Биыл қарағандылық самбошылар әлем чемпионатына қатысады
Теміртаудағы «Жауыртау» спорт кешенінде самбодан облыстық чемпионат өткен болатын. Оған елдің түпкір-түпкірінен 18 жастан асқан 200 спортшы қатысты. Балуандар 58 келіден +98 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өзара кіл мықтыны анықтаған. Қарағандылық самбошылар жыл басын дәл осы бәсекеден бастап, жеңіске жетті. Әрі ел чемпионатына жолдама да еншіледі.

64 келіде белдескен Жандос Бейсембаев, 58 келідегі Әділет Елемесов, 71 келідегі Бекзат Шорабаев қарсылас шақ келтірмей, облыс чемпионы атанды. Сонымен қатар, 79 келіде Ниетхан Төлеухан, 88 келідегі Марлен Жанғабыл мен +98 келідегі Болат Сапар да өз салмағының үздігі атанды.
– Бұл турнир ақпанның ортасында Қарағандыда өтетін Қазақстан чемпионатына іріктеу еді. Үмітіміз ақталды. Енді ел біріншілігінде облыс намысын қорғайтын спортшылардың қатарында әлем чемпионатының жеңімпазы Ниетхан Төлеухан мен қола жүлдегер Жандос Бейсембаев бар. Одан бөлек, бұған дейін Ұлттық құрама сапында жүрген бірнеше спортшымыз да жолдама еншіледі. Ел біріншілігінде өңір намысын қорғайтын спортшылардың осалы жоқ. Жүлде алып, өңір намысын лайықты қорғайды деп сеніммен айта аламыз, – деді облыстың аға бапкері Дәурен Адамбаев.
Биыл қарағандылық самбошылар Қазақстан құрамасы атынан әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Жарыс қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қарағандылықтар маусым айында Қапшағай су қоймасында өтетін жағажай самбосынан ел чемпионатына да қатысуды көздеп отыр. Одан кейін Бразилия елінде әлем чемпионаты да өтеді. Өңір спортшылары сол чемпионаттың жолдамасы үшін бар күшін салмақ.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



