Сана-жаңғыруда, сапа-бақылауда
Халық қалаулыларына жүктелген міндет зор. Аймақ дамуына серпін беретін маңызды жобалар, бастамалар, шешімдер алдымен депутаттардың қолынан өтеді. Көп мәселенің шешілуіне өздері де тікелей атсалысады. Өйткені, жергілікті әкімдікте өткізілген барлық отырыстарға, шұғыл кеңестерге үнемі қатысып отырады. Депутаттар әкімнің тұрғындармен өткізген кездесулерінде әрдайым белсенділік танытып жүрген көптеген депутаттар атқарушы органның кеңестерінің және комиссияларының мүшелері. Бұл өзара ақпараттық айналымның жақсаруына және өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға үлкен септігін тигізіп отырғандығы сөзсіз. Облыстық мәслихат депутаттарының Теміртау қаласына сапары осы тұрғыдағы олжамызды тағы бір салмақтай түсті. Себебі, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстары облыстың әр өңірінде жалғасын тауып жатыр.
Автобустағы әңгіме
Сонымен, түстен кейін облыс депуттары қымбат көліктермен емес, арнайы бөлінген автобусқа жайғасып, Теміртау қаласын бетке алды. Сапарларының мақсаты – абаттандыру жұмыстары атқарылып жатқан өңірдің жұмыс сапасын зерделеу. Соңғы жылдары өңірде бой көтерген бірегей нысандардың құрылысы мен жабдықталуына мақсатты қаржыны бөлуге осы азаматтар ықпал етіп, тиісті кезеңде толықтырып отырғаны анық. Енді жұмыстың нәтижесін көретін кездің реті келді.
Автобус ішіндегі әңгіменің ауаны абаттандырылу жұмыстарына ауған. Атап айтқанда, көгал шөптер, гүлдер, ағаштар мен бұталарды көшеттеуді қамтитын көріктендірудің жасанды құрылған элементтері де тілге тиек болды. Оның ішінде, абаттандыру, декоративтік көгалдандыру және суландыру, қарапайым құрылыстар, шағын сәулет түрлері, сыртқы жарықтандыру, көрнекі ақпарат, жарнама да әңгіменің өзегіне айналған. Қалалар мен елді мекендердің қауіпсіздігін, ыңғайлылығы мен көркем мәнерлілігін қамтамасыз ету бағытталған заңды және жеке тұлғалардың бөлінген және бекітілген аумақтағы қызметін де айтып келеді. Осы қызмет аумақтарды жинастыруды, көріктендіру нысандары мен элементтерін пайдалану, санитарлық ұстау, жөндеу және қорғауды ұйымдастыруды көздеу сынды ойлары бір жерден шығып жатыр. Қалалықтардың салауатты өмір сүруі үшін демалыс орындары жыл санап көбейгендеріне де көңілдері толатын сияқты. Аудан тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында есептік кезеңде жергілікті бюджет қаражаты есебінен ауданда абаттандырылған ірі нысандар – саябақтар және «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасына қатысу мүмкіндігін алған аула аумақтарын жіпке тізген моншақтай жеткізіп келеді. Журналистер қауымы да бұл жұмыстармен жете таныс.
Осы жылы Қарағанды қаласында 50 аула жөнделсе, келер жылы 50 ауланы жөндеу жұмыстары атқарылатындығынан хабарымыз бар. Осылайша, үш жылда барлық 150 ауланы толықтай абаттандыру жолға қойылған. Байқау жарияланып, жеңімпаз «Ақ Мереке» ЖШС және «Астана Базис – А» ЖШС арасында келісім жасалды. Атап айтқанда, жаңа қала секторы бойынша –18, Михайловка секторы бойынша –12, Оңтүстік-Шығыс, Федоровка секторлары бойынша 20 аула аумағы жөндеуден өтуде. Аулаларды абаттандыру жоспарына келесі элементтерді орналастыру белгіленді: асфальт төсеніштерін қалпына келтіру, тас жиектерді, жасанды жер төсеніштерін орнату, көліктерге арналған автотұрақтарды орналастыру, қоқыс жәшіктерін, демалыс орындықтарын, жарықтандыру тіректерін орнату қатаң бақылауға алынған.
