Самокатпен жүру қауіпсіздігі қалай?
Электрлі самокат сатып алуды жоспарлап жүрмін. Онымен жүрудің белгілі бір ережесі бар ма?
Айбат ОРАЗАЛИН.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.
«Жол қозғалысы туралы» Заңға сәйкес мопед – бұл жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын электр қозғалтқышы бар екі немесе үш дөңгелекті көлік. Оған велосипед, скутер және ұқсас сипаттамалары бар басқа да көліктер жатады. Соның ішінде электр самокат мопедтерге теңестірілген. Электр самокатты 16 жастан асқандар жүргізе алады. Алайда, жүргізуші куәлігі талап етілмейді.
Мопедтердің қозғалысына қосымша талаптар белгіленген. Бұл санаттағы жол қозғалысына қатысушылар жол жиегімен қозғала алады. Тек ол үшін өзгелерге кедергі келтірмеуі керек. Егер кедергі келтіретіндей жағдай болса, қозғалыс құралынан түсіп, жаяу жүруі шарт. Мопед пен электр самокат тізгіндеушілер велосипед жолағымен жүруге міндетті. Ол жоқ болған жағдайда негізгі жолдың оң жақ жиегімен, маршруттық көліктерге арналған жолақтармен жүруі тиіс. Самокат жүргізушілеріне жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға тыйым салынған. Сондай-ақ, оларға рульді бір қолмен ұстауға, жолаушыларды тасымалдауға, ұзындығы елу сантиметрден немесе ені габариттік өлшемнен асатын жүктерді алып жүруге болмайды. Жол жүру ережесінің 19-бөлімінің 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес түнде және жолдың жарықтандырылуына қарамастан көріну жеткіліксіз болған жағдайда, тоннельдерде мопедтер артқы және алдыңғы жарықтарын қосуы тиіс.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жаяу жүргіншілер мен басқа да жол пайдаланушыларының (велосипедтер, мопедтер және оларға теңестірілген көлік құралдарының жүргізушілері) жол ережелерін сақтамаса, оларға екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Егер жолаушы жол ережесінен тыс әрекеттері салдарынан өзгелердің денсаулығына қылмыстық сипаты жоқ зардап тигізсе, айыппұл мөлшері екі айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.
Әкімшілік полицияның баспасөз қызметі.