Сан сапа бермесе, нөлге айналады
Құзыретті мекемелер «қыстың қамын жаз ойлап», сол жолда барын салуда. Қалада жылу желілері жаппай ауыстырылып жатыр. Қарқыны көз қуантарлық. Қазірдің өзінде Қаныш Сəтбаев көшесінде ұзындығы 300 метр құбыр жөнделуде. Жылу жүйесінің жаңғыртылып жатқанын Əлімхан Ермеков пен Құрылысшылар даңғылынан да байқауға болады.
Бұл аумақтар стратегиялық маңызға ие. Əрі кеңес дəуірінен бері кейбірі жөндеу көрмей тозығы жеткен.
– Ендігіде жылу ысырап болмай, үйдегі тұтынушыға тікелей жеткізіледі. Осылайша жиынтық жылуды үнемдеудің соны технологиясын əсте-əсте енгізу үстіндеміз. Жыл соңына дейін шаһардағы 30 шақырымдай жылу магистралі қайта оңдалмақ. Бұрын құбыр біткен темір қаңылтырмен қапталатын еді, бүгінде фольма-холстпен қапталуда,– деп түсіндіреді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС директоры Андрей Ляпунов.
Фольма кенеп – алюминий фольгасы мен штапельді шыны талшықты біріктіретін заманауи жылу оқшаулағыш материал. Бұл заманауи қаптама өнеркəсіптік мақсаттағы əртүрлі конструкцияларды жылумен жабдықтау кезінде жақсы көрсеткішке ие. Яғни, -200 °C-тан +500 °C-қа дейінгі температураға төтеп бере отырып, тұрғын үй жəне өндірістік ғимараттардың коммуникацияларының жылуын жоғалтпайтын таптырмас дүние. Бағасы да қолжетімді. Сəл ертеректе темір-терсек өткізушілер қаңылтыр қаптаманы ұрлап, жұртты əбігерге салатын. Бұл үрдіс енді тоқтаған сыңайлы.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұйытқы болған баспасөз турына қатысқан облыстық мəслихат депутаттары орайлы кезді қалт жібермей, жаз мезгілінде ыстық судың жоқтығы турасындағы мəселенің шетін шығарды.
– Өздеріңізге əбден белгілі. Бұл мəселе бұрыннан бүгінге дейін ауық-ауық көтеріліп келеді. Жекелеген жобалар да даярланған. Қайсыбірі 200 млн. долларға бағаланды уағында. Бірақ, ол идеялар қағаз бетінде ғана қалып қойды, – деді Андрей Васильевич.
Салдарынан тұрғындардың дені пəтерлеріне арнайы су ысытқыш «титан» мен «бойлер» орнатып алған. Сондықтан, ыстық су ағыны алты ай қыста да қалыпты жағдайда көрінеді. Жылу жүйесі – қаланың қан тамыры. Оны меңгерген жан теңдессіз тəжірибеге еге болмақ. Алайда, компания өкілдерінің деректерінше, бұл салаға жас толқын қызығушылық таныта қоймайды. Техникалық бағыттағы бригадада жұмыс жасайтындар саны кейінгі күндерде күрт кеміген. Себептің сап басында жалақының аздығы тұр. Ол «Осы мəселе қай тарапта болсын қараусыз қалмаса екен» деген үмітін жеткізді.
– Жер астында сумен де, бумен де күн сайын алысу оңай емес. Бригада мүшелері бойынан суық өтіп, «ревматизм» сынды «кəсіби» сырқатқа жиі шалдығып тұрады. Қит етсе, қызметкерлеріміз асфальттағы құдыққа түсіп, амал етуге міндетті. Кейде құбыр жақын болғандықтан ол жердегі температура бағамы + 45градустай болуы мүмкін. Ондай жерге қысқы киім қолайсыз. Елестетіп көріңіз. Сондықтан, сырттағы сақылдаған суықты елемей, барынша жеңіл киіммен жүреді. Қарапайым мысал. Құбырдың бұрандасын жаба қою да оңай шаруа емес. Ыстыққа малшынған маман шылқып терлеп, сыртқа шыққанда оны суық леп күтіп алады… Қысқасы, көзді ашып-жұмғанша жылу жүйесінің жұмысшысы бойынан ауаның 75 градусқа алмасуын бастан кешеді… Осындай азапқа түскен жұмысшыларымыз өңірге жылу сыйлайды. Жұмыс үздіксіз. Тоқтау деген атымен жоқ. Бұған шайлығына татымас айлығын қосып қойыңыз. Бүгінде бізге 160 маман қажет. Сан сапа бермесе, нөлге айналатынын сіздер жақсы білесіздер, – деді спикер.
Есесіне қайсыбір жылыту учаскесі істен шығып қалса, мамандар жер қазып əуре болмайды бұрынғыдай. Жаңа технология жаңа мүмкіндік сыйлайды. Кəсіпорындар жөндеуге қажетті материалдарды негізінен отандық өндірушілерден алады, ал үлкен диаметрлі құбырлар Ресейден келетін көрінеді.
– Байырғыдай жұмысшыларымыз «археологтың» кебін кимейді. Жедел диспетчерлік бақылау жүйесі көп жайтты жеңілдетті. Істен шыққан аумақ бірден белгі беріп, аз уақыт ішінде мəселе оңтайлы шешіледі. Бұған қоса, желілерді желімдейтін мердігер компания кемінде үш жылдық кепілдігін қоса береді, – дейді мамандар.
Жылу маусымына дайындық облыс əкімінің де күнделікті назарында. Ермеков көшесіндегі жылу магистралі жөнделген соң 4600 Гкал жылу үнемделмек деген меже бар. Жоба 1,5 млрд. теңге сомасы шамасында. Нəтижесінде Бобруйская көшесіндегі үйлер мен жеке секторлардағы жаңа үймереттер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмақ. Қысқасы, желтоқсан айына дейін үш жарым шақырымдай құбыр жаңаланбақ.
– Кестеден кешігу жоқ. Қазір жұмыстың жартысына жуығы тəмам. Ендігі үш жылда біз инженерлік желілерге баса мəн бермекпіз. Жоба сараптамадан өтуде. Бұл орайда республикалық, облыстық қазынадан бөлінер қаражатқа көп дүние байланысты, – дейді «Теплотранзит Қарағанды» компаниясының техникалық директоры Сергей Викторов.
Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ауданында құрылыс қарқынды. Жаңа салынған үйлерге бұрын салынған ескі жылу тораптары шыдас бере алар емес. Бұл жылу тапшылығына əкеп соқтыруда. Ресми билік тарабы көлденең келген түйткілді жаңа жылу желісімен шешпек ниетте. Жоба құны – 46 млрд. теңге. Ал, қуаты сағатына – 526 Гкал. Алдағы уақытта бұл жылу таратушы компанияның қарамағына өтпек.
Жылу жүйесі «жылы көзқарасты» қажет ететіндігін халық та, билік те жете түсінгендей. Бастысы, жылумен қамтамасыз ету жүйесі мінсіз болса, еліміздегі отын-энергетика ресурстарының да ахуалы оңалмақ. Бұдан келіп, жылытылатын ғимараттардағы жылу жайлылық шарттарына, адамдардың хал-жағдайына, еңбек өнімділігіне ықпал етеді. Ауадан кейінгі негізгі қажеттілік осы дер едік. Тəнге жылу келсе, өмірге мəн кіретіндей… Аты дардай, еңбегі таудай жылу жүйесі жұмыскерлерінің бір күндік өмірі неге екені беймəлім, бірақ өте бір қадірлі болып көрінді біздің көзге.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz