Қарағандылықтар ел болашағы үшін таңдау жасады
Еуразиялық интеграция институты, «ИКСИ «Социс-А» қоғамдық пікірді зерттеу орталығы және Қоғамдық саясат институты Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдум бойынша exit poll нәтижелерін жариялады.

Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдын ала нәтижелері жарияланғаннан кейін мұндай нәтиже азаматтардың жоғары азаматтық белсенділігінің және бүкіл ел бойынша жүргізілген ауқымды түсіндіру жұмыстарының арқасында мүмкін болғанын атап өткім келеді.
Әсіресе, Қарағанды облысында Жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша жұмыс жүргізген Коалиция мүшелерінің еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Әріптестерімізбен бірге ұзақ уақыт бойы өңір тұрғындарымен кездесулер өткізіп, қала-аудандарды аралап, Конституцияның негізгі нормаларын жан-жақты түсіндіріп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Әлеуметтік желіде үлкен науқанды жұмыс өкізілді.
Осындай ашық әрі жүйелі жұмыс азаматтардың алдағы таңдауына саналы көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Осы нәтиже қоғам, сарапшылар және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар арасындағы үлкен ортақ жұмыстың, диалогтың қорытындысы деп бағалауға болады.
Мен Жаңа Конституция үшін дауыс бердім, өйткені алдағы жылдары өмірімізден әйелдерге қатысты зорлық мүлдем жойылса екен деп тілеймін. Біз, ана мен ару өздерін Негізгі Заңның қорғауында екенін сезінетін елде өмір сүруіміз керек.
Мемлекет пен қоғам әрбір, әсіресе, ата-анасы жоқ баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған тірек болуы тиіс.
Мен, әсіресе, жастар арасында, білім мен инновацияға ұмтылу нағыз қоғамдық үрдіске айналатын Қазақстан үшін дауыс бердім. Өйткені, тек білім мен адам әлеуетінің дамуы елдің болашағын өзгертіп, оның қауіпсіздігін нығайта алады деген сенімдемін.
Айжан ҚИЯСОВА,
Қарағанды облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі



