1-30 маусым аралығында ауыл шаруашылығы санағын жүргізу мақсатында облыстың жеті қаласын алдын ала аралау жұмыстары басталады. Мамандар санақ өткізу арқылы аграрлық сектордың дамуына болжам жасап, ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат береді. Қарағанды облысында барлығы 94,5 мыңға жуық үй шаруашылығын және 10 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарлануда.

Қарағанды облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Сәуле Комутова өңірде жүргізілетін санақ науқанының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, статистика басқармасы тарапынан атқарылатын жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы санағы аграрлық сектордың құрылымы, ресурстары мен жай-күйі үшін өзекті. Анық деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдайды. Сондай-ақ, азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықаралық міндеттемелерді орындау үшін де қажет.
Айта кеткен жөн, елімізде санаққа дайындық жұмыстары 1,5 жыл бұрын басталып кетті. Оны жүргізу мерзімдері туралы Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шешім қабылдады. Санақ мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалған.
Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылып, осы уақыт ішінде қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жұмылдырылды. Латвия, АҚШ, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания және Грузия сияқты елдердің статистика қызметтері мен Біріккен Ұлттар Ұйымының азықтүлік және ауыл шаруашылық ұйымымен консультациялық жұмыс кездесулері өтті. Өткен жылы пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өтіп, онда ақпараттық жүйелер, әдіснама және дала жұмыстарын жүргізудің ұйымдастырушылық ерекшеліктері сыналды.
– 1-30 маусым аралығында облыстың жеті қаласында ауыл шаруашылығы санағын алдын ала аралау басталады. Интервьюерлер жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және (немесе) ауыл шаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды. Ауыл шаруашылығы санағы шеңберінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғанда, заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер сауалнамаға кіреді. Жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар немесе ауыл шаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтары да ескеріледі. Санақ 1 тамыздан 20 қазанға дейінгі кезеңді қамтиды, – дейді Сәуле Комутова.
Департамент басшысының айтуынша, 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама өтеді. Заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, соның ішінде шаруа немесе фермер қожалықтары, үй шаруашылықтары sanaq.gov.kz. порталындағы санақ парақтарын қашықтан дербес толтыра алады. Бұл әдіс мүмкіндігінше ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сайт қазірдің өзінде іске қосылғандықтан, тілек білдірушілердің онымен танысуға мүмкіндігі бар. Онлайн-сауалнамадан өтушілер ЭЦҚ көмегімен сайтта авторлануы қажет.
Онлайн режимде санақтан өтуге ыңғайлы болу үшін жергілікті әкімдіктердің, қалалық және аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады. Сауалнама парағын толтыру кезінде сұрақтар туындаған жағдайда, респонденттер арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін виртуалды көмекші арқылы егжей-тегжейлі кеңес ала алады. Сондай-ақ, 1446 нөмірі бойынша Ұлттық статистика бюросының байланыс орталығына хабарласуға болады.
– Санақ парақтарындағы мәселелерге келетін болсақ. Шаруа немесе фермер қожалықтарындағы жеке кәсіпкерлер үшін егіс алқаптарына, мал басына, ауыл шаруашылығы техникасына және инфрақұрылымға қолжетімділікке байланысты сұрақтар болады. Сондай-ақ, респонденттерден олардың қызметінің сипаттамалары, еңбек ресурстары және ауыл шаруашылығы қызметінің басқа да аспектілері туралы сұрақтарға жауап беру сұралады. Ал, үй шаруашылықтарына арналған сауалнамаларға жер көлемі, маусымдық немесе көпжылдық дақылдар, мал немесе құс басы, мал ұстайтын үй-жайлар туралы сұрақтар кіреді.
Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялылығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік береді. Деректер салық немесе басқа да мемлекеттік органдарға берілмейді, – дейді Сәуле Комутова.
Санақ жүргізуге жұмыссыз азаматтар, студенттер, арнайы оқытудан өткен барлық ниет білдірушілер қатарынан 170-тен астам адамды тарту жоспарланған. Оқыту Ұлттық статистика бюросының онлайн платформасында өтеді.
Ұлттық статистика бюросы барлық кезең аяқталғаннан кейін биылғы желтоқсанда санақтың алдын ала нәтижелерін жариялайды.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»