Басты тақырыпЖезқазғанРухани жаңғыру

Санаға серпіліс сыйлады

     Ашылу рәсіміне облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ қатысып, ақ жол тілеген С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының 45 жылдық мерейтойы аясындағы танымал өнер қайраткері, режиссер Жанат Хаджиев атындағы І аймақтық театрлар фестивалі өз мәресіне жетті. Сахна майталмандарының өнеріне баға беруші қазылар алқасының құрамына аты аңызға айналған тұлға Асанәлі ӘШІМОВ төрағалық етті. 

Бес күн бойы жезқазғандықтар мен қала қонақтары қатысушы сегіз театрдың фестиваль аясында қойған спектакльдерін ақысыз-пұлсыз тегін тамашалады.

Тәмам елді тамсандырған өнер мерекесі талғампаз көрермен мен қазылар назарына Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры актер-режиссер Сламбек Жұмағалидың сахналауында ұсынған «Адасқандар» (авторы – Кеңес Жұмабеков)  пьесасымен түйінделді. Аталмыш туындыда қазіргі заманның қасіретті көрінісі – ислам дінінің басты шарттарын жағымсыз мағынада қабылдап,  теріс жолға түскен, соның әсерімен қисынсыз, қиғаш әрекеттерге бой алдырып, санасы уланған жастар өкілдерінің өкінішке ұрындырар өмірі айшықты әрі нанымды суреттеледі. Арам ақша жолында Отанын сатып, ағайыннан алшақтаған міскіндердің кешігіп барып туындаған ішкі күйзелістері, әрине, көрерменді бейжай қалдырмайды. Өкінішке орай, олардың бәріне атамекенге аман-сау оралу бақыты бұйыра қоймайды…

Сөз орайы келгенде, фестиваль барысында өнер көрсеткен ұжымдардың барлығы байыпты қойылымдарымен ел ықыласына бөленгенін айта кету артықшылық етпейді.

Аймақтық театрлар фестивалінің шымылдығын жабу салтанатында оған қатысушылар мен көрермен қауымды қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова ақжарыла құттықтап, шуақты мереке қалың елге рухани серпіліс сыйлағанын атап өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, СССР және Қаз­ССР Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің иығына бабалар дәстүрімен оқалы шапан жауып, құрмет көрсетті.

– Фестиваль бағдарламасы аса мазмұнды, өте тартымды болды. Қала төрінде кемеңгер Кетбұқаға ескерткіш орнатылуы бұл шараның шоқтығын биіктете түсті. Театрлардың бұл жиыны қасиетті Ұлытау өңірі үшін айтарлықтай маңызға ие. Есімдері осы жердің тарихымен тұтасып кеткен Қаныш Сәтбаев, Сәкен Сейфуллин, Ақселеу Сейдімбек, Жүрсін Ерман және басқа да тұлғалар – Ұлт мақтаныштары. Біз қастерлі өлке мен оның тұрғындарына қашанда бас иеміз, – деді Асанәлі аға өзінің жүрекжарды лебізінде.

Фестивальде озық өнер көрсеткендер 10 аталым бойынша анықталды. «Облыс әкімінің сыйлығы» Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына (Алматы) тапсырылды. «Ең үздік режиссерлік жұмыс» аталымында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Нұрлан Жұманиязовтың қойылымы ат оздырды. «Ең үздік ер адам рөлі» аталымының жүлдесі Ж.Аймауытов атындағы қазақ драма театрының (Павлодар) әртісі Бекболат Оқасов пен С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының (Жезқазған) әртісі әрі көркемдік жетекшісі Теміржан Жанботаевқа лайықты деп табылды.  К.Станиславский атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының әртісі Марина Марычева «Ең үздік әйел рөлі» аталымындағы жүлдені еншілесе, «Ең үздік эпизодтық рөл» аталымында Қарағанды облыстық қазақ драма театрының әртісі Мейірбек Шәкеновтің бағы жанды. «Көрермендер көзайымы» сыйлығы қасиетті қарашаңырақ С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының қанжығасына байланды. Ал, «Үміт» аталымының жүлдесін Арқалық балалар мен жасөспірімдер театры алса,  Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры «Шығармашылық ізденісі үшін» аталымында алға шықты.

Құзырлы қазылар алқасы Ж.Хаджиев атындағы Бас жүлдені С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрына тапсыру жөнінде ұйғарым жасады.

Фестивальге қатысушыларға «Түркі мәдениеті» Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің атынан естелік сыйлықтар табыс етіліп, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаттары берілді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button