің тұрғыны Елена Ардабаева өздерінің демалыс аумағы алдағы күндері абаттандырылады дегенді естіп, ерекше қуанып қалды.

– Біз бұл аймағымызды барын­ша таза ұстаймыз. Өйткені, бала­ларымыз осында ойнап, үлкенде­ріміз серуендейді. Біз тек, бұл ак­ция кезінде ғана емес, қар қалай ериді, солай әр сенбі күні құ­рал-жабдығымызбен аулаға шығып, тазартамыз. Мұндай игі іске көршілерімізбен жұмыла кетеміз. Енді, абаттандырылса, тіпті аялап ұстаймыз. Біз әрқашан сенбілікке қатысамыз. Көршілеріміз өте белсенді, – дейді Елена Ардабаева.

Аймақ басшысы Ермағанбет Қаб­дулаұлы металургтер шаһарының басқа да көшелерін аралап, сенбілікке белсене қатысып жүрген жұртшылыққа ризашылығын біл­дірді. Аулаларды, жолдар мен тротуарларды, саябақтар мен гүл­зарларды тазалау жұмыстары­на оң бағасын берді. «Таза Қазақс­тан» науқаны басталғалы бері қо­қыс полигонына 1557 тонна қоқыс шығарылған.

Қала жұрты жадырап жүріп жап­­пай сенбілікке қатысты деуге бо­лады. Бір-бірімен әңгіме жарас­тыра жүріп, біраз шаруа бітірген мұн­дағы ел-жұрт бұл күннің мереке секілді салтанат құрғанын айтады.

Мәдениеттегілердің мәдениеті

Иә, тазалық – мәдениетіміздің айшығы. Мәдениет саласындағылар да бұл игі іске білектерін сыбана кірісті. Қарағанды қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі қарамағындағы мекемелер де сенбіліктен қалыс қалмады. «Теміржолшылар» мәдениет сарайы, «Жаңа Майқұдық» пен «Молодежный» мәдениет үйінің қызметкерлері таңмен таласа қаланы қоқыстан тазартуға шықты.

Үш іргелі ұжымның қызметкерлері өздеріне бөлінген аумақты қоқыстан тазартып, арнайы қаптарға салып, жинап, бекітілген жүк көліктеріне тиеді. Мәдениет қызметкерлерінің де ұқыпты әрі қоғамдық жұмысқа мығым екендігін көрсетті.

– Біз бір үйдің баласындай сенбілікке уақытылы жиналдық. GrandStore сауда үйінен Ғарышкерлер көшесін бойлап, Штурманское көшесінің қиылысына дейінгі аумақты тазаладық. Әріптестер белсенділік танытты. Қаламыз таза болса, жайнап, құлпырып тұрса, шығармашылықты дамытады. Мәдениеттің де бір атын тазалық деп білеміз, – дейді «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйі директорының орынбасары Амангелді Ахметжанов.

Тазалық сақтау да – тәртіп

Заң саласын оқып жүргендер осы ұстанымда. Және сенбідегі тазалық шаруасынан Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы да шет қалмады. Сенбілікке 200-ге жуық академияның ұстаздары мен курсанттары қатысты.

Олар қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі даңғылдар мен үйлер арасындағы көшелердің қоқыстарын жинады. Небәрі бір сағаттың ішінде жиналған қоқыстың өзі шамамен 50 қапқа жуықтады.

– Қаламыздың таза болғанын біз де қалаймыз. Осы жолда өз үлесімізді қосайық, деп біз де бұл акцияға белсене қатысуды ұйғардық. Ұстаздардан бастап, курсанттарға дейін осы бастаманы қолдады. Былай қарасаңыз, тазалық сақтау да тәртіпке үйретеді. Меніңше, әр азамат аз да болса, өз көмегін, шарапатын маңайына таратып жүруі тиіс. Республикалық сенбіліктің алдағы уақытта ауқымы ұлғайып, ерекше мәнге ие болатынына сенімдіміз, – дейді полиция аға лейтенанты Әсемай Әлжаппарова.

Академия курсанты Самир Қуаныш:

– Төңірегіміздің таза болғаны жақ­сы. Қаламыз көркейіп тұрса, көңіліміз де көтеріңкі жүреді емес пе?! Мұнымызды курсантармен бірге дәстүрге айналдырамыз деген ойдамыз, – дейді.

