Бас тақырыпЖаңалықтар

Санаға сілкініс керек

«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».

(Н.НАЗАРБАЕВ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан)

Үнді елін ағылшындардың боданынан азат еткен әйгілі саясаткер Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген қанатты сөзі бар. Әсілінде, Қазақстанның әлемдегі бай елдердің қатарына қосылуға әлеуеті жетеді. Алайда 70 жыл бойы санамызға сіңіп қалған коммунизм елесі біздің сол байлықты толық игеруімізге кедергі келтіруде. Қалай дейсіз ғой? Қараңыз.

Кеңестік идеология бойынша, барлық кәсіпорын атаулы – мемлекеттің меншігі. Ол заманда жұмыссыздық деген болмайтын. Екі қолға бір күрек қашан да табылды. Былай қарасаң, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған керемет заман тәрізді. Алайда оның да кемшілігі бар. Ел арасында «үкімет өлтірмейді» деген бойкүйездік дерт пайда болып, жалқаулық жайлады. Халықтың санасында билік өздеріне қалағанын беруге міндетті деген ұғым қалыптасты. Одақ тараған тұста кеңестік жүйенің де шаңырағы ортасына түсіп, нарықтық экономикаға өттік. Нарықтың заңы бойынша, біреуден (тіпті, мемлекеттен болсын) бір нәрсе алу үшін оған әуелі ақысын төлеуің керек. Тегін дүние жоқ. Сонда қарапайым халық мемлекетке не бере алады? Көп ештеңенің қажеті жоқ. Бар болғаны табысын жасырмай, салығын уақытылы төлеп отырса болғаны.

Салық демекші, мемлекеттің даму тетігі ең алдымен шағын және орта бизнестің өркендеуінде екенін білетін боларсыз? Жақында шағын кәсіппен айналысатын азаматтың әңгімесін құлақ шалды. Соны мысалға келтіріп өтейік.

Бұл жігіттің кәсібі – маусымдық кәсіп. Яғни, жаз айларында балалардың көңіл көтеруіне жағдай жасап, өз қызметін ұсынады. Айтуынша, айлық табысы 250 мың теңгенің айналасында. Орта есеппен алғанда, бір маусымда 1500000 теңге табады. Көп сома емес. Десек те, әлгі жігіт осы күнге дейін бір тиын да салық төлемепті. Салығын жасырып, ай сайын өтірік есеп береді екен. Оған салықшылар да сене қалады-мыс.

«Әуелі жағдайымды дұрыстап алайын. Содан кейін салық төлеймін ғой. Мен төлемеді екен деп бюджеттің қабы ортайып қалмас», – деп ақтады өзінің бұл әрекетін әлгі кәсіпкер жігіт.

Алайда, ол жалғыз емес қой. Республика көлемінде балаларға қызмет көрсететін, салығын жасыратын кәсіпкерлердің саны жүздеп, тіпті, мыңдап саналады емес пе? Демек, бюджет тек бір ғана саланың өзінен миллиондаған табыстан қағылып отыр. Ал, алпауыт компаниялардың қаншасы салықтан жалтарып жүр? Егер олардың бәрі адал жұмыс істеген болса, қазынаның қабы да ортаймас еді.

Әуелгі әңгімеге оралсақ. Әлгі кәсіпкер жігіт Қазақстанның әлеуметтік дамуына көңілі толмайтынын жеткізді. Айтуынша, мемлекет халыққа оңтайлы жағдай жасай алмай отыр екен. Бұған кім кінәлі сонда? Билік пе, әлде өзі ме?

Жемқорлық дерті де осы тәрізді. Қоғамда, әсіресе, жол полицейлерінің жемқорлығына қатысты әзіл-шыны аралас әңгіме көп. Әйтсе де оларды жемқорлыққа көп жағдайда өзіміз итермелеп жатамыз. Елестетіп көріңізші, көліктің рөлінде келе жатып, кезекті бір шенеуніктің парамен ұсталғанын радиодан естіп, соны сынап келесіз делік. Қызу әңгімеге беріліп кеткеніңіз сонша, жол ережесін қалай бұзғаныңызды аңғармай қалдыңыз. Қас қылғанда, дәл алдыңыздан жол полициясы шығып, сіздің үстіңізден хаттама толтырылатынын мәлімдеді. Не істейсіз? Кінәңізді мойындап, үнсіз келісесіз бе, әлде оңай жолын іздеп, хаттамасыз құтылып кетесіз бе? Көп адам екінші жолын таңдап жатады.

Тағы бір мысал. Балаңызды балабақшаға немесе білім деңгейі жоғары мектепке орналастырғыңыз келді делік. Онда кезекте тұрғандардың қарасы қалың. Мәселеңізді бірден шешіп, балаңызды қабылдай қоюы екіталай. Осы кезде «оңай жолын іздеп көрмеймін» деп айта аласыз ба? Бәлкім, сіз айтарсыз, бірақ, кезекте қасыңызда тұрған адамның ойы мүлде басқа болуы мүмкін.

Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Бір-екі мәрте пара алып дәндеген адам келесі жолы дәметіп отырады. Яғни, жемқорлықтың белең алып, жойылмай отыруына да қоғамның өзі ықпал етіп отырғаны емес пе бұл? Біздің қоғамда парақорлар туралы өте көп айтылады. Жұмысынан қуылып, шетінен қамалып та жатыр. Ал, пара берушілер туралы айтыла бермейді. Таяқтың екі ұшы бар. Пара алушыдан гөрі пара берушінің жазасы ауырлау болуы керек тәрізді. Бәлкім, адамдар сол кезде тартынар ма еді?

Егер, адамдар заңды сақтап, айналасынан да соны талап ететін болса, талай дүние өзгеріп сала берер еді. Әрине, бірден бола қоймас, бірақ қоғамды жайлаған дерттің жазылу уақыты жылдамдай түсері анық.

Қазақстан қоғамы Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» жолына түсті. Бұл – алаңға шығып, жалау желбіретіп, ұран салу емес. Бұл – адамның өз ұлтының тарихы мен мәдениетін білуі және өзінің рухани жан дүниесін жаңғыртуы. Әр адам өзін оң қырынан көрсетіп, ел мүддесі үшін жұмыс істей бастаған кезде ғана біз шынайы дами бастаймыз. Егер қоғамның санасы өзгермесе, оған ешбір билік өзгеріс әкеле алмайды. Бәлкім, адамдардың санасын қатал заң мен темірдей тәртіп арқылы өзгертуге болар. Десек те, оның ғұмыры ұзаққа бармайды. Оның айқын мысалын тарихтан іздеңіз, табылады…

Нұрлыхан Қалқаманұлы,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Back to top button