Жаңалықтар

Сан бар, сапа ше?

Соңғы жылдары Қарағандыда тұрғын үй құрылысының қарқыны қамшы салдырар емес. Статистика жаңа пәтерлер артқанын көрсетеді. Бірақ, мәселе санда емес, сапада. Салынған үйлердің қауіпсіздігі және ұзақ мерзімге төзімділігі қандай деңгейде? «Құрылыс нормалары толық сақтала ма, әлде жылдамдық сапаны ығыстырды ма?» деген сұрақтар күн тәртібінен түспей келеді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Осыған орай, 2026 жылғы 9 қаңтарда Президент Қазақстан Рес­публикасының жаңа Құрылыс кодексіне қол қойды. Кодекс, бұйыртса, шілдеде күшіне енеді. Уақыттың өзі талап еткен бұл кодекс сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласын жүйелі реттеуге бағытталған. Құжат барлық кезеңді – жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейін – бір нормативтік базаға біріктіреді. Кодекстің басты жаңалығы – цифрландыру және «бір терезе» қағидаты. Яғни, барлық құрылыс процестері бір электрондық портал арқылы бақыланады.

Ашық ресурстардағы деректер, бұның тұрғындар мен мемлекеттік органдарға құрылыс сапасын, қауіпсіздігін және заңдылығын бақылауға мүмкіндік беретінін айтады. Олар «Жаңа кодекстің жүзеге асуы сапа мен қауіпсіздік стандарттарын күшейтіп, салынып жатқан үйлердің сейсмикалық төзімділіктерін, материалдың сапасын қатаң тексереді. Жауапкершілік механизмі де күшейген, яғни, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда нысанды тоқтатып немесе айыппұл салу шаралары қолданылады. Бұл құрылысқа деген немқұрайлылықты жойып, халық арасында үлкен сенім туғызады» деген пікірде. Себебі, осы күні халықтың көз алдына құрылыс десе, алдымен ұқыптылық пен сапа емес, салғырттық келеді. Мұндай түсінік кездейсоқ қалыптасқан жоқ. Жылдамдықты сападан жоғары қоюдың нәтижесі осыған әкеп соқтырды.

Бұл туралы облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айдын Смағұлов:

– Тұрғындарды жосықсыз құрылыс салушылардан сақтандыру үшін біз белсенді ақпараттық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Басқарманың ресми сайтында «Өз ТК тексеріңіз» бөлімі әзірленді, оған рұқсат құжаттарының толық пакеті жоқ тұрғын үй кешендері туралы ақпарат орналастырылған, сондай-ақ, сенім телефоны жұмыс істейді, бұл арқылы тұрғындар салынып жатқан тұрғын үй кешендері туралы ақпарат алу үшін жүгіне алады, – деді БАҚ-та жариялаған есебінде.

Құрылыс компаниялары нысанды уақытында тапсыруға экономикалық тұрғыдан мүдделі екені сөзсіз. Десе де, кей жағдайда материал таңдауда, ішкі жүйелерді орнатуда үнемдеуге жол берілетінін тұрғындар үй алғанда бір-ақ сезініп жатады. Мұның салдары уақыт өте келе анықталып, қосымша шығынға ұрындырып, қауіп төндіруі мүмкін. Осылайша, жауапкершіліктің бәріне бірдей біркелкі қолданылмауы ел ішінде сенімсіздіктің белең алуына әсер етіп отырғаны да жиі айтылады.

Тұрғын үйлер құрылысымен бірге сол үйлерге қызмет ететін мектеп, балабақша, емхана, жол, қоғамдық көлік бағыттары көбіне кейінге қалады, не мүлде жеткіліксіздігі сынды қосалқы проблеманың да туындайтынын ешкім жоққа шығара алмайды. Соның салдарынан жаңа шағын аудандар толыққанды өмір сүруге дайын болмай шығады. Яғни, инфрақұрылым құрылыс қарқынына ілесе алмайды. Сондайда тұрғындардың жылдап сарсаңға түсетіні рас.

Баспана құрылысында жасыл аймақтардың азаюы да бұқараны алаңдатады. Кейбір нысандар тығыз, бір-біріне жақын салынғандықтан тұрғындарға арнайы демалыс орны, аула, саябақтар, балаларға арналған ойын алаңы жетіспейді, көліктен аулада аяқ алып жүру мүмкін болмай қалады. Бұл – тек эстетикалық емес, экология­лық және әлеуметтік мәселе. Әрі жергілікті билік тарапынан да назардан тыс қалып отырған жоқ.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды құрылысының жылдық жоспарлары талқыланған кеңесте 10 жылдай бос тұрған Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік шығыс аймағы үлкен бір көшеге айналып жатқанын жеткізді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазіргі таңда ол аймаққа 26 үй салынды. Бұл туралы әкім:

– Жаңа ықшамауданда 4 мектеп, 8 балабақша, 3 аурухана, заманауи сауда орталықтары салынады. Жаңа кодекс күшіне енгенін білеміз, енді біз соған сай жұмыс істеуіміз керек. Қарағандының дамуы кешенді с
ипат алып, біз тек үй салып қана қоймай, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруымыз қажет, – деп пікір білдірген.

Демек, бұл күні құрылыстағы «әттеген-айлар» алдағы уақытта қайталанбайды деген үміт оты тұтанады. Оған шілдеде күшіне енетін Құрылыс кодексі мен жергілікті билік кепіл болмақ.

Осы арада қарапайым ғана формуланы есте сақтау қажет секілді. Әрбір кірпіштің қаланып, ғимаратқа айналуы – тарих. Болашақ ұрпақ осы құрылысқа қарап, сол уақыттың мәдениетімен, тыныс-тіршілігімен таныса алады. Осыны ескеру маңызды. Олай болса, қабырғасы берік, инфрақұрылымы толық, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптас­тыру – тек құрылыс компанияларының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі.

Дана НҰРЖАНОВА

Басқа материалдар

Back to top button