Мектептер де өнеге көрсетті

Қаладағы көптеген білім ошағы сенбілікке серпін берді. Бірнеше мектеп оқушылары ұстаздарымен бірге ортақ іске жұмылды. Әсіресе, қоғамдық жұмысқа белсене қатысатын №36 жалпы білім беретін мектеп ұстаздары, қызметкерлері мен оқушылары бұл жолғы сенбілікке бір кісідей атсалысты.

– Мектеп ауласын қоқыстан тазартып, санитарлық тазалық шараларын жүргіздік. Нақтырақ айтсақ, мектеп мұғалімдерінен – 30, қызметкерлерінен – 10, оқушыларынан – 25 бала белсенділік танытып, тазалық жұмысына қатысты. Таза ауада жұмыла жүріп, жұмыс істедік, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Қуанбаева.

Әлихан Бөкейхан ауданындағы Әлихан Бөкейхан мектебінің ұстаздары мен оқушылары да сенбілікке шықты. Мектеп директоры Айнұр Жаппарқұлова мектеп оқушыларына өнегені өзіміз көрсетуміз керек дейді.

– Шашылып жатқан қоқыстан түрлі иіс шығып, вирустар ауаға жайылып, адамдарға ауру тарауы мүмкін. Сол себепті, сенбілікке бейжай қарауға болмайды, – дейді директор Айнұр Тұрғанбекқызы.

Барлық өңір белсенділік танытты

Игілікті іске барлық аудан-қаланың тұрғындары белсене қатысты. Акция басталғалы бері Бұқар жырау ауданында күн сайын сенбіліктер өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 210 ұйым мен мекемеден 2100 адам белсене қатысып, 34 арнайы техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде қазірге дейін аудан бойынша 800 тонна қоқыс сыртқа шығарылып, 760 аула мен 110 гектар жер аумағы тазартылып, 9 бейресми қоқыс үйінділері жойылып, 57 ескертпе жасалды. Қарқаралы ауданында да тазалық жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып, аулалар абаттандырылуда. Апта бойы 1500-ден астам тұрғын қатысып, 200 тонна қоқыс шығарылды. Шет ауданы да шет қалмады. Сенбілікке 2425 адам белсене қатысқан. Жиналған қоқысты сыртқа шығару үшін 22 жүк тиегіш техника, 25 жүк көлігі жұмылдырылды. Ақтоғай ауданындағы сенбілікке түрлі 98 ұжымнан 1230 адам қатысқан. 11 жүк тиегіш техникасы 17 жүк көлігіне қоқыс артып, полигонға тасылған. 115 тонна қоқыс шығарылып, заңсыз қоқыс төгілген 4 аумақ тазартылған. 29 аула, 52 гектар аумақ тазартылған. Нұра ауданындағы барлық мекеме, ұйым қызметкерлері, аудан тұрғындары да аумақтарын тазартуға белсене қатысты. 144 ұжым, 1006 адам тазарту жұмыстарына шыққан. Нәтижесінде, 135 тонна қоқыс сыртқа шығарылған. Осакаров ауданында ұйымдастырылған сенбілікке 142 ұжым, 1053 тұрғын шығып, 69 техника жұмылдырылған. Ал Абай ауданында ұйымдастырылған сенбілікке 160 ұйым, 1200-ден аса адам атсалысқан. 112 аула, 80 гектар тазарған.

Осы секілді облысымыздың барлық қалаларында да сенбілік ұйымдастырылды. Әсіресе, аулаларын тазарту жұмыстарына қала тұрғындары белсенді кіріскенін ерекше атап өтуіміз қажет.

Мұны полиция өкілдері тазартылмаған аумақтар үшін толтырып отыр. Егер, жағдай он күн ішінде өзгермесе, 30 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Осы мақсатта полиция өкілдері рейд жүргізуде. Қарағанды қаласы полиция басқармасының басшысы Шахназар Салин күн сайын шамамен 60-70 әкімшілік хаттама толтырылып жатқанын айтады. Тазалыққа немқұрайды қарағандарға жыл басынан бергі есеп бойынша 4 мыңнан астам айыппұл салынған.

Бұл күні республикалық тасжолдар да тазаланды. Жол қыз­меткерлері жол жиектерінде шашылған қоқыс қалдықтарын жинап шықты. Бұлардың барлығы өлкеміздің көркі үшін қолға алынып жатқан қадамдар. Бастысы, ел-жұрт өз еркіменен аулаларын, гүлзарларын, саябақтарын тазартуға шыққаны көпшіліктің көңілін жадыратты. Шынымен, республикалық сенбілік мерекелік сипат алғандай. Қарағанды облысындағы «Таза өлке» апталығы тамаша түйінделді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button