Сондай-ақ, 4 саябақты абаттандыру жоспарланған еді. Олардың қатарында «Шапағат» ықшам ауданы, өлкетану мұражайы алаңы, Гапеев көшесі, 5 үй, Карбышев көшесі, 12 үй мекен-жайларындағы иттерді серуендетуге арналған алаңда жоспарлы жұмыстар жүзеге асуда. Осы ретте депутаттардың биылғы жылы атқарған қызметтері турасында әңгіме қозғағандығы автобустағыларға мол ақпарат болды.
Сонымен, халық қалаулылары келелі жиынға салмақ барлық ауқымды мәселені аядай ғана автобуста бір пысықтап алды. Жол да қысқарды. Осындай маңызды әңгіменің аясында Теміртау қаласына қалай жеткенімізді білмей қалдық.
Сәні келіскен саябақ
Ең алдымен Теміртау қаласының мәдениет және демалыс саябағына бардық. Мұнда депутаттарды Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов қарсы алды. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған Мәңгілік елге айналу жолында туған жерді түлету мақсатындағы жұмыс жүйесіне тоқталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру – жүрегі елім деп соққан әрбір азаматтың қасиетті парызы екендігін айта келе, қала әкімі Ғалым Әшімов аталған бағдарлама аясында Теміртаудың мәдениет және демалыс саябағына жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін мақтанышпен жеткізді. Әкім жолбасшы болып, саябақты аралатып, салынған нысан мен сапалы жұмыстың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Қаланың көрікті орындарының біріне айналған мәдениет және демалыс саябағындағы шағын серуенімізде ауқымды жұмыстың атқарылғандығын аңдадық. Саябаққа бас сұққан бойда, қол ұстасқан ғашықтар, жүздері жайнаған ана мен бала, көңілді ортадан қуаныш тапқан ата мен әжелерді көрдік. Саябақтың негізгі қонақтары осылар екен. Депутаттар жұмыс сапары барысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген қайта жөндеу жұмыстарының нәтижелеріне дән риза болды. Бюджеттен тыс қаражат есебінен саябақ аумағында салынған нысандарды аралап көргенде өткен ғасырдың 50-60 жылдардағы сәтке еніп кеткендей күй кешті. Саябақ 1956 жылы салынған. Аумағы да үлкен. 7 гектар жерді алып жатыр. Бұрындары мұнда би алаңы, шағын дәмхана, аттракциондар павильоны мен тыныш демалыс аумағы болған екен. Тоқсаныншы жылдың тоқырауында саябақ та құлдырап, тоз-тозы шыққан. Содан кейін тұрғындар саябаққа аяқ басуды қойған екен. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша саябақ бюджеттен тыс қаражат есебінен қалпына келтірілу жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстарға қаланың белді кәсіпкерлері тартылған.
– Мен 2015 жылы Теміртау қаласына әкім болып келдім. Сол кезде елдің айтқан өтінішінде, көтерген мәселесінде Теміртау қаласының мәдениет және демалыс саябағы жиі айтылып жүрді. Елбасының алғаш еңбек жолы басталған қала ретінде, менің сүйікті шаһарым болған соң бірден жұмысқа кірістім. Халықпен кездесу жүргізгенде бірінші кезекте саябақты қалпына келтіруге белді бекем будым, – деді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов.
Іске кіріскенде туған жерді түлету үшін оны ең бірінші абаттандырған абзал деп шешіпті шаһардың басшысы.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қалада әлі де атқарылар шаруалар жетерлік. Мәдениет және демалыс саябағы мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыратын, тұлғалардың дамуы мен қарымқатынас жасауының орталығы болып табылады. Сондықтан, абаттандыруды жөн көрдік. Бұл жерді қалыпқа келтіру кезінде мұражайлардағы ескі суреттер мұрағаты қаралды. Сонымен қоса, жастар мен зейнеткерлер арасында сауалнамалар жүргізілді. Қаламыздың жанашыр кәсіпкерлері қолдау білдіріп, өздерінің қаржыларын салып, саябақты көркейтуге күш салды. Жөндеу жұмысына бюджеттен ешқандай ақша шыққан жоқ. Барлығы кәсіпкерлердің қаржысы, талмас еңбегінің арқасында реттелді. Жөндеу жұмыстарына 250 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды,– деді Ғалым Әшімов
рысы демалушылардың сұранысы және де ұйымдастырылған шаралар қатары мұнда артқан. Ең бастысы – белсенді түрде қатысушылар – қала тұрғындары. Соңғы кездері, атап айтсақ, қайта құру жылдары қалың жұршылық пен мәдени демалыс арасы алшақтап кеткенін ескерген әкім мәдени шаралардың қатарын көбейтуді жолға қойыпты. Саябақта қазіргі таңда көрермендер түрлі ойын-сауықтық бағдарламаларға қатыса отырып, бірге атсалысқанды ұнатады екен. Сондықтан, саябақ ұйымдастырушылары көрермендерді бағдарламалар кезінде үнемі белсенділік танытып, қатысуын басты бағыты етіп отыр. Бос уақыттарын тиімді өткізіп, шығармашылық қырларын көрсету, жаңа достар тауып, сүйікті саябақта сейіл құруға қалалықтар да асығады екен. Ірі саяси қоғамдық атаулы мәдени шаралар, жаңа жылдық шоу, Наурыз мерекесі, Ұлы Жеңіс күні, Отан қорғаушылар күні, сонымен қатар, би кештері, көптеген қызықты концерттік бағдарламалар осы жерде ұйымдастырылуда.
