Жаңалықтар

Санақта сылбырлық бар

Ұлттық санақтың аяқталуына санаулы күндер қалды. 25 қазандағы мәлімет бойынша облыстың 1 058 936 тұрғыны санаққа қатысты. Бұл – облыс халқының 77%-ы. Кеше онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте статистика департаментінің басшысы Жанат САДЫҚОВА осылай деп мәлімдеді.

Санаққа қатысушылар арасында Нұра ауданы көш бастап тұр.

– Нұра ауданы бойынша санаққа қатысу – 93,7%, – деді департамент басшысы Жанат Садықова.

– Одан кейін Приозерск қаласы. Онда көрсеткіш – 90,7%. 89,9%-бен Ұлытау және 88,8%-бен Жаңаарқа аудандары алдыда. Санаққа қатысу жағынан белсенділігі төмен – Қарағанды, Шахтинск, Балқаш және Жезқазған қалалары. Басшының айтуынша, алдын ала жасалған жоспар бойынша бірқатар аудандар санақты 30 қазаннан бұрын аяқтауы тиіс.

– Санақ Нұра ауданында 26 қазанда, Жаңаарқа ауданында 27 қазанда, Приозерск, Қаражал мен Қарқаралы қалаларында 28 қазанда санақ толығымен аяқталады деп күтіледі. Сонымен қатар, Теміртау қаласы, Бұқар жырау, Абай және Шет аудандары да санақты 29 қазанда 100% аяқтауы мүмкін. Белгіленген мерзімде санақты толық аяқтау үшін Қарағанды, Жезқазған, Шахтинск қаласының интервьюерлері екі есе қарқынмен жұмыс істеуі керек, – деді Ж.Садықова.

Отырыста айтылғандай, санаққа қатысудан бас тартқандар саны облыс бойынша – 1855 отбасы. Олардың дені – облыс орталығында, 986 отбасы. Жезқазған қаласында – 478 және Шахтинскіде – 241 отбасы. – Статистика департаменті, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге демалыс күндері де араладық. Базарлар мен ірі кәсіпорындарда онлайн санақ ұйымдастырдық. Барынша күш салып жатырмыз. Бір адамнан санақ алуға 40 минуттай уақыт кетеді және екіншіден, көбісі есік ашпайды, – деді Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен қатар, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Абсаттаров, Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтонов, Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков санақты уақытылы аяқтай алатындарына сендірді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қалалар мен аудандардың әкімдеріне санақты жақсы көрсеткіштермен аяқтауға барынша ықпал етуді және туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, sanaq.gov.kz сайтында онлайн санақ жалғасуда. Сауалнамадан онлайн өтпегендерді интервьюерлер аралап өтеді. Бұл халықты санақпен толық қамту үшін қажет. Сондықтан, тұрғындардың да ат салысуы маңызды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button