Спорт

Палуан Болат

Қарағандылық палуан Болат Сапардың болашағынан бапкерлері зор үміт күтеді. Күні кеше Доминика Республикасында өткен жағажай самбосынан ІІІ әлем чемпионатында II орын иемденіп, ел мерейін үстем етті.

 

Әлемдік додалар да бұған дейін топ жарып жүрген Болаттың бұл жолы алтын алқаланатындай-ақ бабы бар еді. Өкінішке орай, бағы шаппады. Бұған Болаттың сағы сына қойған жоқ. Жас балуан келесі кездесуде финалда жіберіп алған қателігіммен жұмыс істеймін деп берік бекініп отыр. Жігерлі жігітке біз де сенім білдіреміз. 

Болат балуан бұған дейін де бәсі биік бәсекелерде тамаша белдесіп жүрді. 2021 жылы Ташкентте самбо күресінен жастар арасында 88 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанған. Осы жылы тағы да Татарстанның Қазан қаласында өткен ТМД елдерінің кіл мықтылары қатысқан бәсекеде күміске қол жеткізген-тін.

Самбомен сегіз жасынан бастап жаттыққан Болат «бала кезімнен дайындап келе жатқан, әрқашан қолдау көрсеткен бапкерім Мадияр Мананбаевқа ризашылығымды жеткізгім келеді. Биіктен көрінуіме еңбегі әбден сіңді», дейді.

Айтпақшы, балуанымыз былтыр «Жылдың үздік спортшысы» атанған. Неге десеңіз, былтыр Болат Сапар үшін өткен жыл жемісті де жеңісті болды. Алматыдағы халықаралық турнирде, Ақтаудағы Азия кубогында, Бішкектегі халықаралық турнирде топ жарған ол алтын алқаланып, елдің туын биікке көтерді.

Болаттың самбодан әлем жұлдызы болатынына әлден сенгіміз келеді. Жаттығу залында табандап жүріп жаттығатынын, талабының таудай екенін, бастысы – жіберіп алған қателіктерінен сабақ алатынын айтады палуанын бес саусақтай меңгеріп алған бапкері. 

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button