Осындай шаралардың өтуіне саябақ өте ыңғайлы. Себебі, қазір саябақта сахнасы бар би алаңы, шағын көше дәмханасы, балалар алаңы, күркелер мен шағын архитектуралық мүсіндер бар. Айналасына жаңадан жарық діңгектері орнатылған, тротуарларға кеспе тастар төселіп, жасыл аймақ кеңейтілген. Саябақ аумағы бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінген. Бұрын автокөлік тұрағы болған еді, қазір мұнда скейтодром мен роллердром, стрит-воркаут, теннис, тир алаңы, баскетбол, волейбол және балалар алаңдары жұмыс жасуда. Бұрынан бар фонтандарды қалпына келтіру және жаңасын салу жұмыстарына ерекше назар аударылған.
Облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асып жатқан игі істерді таныстыру барысында қала әкімі депутаттарға Теміртау қаласының балалар мен жасөспірімдер театрын да аралатты.
Талғамы биік театр
Әкімнің айтуынша, ғимарат-сәулет ескерткіші 1956 жылы салынған. Архитекторы – А.Бардашевич. Бұрын бұл ғимарат Металлургтер мәдениет сарайы болған. Ал, 1980 жылдан бастап ғимарат Неміс драма театрына беріліпті. Классикалық қатаң стиль түрінде салынған. Үйдің сыртқы беті терразитті түсті сылақпен мәнерлеп салынған, терезе ойықтары иленген сәнді детальдармен безендірілген. Ішін сәндеуге гипсты бедерлер, сәнді мүсіндер мен сылақ өрнектері қолданылған. Расымен, әсемдігімен, келістілігімен көз тартады. Бір айта кетері, театрдың ғимараты сәулет ескерткіші болып табылады. Сондай-ақ, қаланың ескі бөлігінде орналасқан. Бүгінде алып ғимарат балалар мен жасөспірімдер театрының еншісіне беріліпті. Біз барғанда театр әртістері болмады. Гастрольдік сапармен өзге аймақтарды аралап кетіпті. Шығармашылық тынысы кең театрдың мұндай сапарлары пайдалы екендігін де мұндағы қызмет керлер атап өтті. Театрда декорациялық қойылымдар жиі қойылады екен. Театр өнер жолын бастаған қаланың алғашқы қарлығаштары ретінде бағалы. Мықты тарландар да осында шоғырланған. Театр – жанды кітап екендігіне саяды.
Жүйелі жұмыс, қатаң бақылау
Қала басшысының айтуынша, Теміртауды сәулеттендіру, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліпті. Оған арнайы қаржы қарастырылған. Биылғы жылы құдықтарға қақпақ орнатуға алғашқы кезде 7,6 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұған қосымша 50 құдықтың қақпағын қалпына келтіруге және 40 торкөз орнатуға 3,4 млн. теңге бөлінген. Жарықтандыру жұмысы аясында 808 жарық бағанын орнатуға 146,2 млн. теңге қаржы қарастырылып, «Жарык-Т», «КАЛИС», «Астана Базис-А» мердігер компаниялармен шарт жасалған. Әкімдік алаңындағы су бұрқаққа 6,6 млн. теңге бөлінген. Теміртау қаласының биылғы жылы жолдарды жөнге келтіру үшін және сақтауға 2 млрд. 650,8 млн. теңгеге қаражат бөлінген. 11 жол учаскесіне орташа жөндеу жұмысы барысында 24 шақырым жолды қалыпқа келтіру қамтылған. 1 қыркүйекке дейін 9 учаскенің жөндеуі аяқталған. Шаһарда 33,8 шақырым жерді құрайтын жолдарды қалыпқа келтіру көзделіп отыр. Мәселен, Тольятти, Шоқан Уәлиханов және қаланың орталық және батыс бөліктерінде орналасқан көше жолдары қайта жандануда. Сонымен қатар, Теміртау, Тәуелсіздік гүлзары, Герцен және Димитров көшелеріне де орташа жөндеу жұмыстары бастау алған. 23 орамаралық автожолдарды қалыпқа келтіру жоспарланған. Әсіресе, қала үшін жол проблема болған. Жыл өткен сайын қаланың біраз бөлігіндегі жолдар қайта қалыпқа келтіріле бастапты. Осы үшін тұрғындардың алғыстары шексіз көрінеді. Бұған дейін подъезд алдына жедел жәрдем, такси деген мүлдем кіре алмай кететін қаланың бірқатар жерінде жағдай түзелген.
Депутаттар елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, қалаішілік жолдарды жөндеу бойынша атқарылған жұмыстың сапалы болуына жете көңіл бөлуде. Бұл жөнінде депутат, облыстық мәслихаттың бюджет және қаржы жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Қадиша Оспанова ой өрбітіп, Теміртауға жасаған сапарынан алған әсерімен де бөлісті.
– Мәселелер бойынша талқылау, қабылданған шешімнің орындалуын бақылау депутаттың басты міндеті. Қаладағы жөнделіп жатқан жолдардың қаржысы бюджеттен бөлініп отыр. Бюджет – мемлекеттің ақшасы, салық төлеушілердің табан ақы, маңдай тері. Сондықтан, қазынаның қаржысын мақсатты, орнымен жұмсау керек және ол ақшаға істелген жұмыстың сапасына мән беруіміз қажет. Бүгінгі депутаттар құрамы сол мақсатты көздеп отыр. Бюджет қаржысына жоспарланған жұмыстардың сапасы, лауазымды тұлғалардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы – басты назарда. Барлығымыз – осы өңірдің тұрғындарымыз. Көбіміз осында туып-өстік. Туған жерге жанымыз ашиды. Мен жаңа Теміртаудың мәдениет және демалыс саябағын аралағанда керемет әсер алдым. Бұл жергілікті кәсіпкерлердің туған жеріне деген махаббаты, сүйіспеншілігі екендігі анық. Қаншама жұмыс жүргізілген. Қалада тіршілік жанданған. Оның бір мысалы ретінде саябақтың бүгінгі бет-бейнесін айтуға болады, – деді Қадиша Оспанова.
Депутат «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және осы бағдарлама негізінде іске асырылып жатқан жобаларға үлкен көңіл бөлініп жатқандығына оң баға берді. Абаттандыру, асфальттау бойынша нәтиже бар. Қызу жұмыстар жүріп жатқандығын, сапасы қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Депутаттар абаттандыру жұмыстарын бақылауды бұдан кейін де тоқтатпайды. Алдағы уақытта, мәслихат депутаттары заманға сай инфрақұрылым құру арқылы құрылыс саясатын жүзеге асырудың тетіктерін талқыламақшы. Абаттандыру жұмысы аясында мәселелер кеңінен қаралатындығын айтты.
Тұрғындардың алғысы
Көптен бері тұрғындарды мазалап келген мәселелердің шешімі табылуда. Барлығы да дән риза.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алға қойған мiндеттер Теміртауда орындалуда. Әкіммен кездесуде айтқан ұсыныс-тiлектердің бірі саябақ еді. Саябағымыз адам танымастай өзгерді. Кәдiмгiдей жаңғырып, көрер көзге көркейiп қалды. Осындай ауқымды iстердi атқарып келе жатқан қала басшылығына, жеке кәсіпкерлерге алғыс айтамын. Қазір адамдар көп жүретiн көшелерге жарық бағаналары орнатылып, жаяу жүргiншiлер жолдары қалыпқа келтiрiлуде. Бұл біз сияқты қала тұрғынына қуаныш сыйлайды, – дейді қала тұрғыны Ермек. Сапар соңында халық қалаулылары қала басшысына болашақта атқарар жұмыстарына жемiс тiлеп тарқасты.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»